Ұлт жоспарымен үндескен жобалар

486

0

Ұлт жоспарымен үндескен  жобалар Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» – деп XXI ғасырда білімнің алатын орнына тоқталып өткен болатын.

Әлемде өз дамуы барысында білім саласында тиімді реформалар жүргізіп, солардың нақты жемісін көріп отырған мемлекеттер аз емес. Сингапур, Малайзия, Финляндия, Норвегия, Германия, Ұлыбритания елдері заман талабына, халықтың сұранысына, тарихи қалыптасқан ұлттық дәстүрге сәйкестендіріп, әр оқушының қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған оқыту бағдарламалары арқылы білім беруде, яғни, адам капиталын дамытуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруда.

Кезінде ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Елді түзеу ісін – бала оқыту ісін түзеуден бастау қажет» деген болатын. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде білім беру саласына, оның ішінде ұстаздардың біліктілігін арттыруға айырықша көңіл бөлінуде.

Қазіргі уақытта Кембридж универси­теті мен Педагогикалық шеберлік ор­талы­ғы бірлесіп дайындаған деңгей­лік бағдарламалар бойынша, қазақстан­дық мұғалімдерді кәсіби тұрғыдан дамы­ту бағытында жаңа әдіс-тәсілдер оқы­ту үдерісіне ендірілуде. «Назарбаев зият­керлік мектептерінің» озық тәжірибелерін жалпы білім беретін мектептердің оқыту тәжірибесіне енгізу бағытындағы жұ­мыс­тар жоспарлы түрде жүргізілуде.

Мектептегі басты тұлға – мұғалім екендігі белгілі. Ы.Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деп бекер айтпаған.

Технологиялар ерекше дамыған заман­ның өзінде білім сапасын қамтамасыз ету­дегі мұғалімнің рөлін ешнәрсемен ауыс­тыруға болмайтынын халықаралық зерттеулер көрсетуде. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білікті мұғалімдер, кәсіби тұрғыдан жан-жақты дамыған кемел ұстаздар ғана тәрбиелей алады. Қазіргі таңда қоғамымыздың ең көкейтесті мұраттарының бірі білім­ді педагог кадрларды әзірлеу және қалып­тастыру, оның ішінде мұғалімдердің бі­лік­тілігін арттыру мәселелері бойынша елімізде және аймағымызда ауқымды ша­ралар атқарылуда.

Мемлекет дамуының жаңа беле­сінде тұғырнамалық тұрғыдан нақтылан­ған, еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегия­сының табиғи түрдегі құрамдас бөлігі болып табылатын «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы білім саласына қа­тысты 76-79-қадамдарды жүзеге асыру мақсатында «Өрлеу» біліктілікті артты­рудың ұлттық орталығы» және оның фи­лиалдарында атқарылатын барлық жұ­мыстар ҚР Білім және ғылым ми­нистр­лігінің тапсырысы бойынша орындалуда.

Ұлт Жоспарындағы 76-қадамда «ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеру, 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, функционалдық сауаттылықты дамыту үшін мектептерді оқыту стандарттарын жаңарту. Жоғары сыныптарда жанбасы­лық қаржы­ландыруды енгізу, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру» делінсе, 79-қадамда «Білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу. Басты мақсаты – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арт­­тыру және білім беру секторының экс­­порттық әлеуетін көтеру» міндеті қойыл­ған.

2016 жылдан бастап «Өрлеу» білікті­лікті арттыру ұлттық орталығы» Қызыл­орда филиалында білім мазмұны жа­ңартылған бағдарламалар бойынша бі­ліктілік арттыру курстары өткізілуде.

Осы жылдары білім мазмұны жаңар­тылған бағдарламалар бойынша инс­титутта 8952 мұғалім біліктіліктерін арт­тырып, олардың 8935-і (99,8%)  қорытынды емтихан нәтижесінде сертификаттарға ие болды. Бұл республика бойынша үздік көрсеткіштердің бірі болып табылады.

Осы жылдары курстан өткен 635 ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің 5,7% -і жоғары, 22,2% -і бірінші санатты ұстаздар. Жалпы, облыстағы 1471 ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің 43,2%-і Қызылорда облысы бойынша институтта біліктіліктерін арт­тырды.

Қазақстан Республикасында білім бе­руді және ғылымды дамы­тудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында орта мектептің жоғары сыныптарында физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту міндеті көрсетілген. Жалпы, облыста физика пәні бойынша 598, химия пәні бойынша 430, биология пәні бойынша 721 және информатика пәні бойынша 688 ұстаз еңбек етеді.

«Өрлеу» біліктілікті арттырудың ұлттық орталығында» және Қызылорда филиалында ағылшын тілі бойынша біліктіліктерін арттырған физика, химия, биология және информатика пәндерінің ұстаздары да біліктілік тәжірибелерін толықтырды. Оның ішінде Қызылорда филиалы бойынша біліктілік арттыру курсынан өткен 54 мұғалімнің 18,5%-і жоғары санатты, 38,9%-і бірінші санатты және барлығы да курс соңындағы тест, емтихандарды ойдағыдай тапсырды.

Білім мазмұны жаңартылған бағдар­ламалар бойынша оқушылар қоғамда өмір сүруге; алған білімдерін өмірде қол­дана алуға, яғни функционалдық сауат­тылыққа;  әртүрлі мәдениет өкілдерімен жұмыс жасай алуға, идеялар мен көз­қарастарды бөлісуге; өз бетінше әрекет етіп, шешім қабылдауға; азаматтық құн­дылықтарды қалыптастыруға; сы­ни тұрғыдан ойлай алуға; ғылыми-зерт­теушілік және жобалау жұмыстарын ке­шенді бағдарламалар негізінде жүргізе алуға үйренеді және дағдыланады.

Жалпы, «Өрлеу» БАҰО» акционерлік қоғамында және оның барлық фи­ли­алдарында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтеріне, инклюзивті білім беруді дамыту бағытында арнайы коррекциялық интернаттық ұйымдар тәр­биешілеріне, педагог-психологтерге, «Жалпы адамзаттық құндылықтар» бағ­дарламасы бойынша «Өзін-өзі тану» пе­дагогтеріне, әлеуметтік педагогтерге, ра­бо­тотехниканы дамытуға және «Өлке­тану» пәні бойынша жаңа білім беру бағ­дарламалары жасалынып, еліміз­дің ұстаздары біліктілік арттыру курста­рында жаңа мазмұн негізінде жаңа тех­нологияларды табысты игеруде.

Сонымен қатар, оқытудың жаңа фор­масы Blended learning режимінде педа­гогтерге арналған  курстар ұйымдас­ты­рылуда. Бұл курстың оқу материалдары, оқу бағдарламалары және дәрістерге байланысты бүкіл контенттер «Өрлеудің» студиясында дайындалып, оқыту сайтына орналастырылған. Ұстаздар мектептерде еңбек ете жүріп, біліктіліктерін қашық­тықтан жетілдіруде.

Институт базасында арнайы «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылып,  облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесе отырып мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар қызметкерлеріне және біліктілік арттыру курстары тыңдаушыларына «Мәң­гілік ел» идеясын терең түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, биылғы жылы Қармақ­шы ауданының Ақжар ауылын­да Қызылорда облысы бойынша педагоги­калық қызметкер­лердің біліктілі­гін арт­тыру институтының ұйымдасты­руы­мен 9-10 сынып оқушылары арасында Қа­зақстан тарихы пәнінен білім саласының ардагері Сәден Нұртаев атындағы цифр­лық форматтағы алғашқы облыстық олимпиада өткізілді. Мектепішілік, ау­дандық кезеңдерден облыстық кезеңге арнайы жолдама алған жас тарихшылар олимпиадада білімдерін жаңа цифрлық технологияны пайдалану арқылы сынады.

Ұлытау төрінде берген сұхбатында Елбасы «Менің арманым, ойым – Қазақстанның мәңгілік болуы. Сондықтан мен Мәңгілік Ел деген идеяны ұсынамын», – деді. Ал, Мәңгілік ел дегеніміз – қоғам мүшелерінің денсаулығы мықты, дамыған және білімді ел.

Ұстаздың қоғамдағы орны жайлы кезінде қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын мұғалімдікі» – де­ген еді. Шынында да, елдің эконо­микалық және ғылыми-техникалық дамуы, бәсеке­ге қабілеттілігі, ұлт болашағы, адам ка­питалының деңгейі мен мемлекеттің қауіпсіздігі сол елдің білім беру жүйесінің дамуы мен білім сапасына тікелей бай­ланысты, ұстаздың білімі мен білігіне байланысты.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында» және оның барлық фи­лиалдарында ұстаздардың біліктілігін арттыру бағытындағы жемісті жұмыстар алдағы кезеңдерде де Ұлт Жоспарымен үндесіп жүргізіле бермек.

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ, 

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша 

ПҚ БАИ директоры, профессор.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<