Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақордада салтанатты жиын өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың болмыс-бітімін сақтауға, халқымыздың руханиятын байытуға зор үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
– Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр. Талантты музыканттарымыз әлемдік сахналарда табысты өнер көрсетіп жүр. Қазақ киногерлері түрлі халықаралық байқауларға қатысып, сарапшылардың жоғары бағасына ие болуда. Елордамызда Дүниежүзілік көшпенділер ойындары табысты өтті. Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Рухани мұраларымыз цифрлық форматқа көшіріле бастады. Таяуда ұлтымыздың бір жарым мың ән-күйі мен фольклорлық мұрасы ең танымал халықаралық платформаларға салынды. Төл өнеріміз креативті индустрия арқылы барынша насихатталуда, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтырдың өзінде 45 жаңа мәдениет нысаны салынғанын, театрлардың көпшілігі толық жаңғыртуды қажет ететінін, осы жұмысқа кәсіпкерлер мен меценаттарды жұмылдыру туралы айтты. Бикен Римова атындағы қазақ драма театрына, Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театрына және Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияға академиялық мәртебе беру, Орталық Азия елдерінің тарихи-мәдени мұрасына арналған бірыңғай цифрлық платформа құру бастамасына тоқталды.
Мемлекет басшысының айтуынша, төл тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттауда ЮНЕСКО-мен өзара ықпалдастық ерекше рөл атқарады. Бұл ретте Президент Бүкіләлемдік мұралар тізіміне еліміздің тарихи және мәдениет ескерткіштерін енгізу үшін күш-жігер жұмсалып жатқанына тоқталды. Бұдан бөлек, «Әлем жады» тізбесіне құжат күйіндегі мұраларымызды енгізу ісі қолға алынды.
Мемлекет басшысы озық ойлы ел болудағы кітап оқудың маңызын, жас қаламгерлерге арнайы Президент сыйлығы беріле бастағанын, биыл алғаш рет «Ұлттық кітап күні» атап өтілгенін айтты. Елімізде соңғы жылдары ауқымды реформалар жүзеге асырылғанын еске салып, бұл үдеріс саясат пен экономикадан бастап, барлық салаға әсерін тигізгеніне тоқталды.
– Ұлттық болмысымыз заманға сай өзгере бастады. Мұны реформаның тағы бір маңызды нәтижесі деуге болады. Мәдениет пен өнердің ағартушылық әлеуеті орасан зор. Бұл сала ұлт санасын жаңғыртуға ерекше ықпал етеді. Өскелең ұрпақ сіздердің туындыларыңыздан тәлім-тәрбие алады. Қоғамда жаңа этика мен құндылықтар қалыптасады. Өнер-білім арқылы жастарымыз жасампаз, жаңашыл әрі еңбекқор болып өседі. Сонда біз, шын мәнінде, Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Өркениетті мемлекет боламыз. Мәдениет және өнер қызметкерлері осы маңызды жұмысқа зор үлес қоса береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзін қорытындылай келе, мемлекет алдағы уақытта да мәдениет өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсете беретінін атап өтті.
– Бүгін ұлттық өнердің майталманы Қайрат Байбосыновқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріледі. Халқымыздың жан дүниесін айшықтай көрсететін халық өнері әрдайым төрде болуы керек. Бұл марапат – әйгілі әншінің өлшеусіз еңбегі мен ұлттық өнерімізге деген ерекше құрметтің белгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, ұлттық мәдениетті дамытуға және насихаттауға қосқан айрықша үлесі, мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.






