Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қарашаңырақтан бастау алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
Елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының өткізіліп келе жатқанына он жылдан асты. Бұл конкурс – мемлекет деңгейінде отбасылық-демографиялық саясатты насихаттайтын, өзіндік маңызы бар жобаның бірі. Оның аясында ұзақ жылдар отасып, ұрпақ тәрбиелеп, өсіп-өнген, қоғамда лайықты орны бар шаңырақ иелерін насихаттай отырып, отбасы мәртебесін арттыруға басымдық берілген. Он жылдан бері осы конкурсқа қатысуға облыс бойынша 2200-ден астам отбасы өтініш берген екен.
Нақтырақ айтсақ, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген қағидаларға сәйкес «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу арқылы отбасы институтын қалыптастыруда адамгершілікті, рухани құндылықтарды нығайту, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру сияқты міндеттерге басымдық берілген. Сондай-ақ әр отбасының балалар мен қарт ата-аналарына қамқорлығын кеңінен насихаттай отырып, өнегесі мол қазақ отбасыларының өзіндік үлгісін қалыптастыруға бағытталған.
Ұлттық конкурсқа алғашқы қатысушылардың бірі – Жалағаш ауданы Еңбек ауылының тумасы, көпбалалы Әлібековтер отбасы. Сол жылдары шаңырақ иесі Мейрамбек Әлібеков жұбайы Лаура Шохашевамен жеті бала өмірге әкелген жас отбасылардың бірі болатын. Балалары оқуда озат, сондай-ақ өз қызығушылықтары бойынша шығармашылықта, спортта да жеңімпаз атанып жүр. Шаңырақ иелері өзара татулықты, сыйластықты сақтай отырып, ұрпақтарын мейірімділікке, әділдікке, өмірге құштарлыққа тәрбиелеп келеді. Осылайша алғаш ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының республикалық кезеңінде Әлібековтер отбасы жеңімпаз атанып, автокөлік иеленді.
Ұлттық конкурсқа 2019 жылы 3 мыңнан астам отбасы қатысқан. Деректерге сүйенсек, конкурсқа қатысушылардың басым бөлігі ауыл отбасылары екен. Сол жылы ұлттық конкурсқа біздің облыстан қатысып, жеңімпаздар қатарынан табылған Қиянбековтер әулеті – адал еңбегімен абырой биігіне көтерілген, ауыл-аймақтың құрметіне бөленген жандар. Айталық, отбасы шаңырақ көтерген 53 жылда 10 бала өсіріп, ұядан ұшырған. Олардың барлығы да өмірден орнын тапқан.
Ұрпағының ұлағатына бөленген әулеттің бәйтерегі Әмір ата – Шиелі ауданының Құрметті азаматы. Ол еңбек жолын механизаторлықтан бастаған. Ауыл шаруашылығы саласында қырық жылға жуық еңбек етіп, құрметті механизатор атанған, мемлекеттік дәрежедегі орден-медальдармен марапатталған. Әскер қатарында жүргенде есімі әскери бөлімшенің «Алтын кітабына» енген. Ал шаңырақтың шуағы Қалкүл Бәкірқызы – «Алтын алқа» иегері. Құрметке бөленген Қиянбековтер отбасының қызы мен келіні де – «Алтын алқа», «Күміс алқа» иеленген көпбалалы аналар. Айта кетейік, осы конкурста Шиелі ауданынан Байденовтер, Жаңақорған ауданынан Қарынбаевтар, Қармақшы ауданынан Арифовтар отбасы марапат төрінен көрінді.
Өткен жылы Астана қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының 10 жылдығы аталып өтті. Онда Қазалы ауданынан Смағұловтар әулеті үздіктер қатарынан көрінді. Он бала өсіп-өнген, немере-шөбере сүйген үлкен шаңырақтың тату-тәтті тұрмысы көпке үлгі. Әулет басшысы Қабақ Смағұлов – Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы. Майдангер қарт соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» және І-ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденін, бірнеше медаль иеленген.
Елге оралған майдангер ауылдық кітапхана меңгерушісі, кеңес хатшысы, мектеп есепшісі, одан соң аудандық білім бөлімінде қызмет атқарды. Осылайша 1987 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан.
Өткен жылы ауданда абыз ақсақал Қабақ Смағұловтың 100 жасқа толған мерейтойы аталып өтіп, ғасыр куәгеріне Қазалы ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Ұрпағының бақытына кенеліп, ұзақ жасаған ақсақал биыл наурыз айында өмірден өтті.
Жылдағыдай, биыл да мамырдың ортасында, яғни, «Отбасы күні» мерекесін атап өту барысында «Мерейлі отбасы» конкурсы бастау алды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, конкурсқа өтінімдер мен құжаттарды қабылдауда Үкімет қаулысымен бекітілген қағидаларға сәйкестігі нақтыланады. Айталық, «Мерейлі отбасын» анықтау барысында отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылықтағы зияткерлік, ғылыми жетістіктеріне, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметтегі азаматтық белсенділігіне баса назар аударылады.
Жалпыұлттық конкурстың түпкі мақсаты – халықтық дәстүрге сай отбасы институтын қалыптастырып, саламатты ұрпақ тәрбиелеуге назар аудару. Бүгінде конкурсқа қатысуға ынталы отбасылардың көптігі бұл бағыттағы насихаттық жұмыстардың нәтижесі болса керек.
Конкурстың іріктеу кезеңіне келсек, 1 шілдеге дейін қала және аудан әкімдіктері жергілікті комиссия отырыстарында бірінші кезең жеңімпаздарын анықтап, облыстық кезеңге үміткерлер туралы ақпаратты ұсынады. Ал 19 шілдеге дейін облыстық комиссия отырысының шешімімен 2-кезеңге өткен отбасылардың конкурстық құжаттары альбом ретінде әзірленіп, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолданады. Қорытындысында, яғни, 15 тамызда облыстық конкурс жеңімпаздарын марапаттау бойынша аймақ басшысының қатысуымен салтанатты шара ұйымдастырылады.
Жауапты мамандардың айтуынша, конкурстың әділ және жария болуын қамтамасыз ету үшін комиссия отырыстары жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында онлайн режимінде өткізіледі. Жеңімпаздарды айқындау жөніндегі барлық деңгейдегі комиссия құрамына ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері, әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшелері, ҮЕҰ өкілдері енгізілген.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<