Жаңа жылдан бастап еліміздің азаматтарына төленетін төлемдердің бірқатарында өзгерістер бар. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Лиман Боранбаева ұсынған мәліметтерге қарағанда, Қазақстан Республикасының «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіштің мөлшері (әрі қарай – АЕК) – 2525 теңге болған. Ең төменгі зейнетақы – 36108 теңге, күнкөріс деңгейі – 29698 теңге, базалық зейнетақы төлемі – 16037 теңге, ең төменгі жалақы 42500 теңге болып белгіленді. Осыған байланысты, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 7% -ке арттырылады. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты көбейтілді.
Мысалы, зейнеткердің еңбек өтілі 33 жыл және одан жоғары болған жағдайда зейнетақысының мөлшері 2018 жылғы желтоқсан айында базалық зейнетақы төлемімен қосқанда 66378+28284=94662 теңгені құраған болса, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7 пайызға көбейткенде 66378 х 7%=71024 теңге, оған 29698 теңге базалық зейнетақы төлемін қосқанда 71024+29698 барлығы 100722 теңге алатын болады, яғни 6060 теңгеге көбейді.
Егер еңбек өтілі 20 жыл болған жағдайда орташа зейнетақы мен базалық зейнетақы төлемін қосқанда 47659+20930 = 68589 теңге мөлшерінде зейнетақы алушы, Жаңа жылдан бастап 7 процентке арттырылғанда 47659 х 7% = 50995 теңге, оған 21977 теңге базалық зейнетақы төлемімен қоса барлығы 50995+21977=72972 теңгені құрап, 4383 теңгеге ұлғайды.
2018 жылдың желтоқсан айында ең төменгі зейнетақы мөлшері еңбек өтілі 20 жыл болған жағдайда базалық зейнетақы төлемімен қоса 33745+20930=54675 теңге мөлшеріндегі зейнетақы 7 процент есебімен 33745 х 7% =36108 теңге, оған базалық зейнетақы төлемін қосқанда 36108+21977=58085 теңге болады немесе 3410 теңгеге арттырылды.
Биылдан бастап тағайындалатын зейнетақы төлемін есептеу кезінде алынатын табыстың ең жоғары мөлшері 116150 теңгемен шектеледі (2525 теңге АЕК х 46 еселенген). Осы табыстан есептелетін зейнетақының ең жоғары мөлшері базалық зейнетақыны қоспағанда (116150х75%) = 87113 теңгені құрайды , яғни ең жоғары табыстың 75 пайызынан аспауы тиіс.
Мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және тағы да басқа жәрдемақы алушылардың төлемдері 5 пайызға арттырылды.
Мысалы, жалпы ауру салдары бойынша І топ мүгедегінің мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақысының мөлшері 2018 жылы 54306 теңгені құраса, 2019 жылдан 57020 теңге болды, яғни 2714 теңгеге көбейді. 2 топ мүгедегі 43275 теңге жәрдемақы алса, 2019 жылға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақысының мөлшері 2163 теңгеге көбейіп, 45438 теңгені құрады.
Ал, мүгедек баланы және кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-анасына, қамқоршысына берілетін жәрдемақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейі 1,05 еселенген мөлшерінде есептеліп, (29698 х 1,05)=31183 теңге болды.
Асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушыларға отбасының еңбекке жарамсыз, оның асырауында болған 1 мүшесі үшін жәрдемақысының мөлшері 24325-тен 25540-теңгеге арттырылып, яғни 1215 теңгеге көбейді. Одан әрі отбасының еңбекке жарамсыз, оның асырауында болған мүшелерiнiң санына қарай коэффициенттерінің өзгеруіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақысының мөлшері де өзгереді.
№1, №2 тізім бойынша, яғни ерекше ауыр және зиянды жұмыс істеген адамдар үшін мемлекеттік арнайы жәрдемақылар, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балалар жәрдемақыларының мөлшері айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне сәйкес көбейді.
Атап айтқанда, бала туылғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы мөлшері бірінші-үшінші бала туылғанда 2018 жылы 91390 теңге болса, 2019 жылы – 95950 теңге, яғни 4560 теңгеге, ал төрт және одан да көп бала туылғанда 2018 жылы 151515 теңгеден болса, биыл 159075 теңге немесе 7560 теңгеге артты.
Бала бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақының мөлшері туу кезектілігіне байланысты бірінші балаға 14544 теңге болса, екінші балаға 17195 теңгені, үшінші балаға 19821 теңгені, төртінші және одан да көп бала туылғанда 22473 теңгені құрайды.
«СБ» ақпарат.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<