Өлім өмірдің соңы емес

605

0

Қазақстанның Халық Жазушысы Қалтай (Қалиолла) Мұхамеджановтың қызы Жәмила да әкесі тәмамдаған Мәскеудің А.В.Луначарский атындағы театр-өнер институтын бітірген. Көп жылдар Америкада, Балтық жағалауы елдерінде қызмет жасаған. Қазір Астанада тұрады. Қалтай ағаның Алматыда атап өтілген 80 жылдығына орай орыс  тілінде жазған төмендегі естелігін ықшамдап, қазақ тіліне аударып жерлестерінің назарына ұсынып отырмыз. Биыл 90 жылдығын тойлағалы отырған қазақтың Қалтайының тойы, құрдасы әрі досы адамзаттың Айтматовының тойымен қатар келмек. Қалтай ағаның туған жері – Сыр елінде оның 90 жылдығына орай танымдық, тәрбиелік, мәдени іс-шаралар басталып та кетті.

        Қазбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

Қалтай Мұхамеджанов кітапханасының ғылыми қызметкері, ҚМУпрофессоры.

Менің әкем ертегілерді жанындай сүйетін. Ондағы адам ойын неше түрлі қиялдарға жетелейтін сәттердің түбі шындыққа әкелетініне сенетін. Адамзат баласы әлі толық игеріп болмаған, бүкіл Шығыстың философиялық, саяси, діни аспектілерін топтастырған, түйіндеген «Мың бір түнді» ана тіліне аударуы жайдан-жай емес. Мәскеудегі Шығыстану институтында әлемдік әдебиет ескерткіші «Мың бір түнді» оның түпнұсқасынан бір адам толық аударып шықты дегенде: – Ондай адамға сіздер ескерткіш қоюларыңыз керек. Бізде бұндай еңбекті бірнеше ғылыми бөлімдер жүзеге асырады – деп таңқалыпты. Қалтай Мұхамеджанов «Мың бір түнді» аударуға 15 жыл өмірін сарп етті. Әкемнің қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, ұлттық драматургияға қосқан басқа қомақты үлестерін айтпағанның өзінде, ұлт мәдениетінің тарихында оның есімін мәңгі қалдырады деп ойлаймын. Бұл әлемдік әдебиет пен мәдениеттің ұлы ескерткішінің көркемдік және философиялық нәрін, ойнақы тіл мәденеиетін өзгертпей өз қалпында тәржімелеуі.

Әкем табиғат берген қара­пайым­дылығы арқасында жұрттың бәрімен тіл табысатын. Қайтыс болғаннан кейінгі жылы режиссер Александр Головинскиймен ол туралы фильм түсірмекші болдық. Пікір білдіретіндер, естелік айтатындар саны адам айтқысыз көп болды. Ұлы тұлғалар: Давид Кугультинов, Қайсын Кулиев, Шыңғыс Айтматов, Расул Гамзатовтармен қатар қаншама қарапайым халықтың ынтасы болды десеңізші! Әкем жайлы, оның адами қасиеттерін, жылы күлкісін, мейірімді жүзін, сағынышпен – жерлестері, туған ауылынан – жұмыс­шылар, Теміртаудан – қойшы­лар, Сарыарқадан дәрі­гер­лер мен мұғалімдер, такси жүргізушілері, базардағы сау­дагерлер, қойшы, бүкіл ха­лық сарғайған сағыныштарын жеткізуге тырысты.

Үй шаруасынан қолы бос болмайтын анам әкеммен Көк базарға (қазіргі Алматының орталық базары) бірге барудан қашқалақтайтын. Бара қалған жағдайда қажетті заттарын тездетіп алып, түскі ас әзірлеуге үйге асығатын. Әкеммен бірге сағаттарға созылатын базар  аралауға мен рахаттанатынмын. Себебі қарапайым сатып алу мен сау­­­даласуды көрермендер рахат­тана қол соғатын спектакльге ай­­нал­дырып жіберетін. Әкемді көк базардағы саудагерлер түгел білетін.

Репрессияға ұшыраған молда­ның баласы болғандығы оның мінезіне өшпестей із қалдырғандай. Оның замандастарының біразы өзінің және жақындарының өмірі үшін үнемі алаңдаумен жүретін. Ол өмір бойы көлеңкесіндей ізінен қалмайтын үреймен күресіп өтті-ау. Талай рет жоғары трибунада тұрып сөйлеу мүмкіндігі болғанмен, сабасынан асып сөйлемейтін, жоғары лауазымнан түсіп қалғандар жайлы, мейлі ол билікке керексіз адам болсын кейбіреулер сияқты өсектемейтін.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев­ пен әкемнің арасында сый­ластығы ерекше болатын. Қонаев респуб­ликаны басқарған жылдары жоғары билік әкемді еркелеткен жоқ. Оның дәл, өткір мысқылдары талайларға ұнамаған болуы керек. Әкемнің шығармалары КСРО-ның ғана емес, әлемнің сахнала­рын шарлап кеткенмен, орыс және шетел классиктерінің шығар­ма­ларын қазақшаға аударуы, сах­на­ға дайындауы (инсценировка) жо­ғары бағаланғанмен, Қалтай Мұхамед­жановты мемлекеттік марапаттау сирек болды. Респуб­лика театрларында қойылған пьеса­лары үнемі марапатталып тұрды. Бірақ ол режиссерларға, актер­ларға, суретшілер мен сазгерлерге беріліп, автор олардан мақұрым қалып отырды. Әкем оған ренжімеді деп айта  алмаймын, еңбегін бағалағанды кім жек көреді. Бірақ ренішін күлкісімен жеңіп, сыртқа шығармауға  тырысатын. Бұған әкемді көре алмайтындар  көп  «еңбек еткен» сыңайлы. Мемлекеттік наградалардан «Халықтар достығы» ордені мен әртүрлі республикалық деңгейдегі мерекелік күндерде берілетін медальдары бар. Қазір республиканың қалыптасуы мен дамуындағы Қонаевтың қосқан үлесі айтылып жатыр. Сол жарыса мақтағандардың ішінде кезін­де оны даттағандар да бар. Қазақстан Компартиясының Қонаев­ты бірінші хатшылықтан түсі­ретін съезде көптеген белгілі қай­раткерлер бұрынғы жіберген кемшіліктердің бәрін Қонаевқа жаба сөйлеп, оны кінәлады. Ленин сарайынан шығып құлазыған көңіл­мен үйіне беттей бергенде, менің әкем онымен қолтықтаса жүріп, бүгінгі жиынға еш қатысы жоқ әңгімелер айтады. Мәселе оның әңгімесінде емес, бірнеше он­даған жыл Қазақстанды бас­қа­рып, оның гүлденуіне сансыз үле­­сін қосқан адамның көңілін ау­лауда ғой. Пенде болған соң бір Алладан басқаның бәрі қателеседі ғой. Бірақ сол кездегі КСРО деп аталатын мемлекетке кіретін республикалардың хатшыларының ішінде Қонаевтың ұлы тұлғасы ерек­шеленіп  тұратын. Ортасынан оқ­шауланған, биліктен кеткен адамға әкемнің соншама құрмет жасағанын ерсі көргендерге:

– Шығыста – өлі Арыстанға қа­рап түкіру үшін, көп ерліктің керегі жоқ», –  деп жауап беретін. Ал мен оған қосар едім: – Биліктен кеткен адамға ешқандай айқай шусыз, көптің  көзінше көмектесу, қолдау үшін ерліктің көкесі керек деп.

Өзі ашқан «Түркістан» газетінің бас редакторы ре­тінде қызмет бабында Алматы қаласының әкімдерімен тығыз байланыста болды. Бірде Нұрқаділовтің орнына келген Шалбай Құлмаханов папама: «Қалеке, Сіз Нұрқаділов жөнінде жақсы пікірдесіз. Ол қалаға үлкен зиян келтірді, тәртіп бұзды» – дегенде  папам күліп: «Шалбай, мен мэр Нұрқаділовтің қаншалықты тәртіп бұзғанын білмеймін, адамдардың қызметімен емес, өздерімен доста­самын. Ертең сені орныңнан алғанда мен сенімен амандаспайды деп ойлайсың ба? – деді. Бірнеше жылдан кейін, Құлмахановты орнынан алғанда да папам онымен сыйластығын тоқтатқан жоқ, сол кезде Шалбай папамның бұрынғы айтқан сөзін есіне алған да болар. Папама Алланың берген ерекше қасиеттерінің бірі – достаса білуі дер едім. Ол ойлы, ашық, таланттыларды жақсы көретін. Талант дегенде тек өнер мен ғылымды ғана емес, адами жылылығы мол, шуағын төгіп тұратындарды ерекше сыйлайтын. Жасына, әлеу­меттік жағдайына қарамайтын. Адам­дардың бәрін бірдей көретін. Өзі­нің академиялық білімімен мақ­­танған емес. Егер ол біреуді жек көрсе, оның жа­сына, қызметіне қарамай, онымен аяусыз аяғына дейін, әсіресе тарихымызға, дінімізге, ділімізге, мәде­ниетімізге ешқандай пайда келтір­мейтіндермен бел шешіп күресетін.

Әкемнің дәл тауып айтатын, өткір сөздері халық арасына кеңінен тарап кетті. Ол жайлы ұзақ айта бергім келеді. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театрда ешқандай жасандылықсыз керемет жиын болды. Мемлекеттік  ұйымдардан, мекемелерден келген құттықтаулардан кейін сахнаға жазушылар, ақындар, актерлар, сыншылар толассыз  көтеріліп жатты. Әрқайсысы Қалтай Мұхмамеджановпен кездесулерінің қызықты тарихтарын тамсана айтуда. Зал күлкіден жарылып кетердей, қабырғасы шайқалғандай болғанмен, әкемді жақтағандай сағыныш зарымен күрсінгендей басылды. Шыңғыс Айтматовпен жазған әлемді шарлап кеткен «Көктөбедегі кездесу» пьесасынан кейін фуршет болды. Жұрт онда менің әкеммен өткен кездесулерін жарыса айтып, сол бір бақытты сәттерді еске алды. Менің әкемнен көрген жақсылықтарын, кейбір қиын кездерде қол ұшын  бергенін де айтушылар аз болған жоқ.

Ешкімнің тарағысы жоқ, әкем­нің қайырымдылық қасие­тін айта беруден ешкім жалықпайтындай. Әкем ол дүниеде жатса да, адамдардың өзіне деген шынайы сезімдерін ұйымдастырғандай көрінді маған. Әкемнің шын мәнінде Халық Жазушысы деген құрметті атаққа лайық екенін сезіндім. Папамның досы Герольд Бельгердің «Өлім өмірдің соңы емес» деген сөзінің негізінде шындық жатқанына көзім жеткендей.

               Жәмила МҰХАМЕДЖАНОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<