Мемлекеттік тіл – менің тілім

242

0

Жаһандану дәуірінде тіл мәселесі әр мемлекеттің күн тәртібіндегі маңызды тақырыпқа айналды. Әлемдік ақпараттық кеңістіктегі түрлі өзгерістер, ұлттар мен мәдениеттердің араласуы кейде тілдің қолдану аясын тарылтуы мүмкін. Алайда мемлекеттік тілдің тірі ағза секілді дамуы, қоғаммен етене байланыста болуы оны сақтап қалудың басты жолы саналады.

Қазіргі таңда қазақ тілінің мем­лекеттік тіл ретінде орны­ғуы – тәуелсіздіктің басты жетіс­тіктерінің бірі. Кеңестік ке­зеңде шектеуге ұшыраса да халқымыз өзінің ана тілін жүрек түкпірінде сақтап қала білді. Тәуелсіздік алғаннан ке­йін тілдің мәртебесін көтеру бағытында көптеген заң, бағдарлама қабыл­данды. Бұл қа­дамдар тілді құр­меттеудің айқын көрінісі ғана емес, сонымен қа­тар оны болашақ ұрпаққа жет­кі­зудің сенімді кепілі бола ал­ды. Кез келген азамат оның аза­маттық жауапкершілігі ре­тін­­де мемлекеттік тілде сөй­леп, жа­за алуға міндетті деп са­най­мын. Себебі тілді меңгеру – тек тіл мамандарының неме­се этникалық қазақтардың мін­деті емес, Қазақстан Респуб­лика­сы­ның әрбір азаматының боры­шы.

Мемлекеттік тілді дамыту ба­ғытында мектептерде, жоғары оқу орындарында түрлі әдісте­ме­лер, инновациялық бағдарла­малар енгізілуде. Көптілділік саясаты да тілдердің өзара бай­ланысына, жастардың әлемдік білімге қол жеткізуіне жол ашып отыр. Де­генмен, бұл саясат қазақ тілінің рөліне нұқсан келтірмеуі қажет. Керісінше, қазақ тілі бі­лім мен ғылымның негізгі ті­ліне айналуы тиіс. Ол үшін тіл­ді тек тұрмыстық деңгейде емес, кәсіби салада, цифрлық техно­логияда, халықаралық ғы­лым ке­ңістігінде белсенді пайда­лануға ұмтылуымыз қажет.

Жастардың бойында тілге деген мақтаныш сезімін оятуы – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Мектеп қабырғасынан бастап мемлекеттік тілдің құді­ретін сезініп өскен ұрпақ бола­шақта елдің дамуына үлес қо­са­ды. Қазақ тілінде сөйлеген әрбір жас – тәуелсіздіктің тірегі. Біз өз жерімізде өмір сүріп отырып, өз тілімізді дамытуға міндеттіміз. Егер бір ұлт өз ті­лін ұмыта бастаса, ол ұлттың рухани тәуелсіздігі мен мәдени тұтастығы әлсірейді. Сондықтан тілдің тағдыры әрқайсымыздың қолымызда.

Қазақ тілін сүйген адам – Отанына адал жан. Әрбір қа­зақ­стандық осы ұстанымды бе­рік ұстанса, қазақ тілінің бола­шағы жарқын болары сөзсіз. Мем­ле­кеттік тілдің өркендеуі ең ал­дымен қоғам мүшелерінің оған деген көзқарасына бай­ла­нысты. Тілді қадірлеу тек рес­ми шараларда ғана көрініс та­буы жеткіліксіз. Ол күнделікті тұрмыста, қоғамдық ортада, от­басында қолданысқа түскенде ғана тілдің болашағы жарқын болмақ. Бүгінгі таңда көптеген ата-ана балаларын балабақшадан бастап қазақ тілінде оқытуға мән беруде. Бұл – тіліміздің қолданыс аясын кеңейтудің ең тиімді жолдарының бірі. Себебі бала тілді жас кезінен игерсе, ол оның ойлау жүйесін қалыптастырып, ұлттық мәдениетті тезірек иге­руге мүмкіндік береді. Соны­мен бірге мемлекеттік тілдің бе­делі оның экономикалық және әлеуметтік салада қолда­нылуы­мен де өлшенеді. Мысалы, кә­сіп­керлік, бизнес, цифрлық ин­­дуст­рия салаларында қазақ тілі кең ауқымда дамыса, бұл тіл­­дің заман талабына бейім екенін дәлелдейді. Жаңа техно­логиялық терминдерді қазақша сөйлеу кеңістігіне енгізу қа­жеттілігі тіліміздің байлығын арттырып қана қоймай, әлемдік ғылым тілдерінің қатарынан та­былуына жол ашады. Мұндай жаңғыру тілдің табиғи дамуының көрінісіне алып келеді.

Мемлекеттік тіл – менің тілім! Мен қазақ тілінде сөйлеуді мақтаныш санаймын. Ана тілім арқылы өз ойымды анық жеткізе аламын, ұлттық мәдениетімді танып қана қоймай, оны дамы­туды өзімнің міндетім деп білемін.

Н.ИТЕЛЬГИЕВА,

облыстық әділет департаменті

әкімшілік бөлімінің бас маманы