Мал бар, ет қымбат

1497

0

Ет бағасы өсті. Тұтынушылар арасында түрлі пікір бар. Бағаның өсімі алушыға ауыр соқса, кей пікірде бұл шаруаның, яғни ауылдың әлеуетін жақсартуға сеп деген де айтылып отыр. Шын мәнінде, ет қымбаттап, мал баққанның кірісін ұлғайта ма, әлде алыпсатар мен жем-шөптің аспандап тұрғаны сол шаруаның еңбегін еш еткендей халге түсіре ме? Алдымен базарға бардық…

«Сұлтан» сауда үйі. Ет мол, тұтынушы аз екені байқалады. Сатушылар өнімін жарнамалап, талғамыңа сай таңдап аласың деп бірінен-бірі қалысар емес. Сойылған мал етінің кешікпей өтіп кеткені абзал. Сонымен мұндағы бағаға зер салсақ. Жылқы еті – 2200, сиыр еті – 1800, қой еті – 2300, тартылған ет 2000 теңгеден саудалануда. Сатушылардың айтуынша, олар етті жергілікті кәсіпкерлер мен шаруалардан алады екен.  «Ет бағасы көтерілгелі тұтынушылар азай­ды. Бұрынғыдай сауда жоқ. Өнім­нің өзі бізге қымбатқа келіп жатыр. Үстіне тек нәпақамызды қосып отырмыз. Тұрған орнымызға да ақы береміз. Мұның бәрі оңай емес. Тіпті, кейде аудан орталықтарына өзіміз шығамыз. Шығыны көп. Жол жүру, малды арнайы алаңдарға сойдыру дегендей. Тұтынушылар тарапынан реніш болып жатады. Бағаны қолдан жасап, халықты қанап отырсыңдар деп ұрсып кететіндер де бар»,  дейді  Мұхит Айдарбаев.  Ол 10 жылдан бері осы кәсіппен айналысып келеді.

Ал Сапура Мансұрова – тұтынушы.

– Несін жасырайық, етті аз тұтынатын болдық. Маңыздысын сыйлы қонаққа сақтаймыз. Тіпті, қазы, карта, жал-жаяны ұмыта бастадық. Бара-бара ет жемейміз бе, қалай өзі? Мал бар, бірақ неге қымбат екенін түсінбедім. 5 келі жылқы етін алдым. Бағасы  11000 теңгеге шықты. Бұрын ауылдан соғым келетін еді. Қазір соғымның да бағасы базар нарқына жетіп қалды, – дейді ол.

Мұнан әрі «Magnum», «Small» секілді ірі сауда желісіне бардық. «Magnum»-дағы баға әртүрлі. Еттің түр-түрін әдемі кескіндеп қойған. Соған сай баға да тұр. Қой еті – 2300 теңге. Сөреде сиыр еті де бар. Ал, әлеуметтік дүкеннің бағасы көңілге қонымды. Сиыр етінің келісі 1600 теңгеден өтіп жатыр. Дүкенге ет түскен бойда өтіп кетеді. Қысқасы, еттің құны қоңына байланысты.

Мамандардың жылдағы есебіне зер салсақ, өңірде мал басында өсім бар. Мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс жасап жатыр.  Жеңілдетілген несие, қайтарымсыз грант, мал басына субсидия беріледі.  Асылтұқымды мал басын көбейтуге де қолдау қарас­тырылған. Десе де, нарық ырыққа көнер емес.

Облыста  342,3 мың ірі қара, 698,6 мың қой мен ешкі, 164,7 мың  жыл­қы, 51,6 мың бас түйе есепке алын­ған. Мал басы жылдан жылға көбейіп келеді.  Былтыр 38,5 мың тонна ет өн­діріліп, өткен жылмен салыстырғанда 2,8 процентке артқан. «Сыбаға» бағ­дарламасы негізінде 1000 бас ірі қара, 4000 бас қой  мен 10 мың бұқаны мал бордақылау алаңдарына өткізу межеленген. Бұл – енді үлкен жұмыс.

Облыстық ауыл шаруашылығы бас­­қармасының бөлім басшысы Арыс­тан Омаровтың айтуынша, қазір об­­лыста 12 мың басқа арналған 21 мал бор­­дақылау алаңы бар. Оның 4-еуі – ірі алаң.  Мал басы есе­леніп келе­ді. Мәселен, ірі қара – 3, ешкі мен қой – 12,5, жылқы – 11 және түйе 7,7 про­­центке көбейді. Ет өндірісі де артып отыр. Дегенмен, бағаның өсуіне бірнеше себеп бар. «Мал басы көбейгенімен, оның жем-шөбі қымбат. Жергілікті жем-шөптің құнарсыздығы тағы бар. Оған қоса облыста мал азығын дайындайтын зауыттар жоқ. Біздің шаруалар малдың кейбір азығын өзге облыстардан тасымалдайды. Сондықтан қымбатқа түседі. Бидайдың келісі – 120-130 теңге, сұлы мен арпа да сол нарыққа жетіп қалады. Былтыр 60-80 теңге аралығында болған. Баға қазір осылай аспандап, айналып келгендей еттің нарқына әсер етіп отыр, – деді ол.

Несін жасырайық, кезінде ауыл, аудан орталықтарында жем дайын­дайтын диірмен болатын. Егін  жинал­ғаннан кейін шаруалар малдың азы­­ғын тартып, жинап қоятын еді. Жо­ңышқа, жүгері сынды мал азығы молынан егілетін. Қазір жүйе өзгерген. Тек сатып алу қарекетіне көшкенбіз.

Бекболат Рсалиев – «Kzo» ет орталы­ғының басшысы. Кәсіптің қыр-сырын әбден меңгерген ол жаңа ке­зеңнің сұранысына сай еңбек етіп жатқанын айтады.

– Өткен жылдан бастап мал бор­дақылау алаңын аштық. Қазір қалада төрт ет сату дүкенім бар. Малды қала базары мен аудан орталықтарынан аламыз. Мал союға арналған алаң да бар. Сиыр еті 1750 теңгеден саудаланып жатыр. Халал, сертификаты бар, тұтынушылары да жетерлік. Ет дүкендерінің санын көбейтсек, баға тұрақталады. Бәсекелестік бар жерде нәтиже болады.   Мал бордақылау алаңы 500 басқа арналған. Қазір онда 200 бас бордақыланып жатыр. Мал күтімі оңай шаруа емес. Ірі қара кем дегенде 4 айда қоң жинайды. Бастысы кеткен шығын ақталып, пайда көрсең жеткілікті. Талпыныс табыссыз қалдырмайды, –дейді ол.

Мал бағудың машақатын жан-тәнімен сезініп отырған кәсіпкер қазіргі жастардың бойында кездесетін еңбекке жатқан жігерсіздікті де жасырмады. Тәуекел ететіндер көп емес. Тіпті,  шопан, бақташы болудан қашқан жастар қалада нәпақа табуды жеңіл санайды. Ал, кейінгі жылдары күрделі мәселеге айналған жайылым жайы өзекті бола түсуде. Кейбір ауылдағы ағайынның өзі төрт түлігін қорасынан шығара алмай отыр.

Деректерге сүйенсек, елімізде ет өнімдерін тұтыну жылына 7 процентке артқан. Орташа есеппен бір қазақстандық 21 келі ет тұтынады екен.  Етті ең көп тұтынатын өңір – Қарағанды облысы.  Мұнан әрі Нұр-Сұлтан қаласы, Жамбыл облысы тіркелген. Жыл ішінде қой еті бірден 16,2 процентке көтерілген. Жылқы еті – 11,9, сиыр еті 8 процентке өскен. Дегенмен, өзге өңірлерге қарағанда, біздің облыста ет бағасы біршама төмен екені байқалады.

Әрине, бір ғана еттің нарқынан туындайтын мәселе мұнымен шектел­мейді. Ауылдағы түлік түлетіп отырған шаруаның күнделікті бейне­тінен бас­тап, етті қазанға салғанша қаншама еңбек сатысы жатыр. Әйтсе де, нарық ырыққа бағынбай, тұтынушылар арасында пікір барын  ашық айту керек. Бұл тақырып әлі де терең зерттелетін болады.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<