Үлкеннің өнегесі жастарға жігер береді

426

0

  Үлкеннің өнегесі жастарға жігер береді Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ахуалдық орталықта «Қауышу күні» мерекесіне орай  ардагерлермен кездесті. 

Жүздесу ахуалдық орталықтың жұмысымен танысудан басталды. Заманауи басқарудың нақты үлгісі мен шешімі туралы облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Индира Ақжігітова аға буын өкілдеріне жан-жақты баяндап берді. Аталған орталық 2014 жылы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін дамыту мақсатында құрылған болатын. Бүгінде біздің аймақтың тәжірибесі өзге өңірлерге үлгі болып отыр.  Осы сәтте онлайн режимде байланысқа шыққан Жалағаштағы аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратының құрылысын жүргізуші мердігер мекеме өкілі Асқат Жаңабергенов құрылыс жұмысының барысын баяндады. Оның айтуынша, жұмыстың 80 проценті орындалған, нысан ағымдағы жылдың маусымында пайдалуға беріледі деп күтілуде. Осы орайда облыс әкімі орталықтан бір мезетте 200-дей құрылыс нысанының жұмысымен танысуға болатынын, жаңа ақпараттық технологияларды қолдану уақыт талабы екенін, сондықтан өңірде мектеп бітіруші түлектерді техникалық мамандықтармен қатар ІТ технологияларын меңгеруге оқыту үлкен басымдықпен қолға алынғанын айтты. Осылайша, ардагерлер орталықтың зор мүмкіндігін көзбен көрді.

Көктемнің келуін бейнелейтін, Наурыз мейрамы қарсаңында атап өтілетін бұл мереке «Амал» немесе «Көрісу күні» деп те аталады. Бастауын  ғасырлардан алатын Наурыз мейрамын қарсы алу осы күннен басталған. Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан бір-біріне сәлем берген. Бұрынғы өкпе-ренішті кешіріп, араздықты ұмытқан.

Кездесуде облыс әкімі аға буын өкілдерін құттықтап, үлкен мен кіші арасындағы рухани байланыстың құндылықтарын сөз етті.

– Қауышу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақ­­сылық тілейтін, бір-бірімен қауышатын мерекесі ғана емес, сондай-ақ, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін күн. Батыс өңірінде жастар бұл күні үлкен кісілерге сәлем беріп, батасын алуға асығады. Бүгін осындай керемет күні бас қосып отырмыз. Ондағы мақсат – жастарымыз өздеріңіздің ақ баталарыңызды алып, жылды жақсылықпен бастасын деген ниет. Кездесуімізді ахуалды орталықтың жұмысымен танысудан бастауымыздағы  мақсат – жас буынның жұмысын көрсету, бүгінгі заман талабы үдесінен шығу барысында атқарылып жатқан шаруалармен таныстыру. Бүгінде ақпараттық технологияның дамыған, алдыңғы қатарға шыққан уақыты. Цифрлық жүйе, цифрлық басқару дегеніміз, міне, осы. Заман талабына ілесе жүріп, біз өзіміздің ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды, ұлттық мәдениетімізді ұмытпай, қатар алып жүруіміз қажет. Сондықтан да Елбасының бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оны сіздер мен біздер болып іске асыратын боламыз. Сіздердің өмірлік мол тәжірибелеріңіз, ақыл-кеңестеріңіз жастарға қажет. Өздеріңізге мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік, жақын­дарыңызға амандық тілеймін»,–деді облыс әкімі емен-жарқын жүздесуде.

Белгілі  қоғам қайраткерлері Тұрғанбай Маханов, Оразғали Бекпанов, Файзулла Сахиев сынды ел ағалары ұйымдастырылған шараның ұтымдылығын айтып, жылдан жылға жарқын жетістіктерді бағындырып келетін өңірдегі өміршең істерді пайымды пікірлерге арқау етті.

– Соңғы жылдары облысымыз қарқынды да­мып келеді. Республика бойынша біздің аймақ үздік үштікте. Бұл – мақтанатындай көрсеткіш. Осында отырған әр ардагердің өңірдің дамуына сіңірген еңбегі зор. Ата-салтымыз жаңғырып жатқан уақытта көрген-білгенімізді жастарға жеткізу біздің парызымыз деп есептеймін,– деді қоғам қайраткері, облыстың Құрметті азаматы  Тұрғанбай Маханов.

Айнұр БАТТАЛОВА,

 «Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<