Біздің қазаққа біткен бір қасиет – өнер әлеміне, жалпы ұлттық руханиятымызға араласқан перзенттерінің көбіне-көп ауыл арасынан шығатындығы. Атағы алысқа кеткен дарындыларымыздың түп дерегін дәйектеп көрсеңіз, ата тегі кәдімгі қара шаруа, малшы, балықшы, егінші, жұмысшы болып келеді. Бұның сыры кіндік қаны сорғалап тамған туған топырағының киесінен болса керек. Бас қатырып ойлана жүргендегі патша көңілімізге қазақтың ұлан-байтақ ұлы даласы анау-мынау дейтіні жоқ, тұтасымен киелі-ау дерсіз, сірә. Бұрын советтік дәуірімізде бәріміз бір елміз деп жүргенімізде байқамаппыз. Тәуелсіз елге айналғалы көп жағдайға көзіміз ашылып, қаныға түстік. Жеріміздің киесі болмаса, дербестігімізді алған күннің ертеңіне күллі әлемнің дүрлері тұс-тұстан анталап неге жетіп келді? Содан бері дербестігімізді алып, көңіл көзіміз дүн-дүниеге ашылғалы кеудемізді кеулеген осындай қынулы ой әрбір көзі ашық азаматты толғандырумен келеді. Даламыздың көл-көсір ырғын байлығы оның киесі емес деп айтуға кімнің дәті бара алады. Шет жұртты елімізге шұбыртқан жеріміздің киесі сол шығар-ау.
Жә, болары болды. Біз білетін өнер тарланы Оңталап Нұрмаханов ауыл почтальонының баласы еді. Білеміз, ауыл баласы кеш ер жетеді, қала баласы тез есейеді. Себебі, екеуінің дүниеге көз ашқан ортасы екі түрлі. Оңталаптың да тағдыры көптеген қатарластарындай әуелден-ақ шырғалаңмен басталыпты. Қала баласы мектепке үйінен қатынап оқыса, Оңталап үш ауылдың мектебін бірінен біріне көшіп жүріп бітіріпті. Бастауыштың екі класын құмға бөккен «Құмбазарда», сегізіншіні «Шөмішкөлде», тоғызыншы мен оныншыны «Қызылжарда».
Содан кейін Алматыға барып құрылыс техникумына түседі. Оны ойдағыдай бітіргесін жолдаманы Арал ауданына берген. Алақандай Аралда маман құрылысшы керегіп отырған мекеме қайдан болсын. Шаш қойып азамат болуға талпынған жас өрен жұмыс іздеп біраз уақытын босқа өткізіп алған. Аралдан жоғары білімді Жәдігер (Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының кейіпкері) жұмыс таба алмағанда, бұл балаға дайын орын қайдан болсын. Айтпақшы, бір кісі параң болса… деген көрінеді. Ондайдан хабары жоқ, өмір жорығына әл-әзір араласпаған жас бала шошып кеткен.
Жә, сонымен мамандығы бойынша жұмысқа тұрудан күдерін үзген ол Аралдың бір қисық көшесімен ойға батып келе жатқанында алдынан «Қыдыр ата» болып қала жұрты Ақтөкең атандырған Төлебай кездескен. Жағдайға қаныққан Ақтөкең Оңталапты ертіп, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Жасекенов Құдайбергеннің алдына алып барып: «Талай жасты тәрбиелеп қатарға қостың ғой. Осы баланы да бауырыңа тартып көрсең қайтеді», – десе керек.
Құдайберген ағамыз дипломды құрылысшыны киномеханиктің оқуына оқытып алады. Содан Оңталап алғашқы еңбек жолын Арал аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб киномеханигі болудан бастайды. Жиырма жасында. Дегенде, ол кино қоюмен алданып жүре бермеген. Жатпай-тұрмай ізденген. Тәлімгер басшының қамқорлығымен аудан өнерпаздарының ортасында бұл да ашыла түскен.
– Сен, Оңталап, бірден орнықты режиссёр бола қоймаған шығарсың. Жоғары білімді маман емессің. Дегенде, аудандық халық театрында «Тамаша» әзіл-сықақ отауының негізін қаладың және сценарист-режиссері болып басқардың. Бұл ыңғайда сені қазіргі дәрежеге жеткізген ұстазың болған шығар? – дегенімде, Оңталап:
– Болғанда қандай! – деп көңілденіп қоя берді. – Әуелгі ұстазым Әбілхан аға Маханов болды. Иманды болғыр, нағыз сегіз қырлы дейтіннің өзі еді. Ол жырау және жыршы, ол әнші және сахна артисі, ол іштен оқып туған дипломсыз режиссёр еді. Жалғыз мен емес, Әбекең ауданда бәріміздің де ұстазымыз болды. Тек, «айыбы» заман ауыртпалығынан кезінде оқи алмай қалған. «Әлемге болды әйгілі Әбдіжәміл жазған «Қан мен тер» деп дастан жазған Әбекең ғой, ол! Несін айтасыз, о кісінің ауданның мәдени өміріне сіңірген еңбегін айтып жеткізу мүмкін емес. Ал бәрін бастандырып жолымызды ашқан әрине, Құдайберген ағаның қамқорлығы ғой.
Оңталап сол Қ.Жасекеновтың жөн сілтеуімен Ақтөбенің мәдени-ағарту училищесінің режиссёр бөлімін сырттай оқып бітірген түлегі. Енді ол аудандық мәдениет үйінің режиссёрі болып бекігесін жаңа мамандығы бойынша талпынып көрді. 1985-1990 жылдары Т.Аxтановтың «Күшік күйеу», Қ.Мұхамеджановтың «Ой, жігіттер-ай», С.Адамбековтің «Алтын табақтағы жылан», Р.Сейсенбаевтың «Қашқын», М.Махатаевтың «Қош, махаббат!» спектакльдерін сахналады. Бұл еңбегіне Арал және Қызылорда көрермендері қанағаттанып қол шапалақтады. Құмда туып, құм кешіп өскен ауыл баласының еңбегі жанды.
Бұл азамат ауданда режиссёр бола жүріп ақындар айтысынан да бағын сынап көрген. 1985 жылы қазалылық Жетіскен Мәкенәлімен, 1987 жылы жалағаштық Алтай Көшеровпен, 1989 жылы табиғатты қорғау тақырыбы бойынша өткізілген екінші облыстық бәсекеде Лена Әбдіқалықовамен айтысқанда, табан астынан қарсыласына ұтымды жауап қайтара алатын қу тілді ақын екенін байқатқан еді. Сол жылы Ақтөбеде өткен айтыстан жеңімпаз болып оралды. «Өнерді үйрен де, жирен» демекші, енді ол ақындармен айтысуды қойып өлең жазумен шұғылданған. Шығармаларының сүйектісін жүйелеп жинақтай келгенде, «Қорқыт-қобыз» кітабы баспадан 9,5 баспа табақ болып жарық көрді. Жинақтың алғы сөзін белгілі ақынымыз Әскербек Рақымбеков жазған екен. Ақынға ұнағаны ғой. Кітап ылғи ойлы, астарлы өлеңдерден бас құрапты.
Оңталап шығармашылық кәсіпте де, өмірде де асықпайтын адам. Өлең жазудан бұрын ұзақ уақыт ойланып жүріп алады екен. Өлең туғаннан кейін оны жұрт көзіне дабыралатып ұсынуға да асықпайды. Ойға алғанын үндемей жүріп бітіретін жайсаңның өзі. Амандық болса, оның енді екі бірдей өлеңдер жинағы жарық көретін күн де алыс емес.
Өңірімізде жылда мамыр айы туысымен облыс орталығында халық театрларының өнер жарысы өтетін дәстүрі бар еді. Сондай бір байқауда бірінші орын алған Оңталап Нұрмахановтың қойылымдарына сүйсінген сол кездегі облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Аралдың жалғыз режиссерін орталыққа алдыруды тапсырған. Мәдениет басқармасының басшысы Жаңыл қарындасымыз Оңталаптың қыр ізінен қалмай жүріп Қызылордаға орнықтырып, облыс халық шығармашылығын дамыту орталығының көркемдік жетекшілігіне тағайындайды. Оңталап енді тіпті тыным таппайтын болды. Облыстық, республикалық және халықаралық мәдени шараларды өткізу машақатына құмбыл кірісіп кеткен.
Атап айтқанда, Елбасының Сыр еліне келген сапарының мәдени шараларын өткізіп, «Қорқыт және түркі әлемі» халықаралық конференциясы құрметіне гала-концерт дайындады. Облыстың Астанада өткен мәдениет және өнер күндеріне «Қорқыт. Қобыз. Қызылорда» театрландырылған қойылым алып барды. Мәдениетті қолдау жылында «Тарих. Таным. Мәдениет» тақырыбымен ашылу және жабылу салтанатының, жыршы-жыраулардың «Ғасырлар үні» конкурсының, түрік тілді елдердің балалар шығармаларының «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық өнер фестивальдарының сценарийлерін жазып, режиссёрлік қойылымдарын дайындап көрермендер алдына шығарды.
Енді көп ұзатпады, мәдениет басқармасы Оңталапты Н.Бекежанов атындағы облыстық театрдың режиссёрі қызметіне ауыстырды. Осы өнер ордасында ол Р.Отарбаевтың «Қандыөзек» трагедиясын, Л.Егембердиеваның «Егіздер», С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» мелодрамаларын, Ә.Таразидің «Люстра» фантасмагориясын, М.Ахманов пен А.Тоқмановтың «Екі дос немесе делдал қарға» ертегісін, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясын сахналап, көпшілік талқысына ұсынды. Бұл еңбектерін де облыс жұртшылығы жылы қабылдады.
Өмірде өте қарапайым, болдым-толдым демейтін, ізденуден жалықпайтын, еңбектене беруден ерінбейтін осы өнер торысы сахналық қойылымдарды дайындай жүре Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының режиссёрлік бөлімін сырттай оқып бітіріп алды. Театрдан кейін «Қазақстан – Қызылорда» телекомпаниясының шақыруымен телевизия саласына да айтарлықтай қолтаңбасын қалдырды. Онда редактор бола жүріп «Жеті өнер», «Дейді-дейді, дейді екен» телехабарларын көрсетті және «Әпсана», «Бір келіншек», «Ұшар» телефильмдерінің сценарийін өзі жазып, өзі түсірген. Бұл туындылары облыс телевизиясының алтын қорында сақтаулы. Жылда бір-екі рет облыс көрермендеріне көрсетіп тұрады.
Оңталаптың жүректі елжіретіп қозғаған және бір сценарийін жарық сәулелі дүниеден ерте кеткен қыршындар: Серік Өтеуов, Нұрберген Тастаев, Сұраған Мырзаев, Ниетолла Раманқұлов, Бекұзақ Тәңірбергеновті еске алу кешіне арнап жазыпты. Бұл бес арыс Сыр бойының талантты ақындары еді. Сен, Оңталап, өмірден озған осы аяулыларымызды осы еңбегіңмен ортамызға алып келдің. Сенің бұл ісіңді замандастарың ұмытпас. Сахнадан бесеуінің де төл дауысын естіп дидарласқандай болдық.
Есімнен туған елім бір
кеткен жоқ,
Ақ туын адалдықтың кірлеткем жоқ.
Аралдың табанынан су
кеткенмен,
Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ, – деп Бекұзақ ақын театр төрінде көзі тірі кезіндегідей домбыраның күмбірімен баяғыдай жыр төккен дауысы саңқылдап тұрды… Сонда біз теңіздей толқып отырғанбыз.
Қандай жігіттер еді…
Рахмет саған, Оңталап!
Облыстың мәдениеті мен өнерінің дамуына 40 жыл үзбей сіңірген еңбегің еленіп, «Қазақстанның мәдениет қайраткері» мәртебесіне ие болдың. Облыс әкімінің стипендиясын екі рет алдың. Және, Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен марапатталдың. Сахна шымылдығының айқара ашылғанына екі жыл енді толған Қызылорда қалалық театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссёрлігіне бірінші болып тағайындалдың. Қысқа мерзімде қала көрермендеріне үш спектакль көрсетіп үлгердің. Тағы да жаңа қойылым дайындап жүрген боларсың? – дегенімде, кәдімгідей аңқиып отыратын қалпымен Оңталап аз-кем ойланып алып:
– Ұсынған еңбектерім жалғыз менің жеткен жетістіктерім емес. Аралда да, облыс орталығында да мені желеп-жебеушілерім шын ықыласымен қолдады. Қызылорданың облыстық театрында жұмыс істеген жылдарымда театрдың бас суретшісі Серік Пірмаханов, бас режиссёрі Ерғали Оразымбетов менің жанашыр ұстазым болды. Осы театрда сахнаның бұрын мен ашпаған сырлары мен алуан сиқырлы қырларын зердеме тоқи жүріп, іздене жүріп ерінбей үйрендім. Мен өмірдің өзінен де және ұстаздарымнан да үйреніп тәрбиеленген, олардың көз алдында өскен режиссёрмін, – деді.
Дұрыс айттың, Оңталап. Сен Қазалы жерінен басталып сонау Шалқарға дейін бірі мен бірі құйрықтасып жатқан аткөпір ұлы құмда туып, құм көшкінін кешіп өскен жансебілсің. Ұзыннан-ұзақ созылып жатқан болат жолдың бойындағы «Құмбазардың» ақ шағыл құмына қаның тамған құбажон дала перзентісің. Өнер жолына түскен саған және өзің сияқты азаматтардың жолына нұр жаусын! Сенің баспада кезегін күтіп жатқан «Парадария сақтары» және «Қарлығаш құсым» жыр жинақтарыңның тезірек жарық көруіне бәріміз де шын жүректен тілектеспіз.
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<