Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау – басты міндет

573

0

Фото Tengrinews.kz/Турар Казангапов

Соңғы жылдары әлемнің көптеген дамыған елдеріндегі мемлекеттік органдарында қызметкерлердің ғимараттарға кіру және одан шығу уақыттарына бақылау жүргізу арнайы техникалық қондырғылардың көмегімен іске асырылып келеді.


Аталған техникалық қондырғылар қызметкерлердің жұмыс орнына уақытылы келуін және жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін уақытылы қайтуы бойынша автоматты түрде мәліметтерді тіркеп отырады.


Осы ретте, мемлекеттік қызметшілердің артық жұмыс істеу фактілерін болдырмау және олардың құқықтарын сақтау мақсатын көздей отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен мемлекеттік органдарға қолжетімділікті бақылау және басқару жүйелері орнатылды.


Сонымен қатар, Агенттік Төрағасының 2023 жылғы 29 мамырдағы №121 бұйрығымен «Мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына мониторинг жүргізу қағидалары» (бұдан әрі – Қағидалары) бекітілді.


Аталған нормаға сәйкес Агенттік пен оның аумақтық бөлімшелеріне мемлекеттік органдарға бару арқылы жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізу белгіленген.

Мониторинг жүргізудің мақсаты- мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тартудың алдын алу, икемді жұмыс уақыты режиміне, сондай-ақ қашықтықтан немесе аралас қашықтықтан жұмысқа тартуда тиісті талаптардың сақталуы. Жалпы үстеме жұмысқа тарту үшін біріншіден мемлекеттік қызметшінің жазбаша келісімі қажет және ол жұмыс берушінің актісімен рәсімделуі тиіс. Үстеме жұмыс уақыты айына 12 сағаттан аспауы керек. Үстеме жұмысқа жұмыс уақытынан тыс уақытта және демалыс пен мереке күндері тартылған мемлекеттік қызметшіге қосымша ақы төленеді немесе мемлекеттік қызметшінің қалауы бойынша оған басқа күні демалыс сағаттары беріледі.


Жоғарыдағы Қағидалардың талаптарына және Департаменттің мемлекеттік органға бару арқылы жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізудің 2024 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес бүгінгі күнге дейін 28 мемлекеттік органға бару арқылы жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізілді.
Мониторингтің нәтижесімен 36 мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқығы қалпына келтіріліп, барлығына мемлекеттік органдардың актілерімен демалыс сағаттары (36 сағат 00 минут) берілді.


Бұдан бөлек, Департаментпен мемлекеттік органдарға бармай жұмыс уақыты режимінің сақталуы бойынша ақпараттық жүйелердегі мәліметтерге, мемлекеттік органдардың ұсынатын мәліметтеріне, қол жеткізуді бақылау және басқару жүйесінің (СКУД) деректері, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп тұрады.
СКУД жүйесі арқылы жергілікті атқарушы орган және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мемлекеттік органдарымен барлығы 51 мемлекеттік қызметшілерге демалыс сағаттары (66 сағат 37 минут) берілген.
2024 жылдың 3 тоқсанында Департамент жұмыс уақытынан тыс үстеме жұмыс жасаған 9 мемлекеттік қызметшіні анықтады.


Былтырғы жылымен салыстырғанда, 2023 жылы жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері тарапынан 3 425 сағат, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері тарапынан 1 370 сағат көлемінде негізгі жұмыс уақытынан тыс жұмыстар атқарылғаны анықталып, жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегі жұмыстары үшін 237 мемлекеттік қызметшіге 214 күн көлемінде демалыс күндері (сағаттары) және 1 394 812 теңге көлемінде өтемақы берілді.
Биылғы жылы, артық жұмыс жасау фактілеріне жүргізіліген мониторинг нәтижесімен 87 мемлекеттік қызметші анықталып, оларға 132 сағат көлемінде демалыс күндері (сағаттары) берілгенін ескерсек, мемлекеттік қызметшілер тарапынан артық жұмыс жасау фактілері біршама азайғанын байқауға болады.


Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тартпас бұрын жұмыс берушілер әрбір мемлекеттік қызметшінің артында отбасы құндылықтарын сақтау, оның ішінде бала тәрбиесімен айналысу міндеттері тұрғанын ұмытпағандары жөн.


Бұдан басқа, Департаментпен Агенттік төрағасының 2016 жылғы 18 қарашадағы № 60 бұйрығымен бекітілген тәртіптік комиссияларының жұмысы туралы 1-ТК есептері негізінде тоқсан сайын мемлекеттік органдардың тәртіптік тәжірибесіне талдау жүргізіледі.
Талдаумен бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, олардың қорытындысы Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралады.


Атап айтсақ, Шиелі ауданы әкімінің атына берілген Шиелі ауданы прокурорының 2024 жылғы 2 сәуірдегі №2-1008-24-00579 ұсыныс хаты бойынша Шиелі кенті әкімінің және Шиелі ауданы әкімінің жауапты орынбасарының тәртіптік жауапкершіліктерін қарау ұсынылған.


Алайда, Шиелі ауданы әкімдігінің басшылығымен ұсыныс хатта көрсетілген лауазымды тұлғалардың жауапкершіліктерін қараудың орнына Шиелі кенті әкімі аппаратының жетекші маманы А.Иманбековтің тәртіптік жауапкершілігі қаралып, оған ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.


Атап өту керек, прокуратура органының ұсынуында соңғы заң бұзушылық 2023 жылдың 29 наурызында орын алғандығы көрсетілген.


ҚР «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 45-бабының 1-тармағына сәйкес тәртіптік жаза теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады және оны теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешіктіріп қолдануға болмайды.
Алайда, бұл талаптар сақталмай, А.Иманбековке қатысты тәртіптік жаза қолдану мерзімі өтіп кетсе де, оған негізсіз тәртіптік жаза қолданылған.
Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен А.Иманбековке қатысты қабылданған актінің күші жойылды.
Жалпы, Әдеп жөніндегі кеңестің шешімі негізінде 6 мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Н.Нұртаев,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің мемлекеттік қызмет саласындағы

бақылау басқармасының басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<