Мақсатты мектеп педагогтеріне әдістемелік сүйемелдеу жүргізетін әдіскерлерге арналған семинар өтті

1172

0

Фото: Автордан

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалында мақсатты мектеп педагогтеріне әдістемелік сүйемелдеу жүргізетін әдіскерлерге арналған семинар өтті.

Семинар жұмысы әдіскерлерге сабақты жоспарлау, оқытуды бақылау, сабақта білім алушылардың өзара әрекетін бақылау, бағалауды бақылау және сабақтың рефлексиясын бақылау, кері байланыс беру дағдыларын дамытуға бағытталған.

«Сабақты жоспарлауды бақылау» тренингінде педагогтердің сабақты жоспарлау және кері байланыс беру дағдыларын дамыту мәселелері қарастырылды. Сабақты жоспарлау барысында педагог қандай талаптар мен міндеттерді орындауы маңызды болатыны сұрақ-жауап арқылы анықталып, талқылаулар арқылы жүйеленді. Оқу мақсатына сәйкес сабақ мақсатын айқындау, оқыту әдістері мен ресурстарды таңдау, бағалау әдістері мен тапсырмаларды іріктеу бойынша нақты ұсыныстар берілді. Тренинг барысында бағалау критерийлері ұсынылып, әдіскерлер өзін-өзі және өзара бағалау мүмкіндіктеріне қол жеткізді. Берілген ресурс бойынша сабақ жоспарын талдап, оны жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірледі. Сабақ жоспарын бағалауға арналған үлгілер ұсынылды.

Оқытуды бақылау бойынша оқу бағдарламасындағы білім мазмұнын меңгертуде кездесетін қиындықтар мен кедергілерді анықтай отырып, оларды тиімді шешуге қатысты ұсынымдар әзірлеу мақсат етілді. Сабақтағы оқу мен оқытуды бақылау аспектілерін анықтау арқылы заманауи сабақтың педагогикалық дизайнын құру, оқу мақсаттары жүйесін зерделеп түсіну, соған сәйкес SMART форматта бағалау құралдарын әзірлеу, қалыптастырушы бағалауды тиімді жүзеге асыру, барлық білім алушылардың тиімді әрі қолайлы оқу ортасында білім алу сынды өзекті мәселелер талқыланды. ҚР Оқу-ағарту министрінің 02.04.2024 жылғы №72 бұйрығына сәйкес «Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары» ережесінде ұсынылған бақылау парағы бойынша 10 сыныптың «Қазақ тілі» сабағының бейнежазбасы талқыланды. Қатысушылар сабақтағы пән мұғалімінің әрекетін бақылап, бағалау критерийлері бойынша бағалады. Сабақтың тиімді тұстары атап өтіліп, кейбір кемшіліктерге қатысты сындарлы кері байланыс берілді.

Білім алушылардың өзара іс-әрекетін бақылау бойынша оқу үдерісінде білім алушылар арасындағы табысты өзара іс-әрекетке ықпал ететін немесе кедергі келтіретін негізгі факторларды анықтау қарастырылды. Сабақтардың бейнежазба үзінділері мен нақты оқу жағдаяттары мысалында білім алушылардың өзара іс-әрекетін бақылау жұмыстары жүргізіліп, білім алушылар мен педагог арасындағы өзара іс-әрекеттер талданды. Оқыту үдерісінде оқушылардың өзара іс-әрекеті үшін қолайлы орта құру және коммуникативтік дағдылар мен ынтымақтастықты жақсарту бойынша нақты ұсынымдар әзірленді. Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарына сәйкес сабақтағы педагог пен оқушы, оқушы мен оқушы арасындағы өзара іс-әрекетті бақылау ұсынымдары әзірленіп, талқыланды.

Бағалауды бақылау бойынша әдіскерлер оқу үдерісінде білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау және кері байланыс ұсыну дағдыларын бақылауды жақсарту бойынша кешенді тапсырмалар орындады. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – әдіскерлерге мұғалімдердің қалыптастырушы бағалау құралдарын қолдану тиімділігін арттыруға қолдау көрсету мүмкіндіктерін кеңейту. Айтылған мәселе бойынша дағдыларды дамыту бейнесабақтардағы бағалау үдерісін бақылау арқылы жүргізілді. Бейнесабақ мазмұны бойынша оқу жетістіктерін бағалаудың әлсіз тұстары мен дамыту аймақтары айқындалды. Бағалауды бақылау сапасын арттыру бойынша қорытындылар жасалып, ұсыныстар әзірленді.

Рефлексияны бақылау бойынша әдіскерлер сабақ рефлексиясының ерекшеліктерін бөліп көрсетіп, оны ұйымдастырудың тиімділігін анықтады.

Рефлексия – күшті, әлсіз жақтарды және жақсарту мүмкіндіктерін анықтау мақсатында адамның кәсіби қызметін терең талдау болып табылады. Рефлексия мұғалімге өзінің жұмыс әдістерін жетілдіруге және оқытудың тиімділігін арттыруға көмектеседі. Әдіскерлер рефлексияның мақсатын анықтап, сапалы рефлексия ұйымдастыру бойынша берілген жоспарға талдаулар жүргізді. Өз жетістіктері мен ілгерілеуі туралы хабардар болу мұғалімнің ынтасын және жұмысқа қанағаттануын арттырады. Сабақтағы рефлексия оқытуды жақсартуға, білім сапасын арттыруға және білім алушылар үшін тиімдірек оқу ортасын құруға көмектеседі.

Сабақты бақылау бойынша әдіскерлерге арналған практикалық семинарлар сериясы алдағы уақытта жалғасатын болады.

Бауыржан Елеусінов,

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша КДИ директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<