Ұлт мұраты… Осы бір ауыз сөзде қаншама терең мағына жатыр десеңізші?! Сағат сайын емес, сәт сайын құбылып, өзгеріп жатқан уақыт белесінде ұлтымызды ұйыстырып, елдігімізді бүтіндейтін, өз мүддесінен ұлт мұратын жоғары қоя білетін тау тұлғалы ұлт жанашырлары қай заманда да болған. Саналы ғұмырын елді оқу-ағарту, ғылым-білімін дәйектеу, ұлтымыздың өзіндік болмысын танытуға арнаған сондай тұлғалардың бірі бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған, қазақ ұлттық фонетикасының негізін қалаушы және қазақ әліпбиі жаңа жобасының авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек.
Жаны жайсаң, көңілі жаз, бала мінезді ағамыз мерейлі сексен жасқа елді марқайтар жетістіктерімен жетіп отыр. Қабырғалы қазақ жұртының ұлы ағартушы-ғалымы, тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлы көшті жалғастырушы, қазақ ұлттық фонетикасы және қазақ просодологиясы ғылымының негізін қалаушы ғалым Ә.Жүнісбек өзіндік ғылыми-зерттеу мектебін қалыптастырды. Атап айтқанда, ғалымның қазақ тілінің дыбыстық құрамы мен жүйесі, оны оқыту әдістемесіне арналған ғылыми монографиялары, оқулықтары мен оқу құралдары, жазба мұрағаттардың фонетикалық талданымы, сөздіктер мен әдістемелік нұсқаулықтары жарық көрді. Қазіргі қазақ тіл білімі ғылымының даму үрдісінің теориялық-әдіснамалық және оқу-практикалық талаптарына сай құрастырылған «Қазақ грамматикасы» басылымының «Фонетика. Фонология» бөлімдерін ғылыми-теориялық тұрғыдан негіздеді.
Профессор, ф.ғ.д. Ә.Жүнісбектің еңбектерінде әлем тілдері қауымдастығындағы қазақ тілінің өзіндік орны мен маңызын бағамдау мақсатында әлем тілдерінің туыстық жіктелім белгілеріне ғылыми-теориялық тұрғыдан талдау жасалды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің өзіндік заңдылықтарының басы ашылып, соған лайық ғылыми-теориялық және оқу-практикалық аппарат қалыптасты. Сөйтіп қазақ тілтанымына негіз болып келген үстем тілдер теориясынан арылу арқылы тілдің ақиқат дыбыстық құрамы мен жүйесін төл теория тұрғысынан анықтаудың мүмкіндігі туды. Автор ұсынған бағыттағы ең басты мақсат жалпы түркі тілтанымындағы сөздік екпін теориясынан арылу идеясы болды. Өйткені, сөздік екпін теориясының үстемдігі түркі (қазақ) сөзінің үндесім табиғатын жоққа шығаруға әкеп соқтырды. Зерттеу еңбектерінде қазақ (түркі) фонетикасындағы жалпы фонетикалық құбылыстар дұрыс сипатталғанымен, ғылыми аппарат пен зерттеу әдісі нақтыланбағандықтан, түркі тілдеріне тән бірегей белгілер зерттеушілер назарына ілінбей келді. Төркіні бөлек теориялық пайымдаулардың нәтижесі туыстығы бөлек тілдердің ішкі заңдылықтарымен үйлесім таппады. Алынған нәтижелер төл құбылыстарды жаңсақ, біржақты түсіндіріп келді.
Қазақ қоғамының саяси және тарихи даму үдерістерінің талаптарына сәйкес зерттеу жұмыстарының теориялық және практикалық ұстанымдары өзгеріп отырды. Бірнеше тарихи дәуірлерді басынан өткерген қазақ фонетикасы ғылымына да миссионерлік саясаттың салқыны тимей қоймады. Ғылыми-зерттеу әдісі ретінде европалық тілдер фонетикасының теориясы жаппай тарап, зерттеушілер батыс тілтанымын басшылыққа алды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің зерттеу әдісі ретінде «европа-өзімшіл» (европоцентризм) талданым әдісі кеңінен қолданылды. Зерттеушілер қазақ тілінің дыбыс құрамын үнді-европа тілдерінің фонема жүйесіне салып, қазақ фонетикасына фонема ұғымын ендіріп, атауын орнықтырды.
Кірме әріптердің жазылымын реттейтін отыздан аса жаңа ереже орынсыз қосылды. Екпін-фонемалық фонетика (акцентно-фонемная фонетика) зерттелім жүйесіне сәйкес қазақ тілінің дыбыс жүйесін түгелдей фонема мен сөздік екпінге телігендіктен, қазақ тілінің морфема, буын және тасымал желісіне, ең бастысы, қазақ сөзінің айтылым әуезіне нұқсан келтірді.
Қазақ фонетикасының түрлі бағыттары бойынша профессор Ә.Жүнісбектің мектебі қалыптасып, ғалымның шәкірттері қазақ тілі дыбыстарының үндесім және үйлесім фонетикасы, тарихи фонетика, салыстырма фонетика, әуен (интонация) фонетика, қолданба фонетика салалары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қазақ тілінің іргелі заңдылығы – үндесім (сингармонизм) құбылысы зерттеу амалының негізіне айналды. Соның нәтижесінде қазақ тіліндегі екпін мен фонемаға деген көзқарас өзгерді, үндесімнің жуан/жіңішке әуезі мен еріндік/езулік әуезі фонологиялық мәртебесі тең бірліктер ретінде қарастырылды. Қазақ тілі дыбыстарының әліпби құрамының сыртында олардың үндесім және үйлесім белгілерінің құрамы анықталды. Жасалым (артикуляциялық) фонетикаға зерттелімнің негізі ретінде көңіл бөлініп, қазақ тілі дыбыстарының артикуляциялық базасының моделі ұсынылды. Қазақ тіліндегі кірме әріптердің дыбыс құрамының басы ашылып, айтылымы (орфоэпиясы) тиянақталды. Қазақ фонологиясы үндесім құбылысы екендігі дәлелденіп, фонологиялық талдау жұмыстары үндесім (сингармонизм) заңына лайық жүргізілді. Қазақ фонологиясының ақиқат табиғаты зерделеніп, қазақ тілі дыбыстары үндесім заңы тұрғысынан өз алдына дербес талданды. Осындай кешенді талдаулар нәтижесінде қазақ тілінің дыбыс құрамы мен жүйесі жайлы жан-жақты және толық ғылыми түсінік пен ғылыми аппарат қалыптасты.
Бүгінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен латын қарпіне көшудің бірнеше қажеттіліктері айқындалып, маңызды реформаның алғышарттары жасалуда. Дегенмен, «болашақ ел тағдырымен, тарихымен өзектесіп жатқан міндетті жүзеге асыруда кемшілік пен қателікке ұрынбаудың жолы қандай?» деген сауал әрқайсысымызға ой салады. Латын қарпіне көшуді негізгі үш бағытта – мемлекеттік, ұлттық және мәдени саясаттың деңгейінде жүргізу қажет. Бұл үш бағыт латын әліпбиіне көшудің негізі бола отырып, оның мәселелерін кеңінен қамтуға мүмкіндік береді.
Латын қарпіне көшудің ғылыми-әдістемелік негізін ұсынушы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының алғашқы сапында профессор Ә.Жүнісбектің орны ерекше деп есептейміз. Өз ұлтымыз бен латын қарпіне көшкен көрші елдердің тәжірибесін мұқият зерттеу және зерделеу арқылы ғана сауатты әрі тиімді жазу жүйесіне көше алмақпыз. Профессор Ә.Жүнісбек – осындай қыруар зерттеулер нәтижесінде қолданыстағы әліпбиге қатысты кейбір олқылықтарға назар аудара келіп, үндесім құбылысына негізделген қазақ тілінің ұлттық әліпбиін ұсынған авторлардың бірегейі.
Ғалымның пікірінше, жазу реформасының (тек әліпби ауыстыру емес) мерзімі алдын ала дайындыққа байланысты болады: мақсаты мен мазмұны айқын болу керек. Мақсаты – қазақ әліпбиін ұлттық үлгіге түсіру, мазмұны – қазақ сөзінің айтылым-жазылым үйлесімін орнықтыру.
Ұлттық және мәдени саясатты нақтылайтын, қоғамдық қажеттілік пен ұлттық мүддені үйлестіретін мемлекеттік деңгейдегі латын қарпіне көшу ісінде ғана емес, қазақ тілінің ұлттық болмысын шынайы қалпында сақтап қалуға атсалысып жүрген, ғылым және білім беру ісінің майталманы, қазақ тіл білімінде ғана емес, бүтін түркі әлемі тілтанымында өзіндік орны бар ағамызды мерейлі жасымен құттықтап, мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз. Жасай беріңіз, Алаштың абзал азаматы!
Жанар ИСАЕВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, ф.ғ.к.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<