Менің театрым

198

0

Фото: Автордан

Жаңа, 16-маусымның басында театрымызға бұрыннан өзімізге таныс, Төлеш Тұңғышбаев бас режиссер болып тағайындалып, жұмысына құлшына кірісіп кетті. Ол бір мезгілде екі спектакль дайындамақ. Біріншісі – Хасеновтің «Тағы да махаббат туралы» драмасы, екіншісі – З.Жақыпов пен З.Сәрсековтің «Бажалар мен балдыздар» комедиясы.

Төлеш өзі комедияны қолға алды да, драманы әзірше маған тапсырды, өзі спектакльдің көркемдік жетекшісі болмақ. Мен Төлештің бұл ұсынысын қуана қабылдадым. Жалпы режиссерлік курсты Төлешпен бірге алты жігіт, екі қыз бітірген болатын, соның ішіндегі теорияға, режиссура мамандығының пәлсапасына бәрінен жетігі осы Төлеш Тұңғышбаев шығар деп топшылайтынмын. Содан болар, оның айтқандарын қалт жібермей орындауға тырыстым, арасында өзім де сұрап қоям, ол берген кітаптарды оқумен болдым.

Әдепкіде өз пайымыммен спектакльге кірісе бастадым. Пьесадан сахналық туынды жасау үшін ең әуелі режиссер әдеби нұсқамен өзі жеке танысады, әбден сырласады. Пьесаны оқып, одан алатын алғашқы әсер – шығарманы жанды дүниеге айналуына бірден-бір бастама болатын құбылыс. Пьеса сезіміңді оятты ма? Әлде ойға қалдырды ма? Немесе құйын соққандай әрекет жүйесімен сені есеңгіретіп тастады ма? Қалай болғанда да осы алғашқы әсер – болашақ спектакльге нәр беретін, режиссердің сезімін тербеп, қиялына азық болатын алтын дән.

Пьеса маған ұнады. Осындай ойлы, терең сезімге бай, астары мол шығармалар жаныма жақын сияқты. Инженер-конструктор Ержан күйеуі қайтыс болған Зәуреш атты дәрігер келіншекті сүйіп қалады. Ал өз жұбайы Меруертпен жастық шақтың алып-қашпа кезінде кездесіп, ерте тұрмыс құрған. Бірақ уақыт өте келе сүйіктісінің мінез-құлқы ашылып, ол ұсақ, жылтыраққа құмар, тек өз жайын күйттеген жеңілтек мінезді адам екені белгілі болады. Алайда Ержаннан ажырасқысы жоқ, оның өзінен гөрі табысына зәру.

Зәуреш болса, жеңіл жүрістің адамы емес, Ержанға деген сезімін сыртқа шығармайды да. Оның осы мінезінен хабардар атасы Досмұқан батасын беріп, тұрмысқа шығуына рұқсатын береді. Пьесада сондай-ақ досы үшін жаны күйзеліп, қол ұшын беруге ұмтылған Алтай, «екеу болса да жалғыз», жар таңдауда қателесіп, өмір бойы өкінішпен жүрген Оспан, Меруерттің шешесі Маржан сахна әрекетіне қатысады.

Ұжымға оқысақ, көп артистер пьесаны қабылдамады. Біріншіден, психологиялық драма жанрындағы дүниелерді бірден қабылдау қиын. Екіншіден, жалпы театрларда артист пьесаны таңдағанда өзіне роль бар ма, жоқ па, міне, осы критерийді басшылыққа алады. Мұндайда режиссерге салмақ түседі. Ендігі жерде оның міндеті – актер сезімін оятып, пьесаға деген оң көзқарасты қалыптастыру.

Маған да күнделікті репетицияны жүргізе отырып, әуелі артистермен бірге пьесаны, оның оқиғасын, әрбір рольдің аржағындағы адам мінезін тану, оны қалыптастыру барысында ерінбей еңбек етуге тура келді. Түсінбеген жайттар болса артистердің өздерімен ақылдасып, керек болса олармен тіпті айтысқа түсіп, қалайда пьесадан спектакль жасауға бар күшімді салып қимылдадым. Спектакль біршама жерге келді-ау дегенде Төлеш өзгерту жасап кетеді, онысына ренжігем де, қысылғаным да жоқ. Тек артистер өзгерістерге тосырқай қарайды екен, әрі қарай репетиция жасағанда оларға арнайы түсіндіруге тура келді. Төлештің спектакльдің көркемдік жетекшісі екенін.

Спектакльді бірінші болып біз шығардық. Премьераның алдында Досмұқанды дайындап жүрген Зекен Мейірманов ауруханаға түсіп, Зәурештің атасының ролін өзіме ойнап шығуға тура келді. Зәуреш роліндегі Жібек Бағысова, Ержан – Тұрысжан Айнақұлов, режиссердің ойын жете түсініп, кейіпкерлерін терең түйсікпен орындаған сахнагерлер болса, Меруерт – Гүлжаһан Әбекенова мен Алтай – Ізбасхан Шәкіров өз рольдерінің табиғатына ене білген артистердің қатарында болды. Премьераға Әлия да келді.

Айтқандай Әлия Арысбайқызы Құрманғазы атындағы Өнер институтына 1965 жылы түскен екен. Екінші курс оқып жүргенде денсаулығына байланысты академиялық отпуск алады. Содан 1968 жылдың басында театрға орналасқан еді. Ал 1970 жылдың жазында Әлия институттағы оқуын жалғастырмақ ойын айтты. Мен оны құптадым. Біздің бұл ойымызға екі жақтағы ата-аналарымыз үзілді-кесілді қарсы шықты, енді ғана қосылғанда ажырасып тынасыңдар ма дегендей. Ал біз бұл қадамға саналы түрде бардық. Біріншіден Әлияның жоғары оқу орнын бітіргені жөн деп білдік, екіншіден осы бір жылдары сөзіміздің беріктігін сынайық деп ойладық. Ал дүниеге келген сәбиіміз Гүлсара Жүсіп әкесі мен Шәрбан шешесінің кенжесі болып ауылда қалды. Ал қазір Әлия Алматы консерваториясының екінші курс студенті болып оқуынан арнайы келген беті еді. Алғашында да, қазір де ол КСРО Халық артисі Хадиша Бөкееваның класында оқып жүрді.

Ал Төлеш комедияны 1971 жылдың басында сахнаға шығарды. Оның да басты ролі – Жанайды ойнайтын Шәріп Мәрденов ауырып қалып, 50-ден асқан үлкен кісіні биыл ғана академиялық театрдың студиясын бітіріп келген Бақытбек Алпысбаев ойнап шығып, өзін жақсы жағынан көрсетті. Онымен бірге келген Якуда Халықұлов, Сағынай Ешекенов те труппаға қабылданып, алғашқы еңбек жолын бастап кетті.

Комедияны сахнаға шығарып, көңілін бір демдеп алып Төлеш Сәкен Жүнісовтің «Тұтқындар» драмасын қоюға кірісті де, маған Г.Нахуцрашвили мен Н.Гамрекелидің «Кикила туралы ертегі» комедиясын сахналауға тапсырма берді. Өзімнің де тілегенім сол еді, басты рольді Серік Шотықовқа беріп ертегіні бастай бергенде Тынымбек Пірімжанов Кикиланы мен де ойнайыншы деп өтініш білдіріп, басқа рольдерге жаңадан келген жастарды жұмысқа жегіп, өз әлімше қойылымды бастап кеттім. Спектакльдің сәтті шығуына басты себепкер – актердің шығарманы ұнатып, өз роліне деген сағынышын ояту. Тап осы пьеса үстінде, қойылым құрамы шығарманы бір кісідей жақсы көріп, репетицияны бар ынтасымен жасап жүрді.

Қазақ ССР-ның еңбегі сіңген артисі Кәшифа Көпбаева, Айнатай Манаспаева, Әбдіғұмар Кәнетов, Фахреддин Қуанышев та жастардың жігеріне өздерінің салиқалы сезімін қосып, рольдерін лайықты дәрежеде дайындап жатты.

Наурыздың жетісінде спектакльдің премьерасын халыққа ұсынып, мәз болған көпшілікпен бірге қуанып, көрерменнің ықыласына риза болыстық. Төлеш те өзінің «Тұтқындарын» пьеса авторы Сәкен Жүнісовтің қатысуымен наурыз айының 18-і күні халыққа ұсынды. Автор да риза, көрермен де риза, басты рольді сомдаған Шайтұрсын Әбдібаев та риза, бәріне ұнаған, сәтімен қойылған туынды болды.

Дайындық темпін босатпай, бас режиссердің басшылығымен Сәфуан Шаймерденовтың «Қыр гүлі» драмасын қолға алдық.

Спектакльді қоя түскен сайын қуанудың орнына маған күдік кіре бастады. Мен осы дұрыс істеп жүрмін бе? Актер болу бір бөлек те, режиссер мамандығы мүлде басқа кәсіп екен. Күнделікті артистермен репетиция жасай жүріп, түбегейлі режиссер болу мен үшін арман екенін сездім. Терең білім керектігін ұқтым. Әлия болса да оқуда, ал маған институтқа түсіп, қайтадан бес жыл оқу қиямет-қайымдай көрінді. Сұрастырып жүріп Мәскеу ГИТИС-інің жанында Жоғары режиссерлер курсының бар екенін анықтадым. Онда Қазақстаннан Райымбек Сейтметов ағамыз оқып жатыр екен. Сол кісімен хабарласып, оқуға түсудің жолын іздеп, документтерімді жібердім.

Жазғы гастроль де келіп жетті. Төрт ай бойы Қарақалпақстан, Өзбекстанның Жизақ, Бұхара облыстарының қазақ ауылдарын, Шымкент облыстарын аралап, Мәскеуден енді хабар болмайтын шығар деп ауылға келіп демалып жатқанмын ғой. Тамыз айының 17-і болу керек, таксимен Тынымбек жетіпті. Маған Мәскеуге шақырту келген. Жүрек жоқ. Тез дайындалып жолға шықтым. Әлия ауылда қала берді мұңайып. Содан ұшып-қонып, әуелі Ақтөбе, сосын Орал, одан кейін Мәскеу-Домодедово аэропорты, жеттім-ау әйтеуір.

Ертеңіне РСФСР Мәдениет министрлігіне барып жағдайымды айтсам «неге ерте келдіңіз» деп өзіме ұрсып берсін, «біз сізді мұнша ерте шақырған жоқпыз, бекер ерте келгенсіз» деп жатыр. Бұлар мейманханаға жолдама бермейді екен. Жоғары режиссерлер курсының директоры Л.Жигалин деген азамат екен, оны ГИТИС-ке іздеп барсам, таба алмадым. Амал жоқ, сосын Қазақстанның Мәскеудегі елшілігіне барып, олар маған «Ярославль» мейманханасына жолдама берді де, бара тамақ ішпестен төсекке құладым. Екі күн бойы ұйқтамай әбден шаршағанмын ғой.

25 тамызда емтихан тапсырып, 27-інде РСФСР Мәдениет министрлігінде қабылдау болып, екі орынбасар бар, комиссия бірауыздан қабылдады. Шеттен келген қонақ екен, қабылдайық десті.

Жатақханаға орналастым. Нағыз орталықта екен. Паспортиска айтқандай: «Біздің терезеден Кремль көрінеді». Ресейден екі жігіт Володя мен Юра, Кабардино-Балкариядан Пшизаби деген жігіт – төртеуміз бір бөлмеде тұратын болдық.

Ең бастысы бізге режиссурадан дәріс берген ұстазымыз В.Маяковский атындағы академиялық драма театрының бас режиссері, КСРО Халық артисі, профессор Андрей Александрович Гончаров Ресей театр өнеріндегі ұлы тұлғалардың бірі, үлкен жүректі ұстаз еді.

Біз оның А.Островскийдің «Өзіміз ғой, өзіміз», Ф.Достоевскийдің романы бойынша қойылған «Ағайдың түсі», В.Найденовтың «Ванюшиннің балалары», У.Стенлидің «Арман болған трамвай», Б.Бабельдің «Британик туралы ой» атты спектакльдері бойынша жүргізілген өткінші репетицияларына қатысып, соңынан драматургия, пьеса мен қойылым арасындағы жұмыс жүйесі жайлы, актер мен режиссердің бірлесе жұмыс істеу тәсілдері туралы әңгімелерін естідік.

Репетициясы енді ғана басталған Сервантестің «Дон Кихот» романы бойынша жасалған «Ламанчтан шыққан адам» мюзиклінің жыл бойғы репетициясын басынан аяғына дейін көріп, премьерасына куә болдық. Режиссердің спектакльді дайындау үстіндегі жұмыс процесімен түгелдей танысып шықтық. Ең бастысы әрбір репетициядан кейін мастермен пікір алмасып, сол репетицияның маңызы, мағынасы жайлы жан-жақты әңгімелесетін едік.

Э.Радзинскийдің «Сократтың әңгімелері» атты философиялық трагикомедиясы репетициясының алғашқы сатысының басталуына куә болдық.

Біз Ресей Халық артистері А.Джигарханян, Е.Леонов, Т.Доронина, А.Лазарев, А.Самойлов, Ю.Ромашин, В.Немоляева, Н.Гундарева, М.Мизери және т.б. атақты сахнагерлердің репетиция үстінде өз кейіпкерлерін дүниеге әкелген сәттерін бақылап, көңілімізге түйдік. Режиссер мен актердің бірлесе жұмыс істеу тәсілдерін жіті қадағаладық. Ал кешке, аптасына екі рет Мәскеудің театр өнері институтында Андрей Александровичтің режиссер мен актерді бірге оқытатын курсында студент болып, режиссер мамандығының әліппесін қайта парақтадық. Орыстың атақты режиссерлері В.Плучекпен, Б.Равенскихпен, С.Образцовпен, А.Варпаховскиймен, М.Кнебельмен, О.Еферемовпен, Ю.Любимовпен, А.Эфроспен, М.Захаровпен, ал Ленинград қаласында Г.Товстоноговпен, Р.Сиротамен, И.Владимировпен, Р.Агамерзянмен, Г.Опорковпен, З.Корогодскиймен кездесіп, режиссура жайлы, шығармашылық еңбек, К.Станиславскийдің ілімін бүгінгі күннің сұранысына сай қолдана білу тәсілдері жайлы пікірлестік.

Ю.Любимовтың В.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын дайындап жатқан репетициясына біршама қатыстық. В.Высоцкийдің гитара асынып Таганка бойында жүрген ойлы жігіттердің бірі ретінде сомдап жатқан Гамлетін көріп басқа стильде, басқа шығармашылық бағытта жұмыс істейтін режиссердің еңбегіне тәнті болдық. Юрий Петрович Гамлетті біздің замандасымыз ретінде көрсетіп, классиканы бүгінгі күннің спектаклі етіп қою тәсілдері жайлы арнайы әңгіме өткізді.

А.Эфростың Мольердің «Дон Жуан» комедиясына жасаған бірнеше репетициясына қатысып, Анатолий Васильевичтің режиссердің өзіндік көзқарасы туралы, автор мен режиссер стилі арасындағы жақындық пен алшақтық жайлы ойларына сусындадық.

Ленинградта болғанымызда Г.Товстоноговтың Н.Гогольдің «Ревизорына» жасап жатқан репетициясына тап болып, К.Лавров – Дуанбасы, О.Басилашвили – Хлестаков рольдерінде режиссермен бірлесе отырып, мүлде бөлек кейіпкер бейнесін жасап жатқан еңбектерін асқан зейінмен бақыладық.

Сондай-ақ драматургтер А.Арбузов, А.Штейн, В.Розов, Э.Радзинскиймен кездескен сәттеріміз драматургтердің шығармашылық әлемінің есігінен сығалауымызға мүмкіндік берді.

Содан соң спектакльдер, Мәскеу спектакльдері, гастрольдік спектакльдер. Аптасына ең кем дегенде төрт спектакльден көргенде жыл бойына жүзден аса қойылымды көрген болармыз. Үйренем деген адамға ол да аз сабақ болған жоқ.

Хұсейін Әмір-Темір,
Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері,
Қызылорда облысының құрметті азаматы