Кісісі қайтқан үйде отырмыз. Құран оқылған жерде мұсылманның тізе бүгіп, қол жаю әдебінен асып кете алмаймыз. Бар ойымыз – қазан-ошақтың басындағыларға салмақ салмау, ол жерде көп бөгелмеу. Бірақ үлкендер жағы қоярда-қоймай «жоғары шығыңдармен» ойымызды өзгертіп, келіспеске мүмкіндік қалдырмады. Сол аралықта табақ-табақ ет әкелініп, ер кісілер турауға кірісті. Жиналған жұрт табаққа қол салып, асқазанға ел қонғасын, әр тұста күбір-күбір әңгіме басталды. Біреулер қарқылдап күліп те алды. Енді біреулер «ненің еті екен, жылқы сойып па, сиыр сойып па?» деп талқылап жатыр. Ең қызығы, соны айтып отырған – дап-дардай еркектер. Жалпы, біз өзімізді қай жерде қалай ұстауды, қалай сөйлеуді біле бермейді екенбіз деп топшыладым.
Ал ас беру кезіндегі ысырапшылдық – өз алдына бөлек әңгіме. Оның дұрыс еместігін имамдар бір кісідей-ақ айтып келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2020 жылы «Ас беру мәдениеті» құжатын қабылдады. Сонда: «Құдайы асқа арнап мал сою міндет емес. Өйткені құдайы аста жиналған адамдарды тойдыру шариғат талабына да, мақсатына да жатпайды. Ең бастысы, ас берушілердің және оған қатысушылардың ниеті таза болуы тиіс. Құдайы аста кәде (сыйлық, тәбәрік, жыртыс және тағы басқа) таратуды шариғат талап етпейді. Оған жұмсалған қаржыға шын мұқтаждардың қажетін өтеу әлдеқайда сауапты» деп анық көрсетілген.
Бұл қасиетті Құранда («Ағраф» сүресі, 31-аят) да бар: «… ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді». Құдайы ас берудің өзіндік әдебі мен тәртібі еліміздің кейбір өңірлерінде бұрыннан қалыптасқан. Алайда, оңтүстік жақ, оның ішінде біздің облыс о жағынан ұятты. Мақтаншылық пен астамшылықтан әрі аса алмай жүрміз. Көңіл айта барған жерде дастарқанның шеті майысып тұрады. Бір әріптесіміз жақында өмірден өткен ағасының бейсенбілігіне жүзден астам адам шақырып, жарты миллион теңгеден көп қаражат жұмсағанын жеткізді. Бұл – барынша үнемдегендегі мысал. Тіпті несие алып, ас бергендерді де көз көрді. Байлар барын шашады, қалтасы жұқа адамдар одан қалғысы келмейді. Әйтеуір, таусылмайтын жарыс. Мал сою, базар аралап, керекті түгендеу, қазан-ошақтың айналасынан шықпау – мұның бәрі адамға қайғыруға мұрша бермейді.
Күрделенген мәселеге байланысты облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, жаназа және еске алу астарында берілетін ас мәзірі бекітілгенін газетіміздің алдыңғы бір нөмірінде жазғанбыз. Ас мәзірі жеті түрлі тамақпен шектелген: 1. Тамақ (ет немесе палау); 2. Нан өнімдері (бауырсақ, шелпек); 3. Қаймақ; 4. Жент, майсөк; 5. Шай; 6. Қант, кәмпит, құрма; 7. Су, шұбат. Облыс мешіттерінің жанындағы асханалар осы тәртіпке көшті. Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентіндегі «Құддыс ишан» мешітінің асханасына хабарласқанымызда, бейсенбілік бірінші рет жаңа ас мәзірі үлгісінде өтетінін жеткізді. Дастарқанға одан артығын қоюға рұқсат жоқ.
Дарақылық пен даңғазалық белең алған тұста мұның тиімді жағы көп. Халықтан ендігі керегі – тәртіпке бағынып, көрпесіне қарай көсілу. Ел ағалары бастап, имамдар қоштаған бастамаға қатысты пікірлер де сан алуан. Солардың ішінен іріктеп, марқұмды жерлеу, құдайы астың айналасындағы өзге де мәселелер туралы ойларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Тұрғанбай Маханов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, денсаулық сақтау саласының ардагері:
Астың кепиеті болады, обалы ұрады
Ас беру шарт емес. Құранда ол міндеттелмеген. Менің жасымдағылар жақсы біледі. Соғыстан кейінгі жылдары ас беретін үйде дастарқанға бауырсақ пен құрт, қантын шашып жіберетін. Көңіл айтуға барғандар содан ауыз тиіп қана шығатын. Қазіргімен салыстыра алмайсыз, айырмашылығы аспан мен жердей. Бұл ас берілмесін деген сөз емес. Шектеу қоюдағы мақсат – той дастарқаны мен ас дастарқанының аражігін ажыратып, ысырапқа жол бермеу. Халық осы екеуін шатастырып алды. Қанша айтылып, жазылып жүрсе де облыста оған құлақ асатын адам табылмай тұр. Жетісу, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында, тағы бірқатар өңірде ас мәзірі табиғи таза тағам түрлерімен ғана қамтылған. Облыстық ардагерлер кеңесі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігі бас болып Қызылордада енді қозғау болып жатыр. Бай болсын, кедей болсын, бәріміз тәртіпке бағынуымыз қажет.
Қоғамның бай, кедейге бөлінуі баяғыдан бар. 1803 жылы берілген Сырым Датұлының асында 2,5 мың қой, 200 жылқы сойылып таратылған. Мың саба қымыз болып, 5 мың шелек қымыз ішілген. Шай, қант пен тоғыз нарға тоқаш артып, шекті Көтібар батырдың өзі келген. Паң Нұрмағамбет те елдің есінде әкесі Сағынайға ас беруімен қалғанын білесіз. Ғалымдардың айтуынша, 1886 жылы әкесі Сағынайға ас бергенде 500 киіз үй тігіліп, оған 500 бұқар кілемі ілінді. 5 тонна шай әкелініп, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынды. 20 мың қой, 1000 жылқы сойылған. Құлагердің мерт болатыны сол кез.
Осы күні дастарқанның үстінен бос орын таппайсыз. Соңында бірен-саран адам алғаны болмаса, қаншасы рәсуа болып қалады. Ата-бабаларымыз «астың кепиеті болады, обалы ұрады» деп ысырапшылдықтан сақтаған. Ендігі жерде асхана егелері халықтан ас мәзірінде көрсетілген азық түрлерін ғана талап етуі керек. Осы арада мәселе ұзап кете ме деп қорқамын. Бұл өзі – уақыт алатын процесс. Бүгін немесе ертең қалыпқа түсе қояды деу қиын. Өйткені тамыры тереңге кеткен.
Менің есебім былай. Облыста 85 мың халық тұрады. Соның үштен бірі – жастар десек, олардың құдайы астан хабары жоқ деуге болады. 500 мыңдай адамның кем дегенде 100 мыңы бастамаға қарсы болса, қалған 400 мыңы қолдайды. Жастар қолдаушы тарапқа қосылады, ал бұл – «көш жүре түзеледі» деген сөз.
Даңғойлықтың керегі жоқ. Ағайын-туыстың ас-тойында осы туралы бір-екі рет айтқаныммен елеген ешкім болмады. Мұндай шектеудің байларға керегі жоқ шығар. Бірақ күнін зорға көріп жүрген адамдар да бар екенін естен шығармауға тиіспіз. Қазақтың психологиясы солай, ешкімнен қалмау керек. Несие алса да асын өткізу керек. Еврейлер жақыны бақилық болғанда үш күнге дейін тамақ пісірмейді екен. Түріктер де, әзербайжандар да солай. Бізде өкінішке қарай олай болмай тұр. Көңіл айта барған үйдің бір түкпірінде мәйіт жатады, бір жағында тірілердің самаурын ұстап, қызмет жасап жүгіріп жүргені. Ондай жерде қалай жайланып отырып шай ішіп, тамақ жеуге болады?! Өзім атап өткен елдерде қайтқан кісіні алты сағатқа жеткізбей жерлейді. Бізде алыстан ұл-қызы, бауырының келгенін күтеді. Бірақ одан марқұм тіріліп кетпейді ғой. Ковид пандемиясы кезінде кісіні көп ұстамай жер қойнына тапсырғанын көрдіңіз. Марқұм инфекция жұқтырған болуы мүмкін, кідіртеміз деп жүргенде ол ауру көзіне айналуы ғажап емес.
Қалқазбек Әжібеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қаржы саласының ардагері:
Көңіл айтып келгендер тез тарап кеткен
Аста-төк қылмай ас беру тәжірибесі еліміздің біршама өңірінде қолданылып келеді. Мысалы, Түркістан облысында тұратын жездем қайтыс болғанда көңіл айтып келген ауыл тұрғындары кідірмей тарап кетті. Сырттан келген кісілерге ағайын-туыстары, көрші-көлем өз үйлерінде ас-ауқат дайындап, дастарқан жайды. Бір танысым басқа облыста тұратын әйелінің шешесі қайтқанда барыпты. Ас өтетін орында ас мәзірі жеті түрлі тамақпен шектеліпті. Одан асыруға әкімшісі рұқсат етпепті. Келесі асхана иелері де тура солай шығарып салған. Сөйтсе ауыл әкімдігі мен имамның келісімі негізінде темірдей тәртіп орнаған екен.
Игі бастаманың облыста қолға алынғаны құптарлық. Имамдар, аудан, ауыл әкімдері мен ақсақалдар бар – бәріміз оған атсалысуға тиіспіз.
Таиржан Сайфназаров, Жүніс би мешітінің имамы:
Ауылымызда ысырапшылдық біршама тыйылды
Мәйіттің тірі адамдағы ақысы төртеу-ақ: жуып, кебіндеп, жаназасын оқып, жерлеу. Шариғатта оны үш күн ұстау деген жоқ.
Қазір, Аллаға шүкір, тоқшылық заман. Сондықтан біз тұратын Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылының тұрғындарын құр шашылғанша сауапты іс жасауға шақырып жүрміз. Мысалы, көпір, жол жөндеуге, мешіттің жоғын түгендеуге, жоқ-жітіктің отын-суын әперуге атсалысып жүрген азаматтар бар. Жиі насихаттағанымыздың пайдасы сол, жаназа кезіндегі ысырапшылдық біршама тыйылды. Той-томалақта шашылуға да осылай тоқтам жасасақ деген ниетіміз бар.
Бұл мәселені бір ізге түсіруді 10-15 жыл бұрын бастағанбыз. Ауылда 5 мыңға жуық адам тұрады. Рубасылар, ақсақалдар бастамамызды қолдап, ауыл әкімінің келісімімен тұрғындар арасында қонақасын тоқтатуды, шығынын азайтуды үгіттедік. Әрине, оңай болған жоқ. «Ешкімнің шаруасы болмасын, өзім білем» дегендер ара-тұра кездесті.
Табыт – бай мен кедейді теңестіретін нәрсе. Қазалы үйде метр-метр мата, жыртыс таратып, қонақасыда құр шашылу дұрыс емес. Онсыз да өзі әбіржіп жатқан үйге ет жақындарынан басқасы бейсенбілік сайын барып, әбігерге салудың қажеті жоқ. Тағы бір мәселе, жаназада сөз сөйлеп, құдайы аста марқұмның өмір жолынан сыр шертетін бейнероликтер көрсетіп, оны жиналысқа айналдырмауымыз керек.
Сәкен Алдашбаев, дәстүртанушы:
Астың айналасындағы түсініспеушілік неден?
Біз ас беру кезіндегі ысырапшылдықты кісі дүниеден өткесін бір жылдан кейін табақ-табақ ет тартып, ат жарыстырып, көкпар тартқызатын жылдық аспен шатастырмауымыз керек. Ас берудің өз хикметтері бар. Оның біріншісі – ағайынды жақындастыру, туыстық қарым-қатынасты арттыру. Екіншісі – Құранды сауатты адамға оқыту және көп адамның қол жайып, дұға тілеуі. Алла тағала мұндайда «құлдарымның сұрағанын бермеуден ұяламын» деген екен. Алланың алдында сәресі мен ауызашардағы сияқты қонақасының да қайтарымы сұралмайды. Өйткені ол дүниеден өткен адамның атынан беріледі. Қарызданып ас берудің бір-ақ себебі бар, ол – біздің дарақылығымыз. Егер оны мақтан үшін жасаса, сауабы болмайды.
Қазақта «көрші хақысы» деген бар. Кісісі қайтқан үйдің қазанын итаяқтың қасына апарып төңкеріп қояды. Осы үйге көршілері тамақ жеткізіп беретін болған. Кейбір өңірде «топырақ жалама» деген ырым бар. Қазалы отбасы мүшелеріне аштан талықсып құламау үшін нанға май жағып ұстатады. Қайғыдан қан жұтып отырғанда оны қайдан жесін?! Сол кезде «сен жүрек жалғамасаң, марқұм жер қойнына тапсырғанға дейін топырақ жалайды» деп, мұның сауабы тиетініне сендірген. Сауап дейтін ештеңесі жоқ, қазақтың қайғыдан көңілі түсіп отырған ашқұрсақ адамды қуаттандыру үшін тапқан амалы.
Біз жыртыстың неден шыққанына да үңіле бермейміз. Жақынынан айырылған адам өз-өзін ұстай алмай, жын ұрғандай орнынан қайта-қайта тұрып, жан-жағына кедергі келтіргенде қасындағылар оны киімінен тартып отырғызады. Сосын киім жыртылады. Соны жамап алсын деген оймен адамдарға жыртыс таратады екен. Ал киім тарату ырымы Алла алдында киімнің хақысын беруден шыққан. Екінші біреу оны тозғанша киюі керек. Бұл дүкеннен жаңасын сатып алып тарату деген сөз емес. Астың айналасындағы түсініспеушілік ырым, дәстүрлердің түбіне терең үңілмейтінімізден.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<