Аймақта биылғы жылы мал ұрлығы қылмысының көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда 21,6 процентке төмендеген. Мәселен, жыл басынан бері 297 мал ұрлығы тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 379-ға жетіпті. Ал оның ашылу деңгейі 19 процентке жоғарылаған. Бұл туралы мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу мәселесі бойынша өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ІІД криминогендік полиция басқармасы бастығының орынбасары Дархан Әбдібеков пен қалалық ішкі істер басқармасының басшысы Дәулет Беркімбаев мәлімдеді.
Сала басшыларының айтуынша, бірінші жартыжылдықта мал ұрлығымен айналысқан 103 қылмыскер ұсталып, олар жасаған 139 қылмыс дәлелденген. Сондай-ақ, 20 қылмыстық топтың қатысуымен 82 ұрлықтың жасалғандығы белгілі болды. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Сырдария ауданынан 16 адамнан құралған ірі қылмыстық топ ұсталып, олардың осы уақытқа дейін 16 эпизодтық, оның ішінде 9-ы ауыр санаттағы мал ұрлығы қылмыстарын жасағандығы анықталып отыр. Олардың ісі бүгінде сотқа жолданған.
– Мал ұрлығының өсу себептерінің бірі – тұрғындардың малды қараусыз қалдыруы. Сонымен қатар, жоғалған немесе ұрланған малдары турасында ішкі істер органдарына ақпардың кешіктіріп берілуі. Бұл өз кезегінде үлкен қиындық туғызады. Десе де, осы ұрлықтың алдын алу мақсатында ҚР Ішкі істер министрлігі 2018-2020 жылдарға арналған бағдарлама бекітіп, қолданысқа енгізілді. Бағдарлама талаптары дер кезінде орындалар болса, қылмыстың деңгейі бұдан да төмен болады деп есептейміз. Осы ретте өңірде түнгі мезгілде рейд жұмыстары жүргізіліп, облыстық маңызы бар трассаларда, жайылымдық аумақтардан келетін жолдарда түнгі патрульдік жұмыстарына Арал мен Жаңақорған аудандары аралықтың әрбір бекетінде 2 қызметкерден, барлығы 15 полиция бекеттері қызмет атқаруда, – деді Дархан Темірбекұлы.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<