Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан «Менің Отаным – Қазақстан» сериясы бойынша Қызылорда облысының аудандары мен Қызылорда қаласы туралы кітаптар шығару қолға алынған болатын. Бүгінгі күнге дейін аталған серия бойынша бірнеше кітап жарық көрді. Оның алғашқысы 2011 жылы Сырдария ауданына арналып шығарылған «Сырдария» кітабы (Б.Кәрібозұлы, А.Әбілов, Н.Мыңжас, С.Тайман, Ғ.Тұяқбаев) болса, оның ізін ала 2013 жылы «Қазалы» (Б.Кәрібозұлы, Ж.Сәдуақасұлы, Н.Мыңжас, С.Тайман), 2015 жылы Қызылорда қаласына арналған «Қызылорда» (Б.Кәрібозұлы, М.Аңсатова, У.Ибраев) және Жаңақорған ауданына арналған «Жаңақорған» (Б.Кәрібозұлы, Х.Тұрсын, С.Тайман), «Нағи Ілиясов және Абзал и К» (Б.Кәрібозұлы, К.Сарышова, Б.Ахметбек) кітаптары дайындалып, көпшілікке ұсынылды.
Соңғы кітап үш тілде: ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде жарық көрді. Нағи Ілиясовтай ауыл Қазақстанда өте сирек. Осындай ауылды еліміздің басқа өңірлерінен келген қонақтарға, шетелден келген қонақтарға таныстыру авторлардың кітапты үш тілде шығаруының себебі еді.
«Менің Отаным – Қазақстан» сериясы бойынша жарияланатын кітаптардың негізгі міндеті – әрбір қазақстандыққа өзі туған өлкесінің тарихын, табиғатын, өсімдіктері мен жануарлар дүниесін, сол өлкенің әр тарихи кезеңдердегі жай-күйін таныстыру және өңірден шыққан көрнекті тарихи және саяси тұлғалардың өмірі мен еңбек жолын үлгі ету.
«Менің Отаным – Қазақстан» сериясымен профессор Б.Кәрібозұлының ғылыми жетекшілігімен шығып келе жатқан бұл кітаптарды орта мектеп бағдарламасына енгізіп, факультатив сабақтарда оқушыларға оқыту бүгінгі күні аудандық оқу бөлімдері мен мектептердің кезек күттірмейтін шаруасы екені түсінікті болса керек.
Президент Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты күні кешегі Жолдауында: «Өз жеріңді танып, біл!» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек» деп айтып өтсе, «Менің Отаным – Қазақстан» сериясымен шығып жатқан кітаптарды бұл мақсатқа да тиімді пайдалануға болады.
Биылғы жылы Қызылорда облысындағы аудандардың құрылғанына 90 жыл толып отыр. Осы мерейлі мереке аясында «Менің Отаным – Қазақстан» сериясымен тағы бір кітап жарыққа шықты. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ғалымдары Б.Кәрібозұлы, Ж.Сыдықова, Ә.Тәжекеевтер дайындаған бұл жолғы кітап Қармақшы ауданына арналды. «Қармақшы» деген атаумен жарық көрген кітап ауданның ежелгі заманнан қазіргі күнге дейінгі тарихын түгендеген, табиғаты мен тіршілік дүниесіне кеңінен тоқталған, Қармақшы топырағының қасиетін арттырған жыраулық өнердің бастауы саналатын Қорқыт ата туралы және аспан мен жерді жалғаған «Байқоңыр» жайлы жан-жақты қамтыған тұңғыш толыққанды еңбек болып отыр.
Кітап мазмұны бес бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Қармақшы жерінің ежелгі тарихы мен табиғи-географиялық ерекшеліктері қамтылса, екінші бөлім Қармақшы топырағының ортағасырлық тарихына, археологиялық және архитектуралық ескерткіштеріне, аудан территориясындағы киелі орындарға арналған. Сонымен қатар, бұл бөлімде қасиетті Қармақшы жерінен шыққан көрнекті тұлғалар, яғни, батырлар, билер, діни ағартушылар мен киелі жыраулық өнерді ұрпаққа мұра еткен күміс көмей жыраулар жайлы мол мағлұмат берілген.
«Кеңестер кеңістігіндегі кезең» деп аталатын үшінші бөлім 70 жылдан астам үстемдік еткен кеңестік жүйенің тұсындағы аса ауқымды тарихи оқиғаларды қамтиды. Тарих үшін аз ғана уақыт болғанымен, осы 70 жылдан сәл ғана асатын уақыт елдің тарихи жадында өшпестей із қалдырған түрлі оқиғаларға толы болды. Жүгі ауыр бұл бөлімде аудан территориясының әкімшілік-саяси құрылымы жайлы мағлұматтар, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Қармақшы ауданынан майданның қара жұмысына алынғандар туралы мәліметтер, 1917 жылғы қос төңкеріс кезіндегі аудан халқының жағдайы, жаңа жүйенің халықтың қалай қарсы алғандығы туралы ақпараттар жинақталған. Сонымен қатар Кеңес өкіметінің солақай саясатының зардаптары: тәркілеу мен күштеп ұжымдастырудың аудан көлеміндегі нәтижелері Қызылорда облыстық архиві мен Қызылорда облысының қоғамдық-саяси тарихының архиві материалдары негізінде ашып көрсетілген.
Осы бөлімде алғашқы құрылған колхоздар тарихымен қатар XX ғасырдың 30-жылдары Қазақстанға күштеп қоныстандырылған корей шаруашылықтары, оларды орналастыру мәселелері туралы нақты ақпараттар берілген. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қармақшы халқының еңбек майданындағы ерен ерліктері және ер азаматтармен бірдей ел игілігіне қызмет еткен қыз-келіншектер мен әйел-аналар туралы, Жосалы механикалық зауытының соғыс жылдарындағы рөлі мен маңызы жайлы, майданнан аман-есен елге оралып, еңбек даласының батырларына айналған майдангер азаматтар туралы деректер де осы бөлімнің үлесінде.
1950-1980 жылдар аралығындағы аудан халқының тұрмыс-тіршілігі, саяси-әлеуметтік дамуы, жаңадан құрылған совхоздар, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының қарқынды көрсеткіштері, білім беру мен денсаулық сақтау саласының хал-жағдайы, үлгілі шопандар мен егінжай ерлері, үздік ұстаздар мен дәрігерлер және мәдениет саласының қызметкерлері жайлы да жан-жақты баяндалған.
Тәуелсіздік жылдарына арналған төртінші бөлімде Қармақшы ауданының жаңа саяси белестегі алған асулары, ауыл шаруашылығын дамытуда қол жеткізген жетістіктері, экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштері көрсетілген. 90-жылдардың басындағы дағдарысты еңсерудегі шаруашылықтар мен аудан басшыларының қарымды қызметтері мен аудандағы әр саланың: білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, жастар саясаты, мәдениет және спорт саласы, халыққа қызмет көрсету, жұмыспен қамту сынды т.б. салалардағы мәселелердің жүйелі түрде жолға қойылып, оңтайлы шешілуі туралы айтылған. Ел тәуелсіздігінің айшықты көріністері болып табылатын әрбір ауылдардағы, аудан орталығындағы халық игілігіне ұсынылған түрлі әлеуметтік нысандар жайлы ақпараттар мен фотосуреттер ұсынылған.
Қармақшы ауданының территориясында әлемге әйгілі екі нысанның орналасқандығы белгілі. Оның бірі – тұтас түркі әлеміне ортақ Қорқыт атаға арналып салынған кешен болса, екіншісі – адамзат баласын ғарышқа аттандырып, аспан мен жер арасын жалғаған «Байқоңыр» ғарыш айлағы. Қорқыт ата жатқан жер түркі жұртының рухани дүниесінің орталығы болса, қазіргі технология дамуының озық жетістіктерін көрсететін «Байқоңыр» ғарыш кешені – ауданның ғана емес, Қазақстанның дамуында ерекше маңызға ие тұғырлы нысандар. Кітаптың «Қасиетті қос тұғыр» деп аталатын бесінші бөлімі Қорқыт атаға және Байқоңырға арналған. Бұл бөлімнен әрбір оқырман Қорқыт ата мен оның мұралары туралы, қорқыттану мен Қорқыт ата ескерткіштер кешені жайлы, Байқоңыр ғарыш айлағының тарихы мен қазіргі дамуы туралы толыққанды мағлұмат ала алады.
Қармақшы топырағынан шыққан Ұлы Отан соғысының батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, ауданның атын әлемге, қала берді елімізге паш еткен әдебиет пен білім, медицина салаларынан шыққан қармақшылық тұлғалар «Қармақшы қаһармандары» деп аталатын арнайы айдарға топтастырылған.
Кітапта деректермен нақтыланған мәтіндер архивтерден, баспасөзден және жеке қорлардан алынған және арнайы түсірілген фотосуреттермен толықтырылған.
Көпшілікке ұсынылған «Қармақшы» кітабы осы ауданның тарихына, әлеуметтік-экономикалық дамуына, рухани дүниесіне қызығушылық танытқан әрбір оқырманға нақты және мол мағлұмат беретін жинақ екендігі сөзсіз. Бұл еңбек – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға арналған нақты іс-әрекеттің көрінісі. Кітапты дайындаған авторлар мен оның жарық көруіне қолдау көрсеткен Қармақшы ауданы басшылығының еңбектері ақталып, аталған еңбек көпшілік көңілінен шығады деген сенімдеміз.
Профессор Б.Кәрібозұлы бастаған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары алдағы уақытта Арал және Жалағаш аудандарына арналған осындай мазмұнды кітаптарды дайындауды, сонымен қатар, «Менің Отаным – Қазақстан» сериясы аясында жарық көрген кітаптар негізінде облыстың даму тарихына арналған кітаптар әзірлеуді жоспарлап отыр.
Сәтбай ДАСТАН,
тарих ғылымдарының
докторы, доцент.
тарих ғылымдарының
докторы, доцент.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<