Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиын өтті

185

0

Фото: Шиелі ауданы әкімдігі

Бүгін Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында айқындалған негізгі міндеттерді жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиын өтті.

Жиынға аудандық мәслихат депутаттары, аудандық прокуратура және Ішкі істер бөлімі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары, “AMANAT” партиясының аудандық филиалының өкілдері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Президент Жолдауында атап көрсетілген басты 7 бағытқа ерекше назар аударылды:

• Елімізге қомақты инвестиция тарту;

• Өңдеу өнеркәсібін жаңа деңгейге шығару;

• Ауыл шаруашылығын дамыту;

• Көлік логистикасын кеңейту;

• Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту;

• Цифрландыруға басымдық беру;

• Адам капиталын дамыту және экономика құрылымын жетілдіру.

Инвестиция тарту.

Президентіміз Үкіметке инвестиция тарту жүйесін жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Ауданымызда да бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Ерназаров Азамат Рахатұлы осы бағыттағы атқарылып жатқан шаралар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту.

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының №6 кен басқармасы ЖШС «Қарамұрын» кенішінің инженер-гидрогеологы Байниязова Ботакөз Ерзаққызы өңдеу өнеркәсібін дамытуға қатысты өз ойын ортаға салды.

Ауыл шаруашылығы.

Ауыл шаруашылығын цифрландыру, агрохабтарды дамыту, өнімдерді терең өңдеу және жаңа жұмыс орындарын ашу міндеттеріне басымдық берілуде. Бұл бағыттағы аудан көлеміндегі жұмыстар жөнінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әшірбеков Мұрат Шайтмағанбетұлы баяндама жасады.

Көлік және логистика.

Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік бар екенін Президент атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жайлы «KAP Logistics» ЖШС-нің «Шиелі-Сұңқар» филиалының директоры Досмағанбетов Дәурен Досмағанбетұлы баяндады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы.

Энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл мәселелер төңірегінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Аманжолов Ғабит Сейілбекұлы сөз сөйледі.

Цифрландыру және кәсіпкерлікті қолдау.

Экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ цифрлық дамуға кәсіпкерлерді тарту мәселелері Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Шиелі аудандық филиалының директоры Бекзатхан Бауыржанұлының баяндамасында көрініс тапты.

Адам капиталы.

Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі білімді, отаншыл, жаңа заманға бейімделген жастарды қалыптастыруға тікелей байланысты. Бұл бағыттағы жұмыстар мен міндеттер туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Насибеков Дәуренбек Ердібекұлы баяндады.

Сонымен қатар, ауданның ардагері, «Шарайна Сейхун» газетінің бас редакторы Нұрмахан Елтай Жолдауда көрсетілген бағыттарға тоқталып, өз пікірін білдірді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Айтбай Жандарбеков:

«Дана халқымыздың “Бірлік бар жерде – тірлік бар” деген нақылы бар. Біз ашық бәсекелестік пен бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды бірге құрудамыз. Ол үшін ең алдымен қоғамдық сана өзгеруі тиіс. Әр азамат отаншыл, білімді, еңбекқор әрі әділ болса – алынбайтын асу жоқ», – деп атап өтті.

Сондай-ақ аудан басшысы барша қатысушыларды ел игілігі жолындағы міндеттерді бірлесе атқаруға шақырды.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі