Жамбыл облысы Меркі ауданының делегациясы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесті. Кездесуге жауапты сала басшылары қатысты.
Облыс әкімі өңіраралық байланыстарды арттыруға әрдайым дайын екенін жеткізіп, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталды.
– 17-19 шілде күндері облысымызға Жамбыл облысы әкімінің орынбасарлары бастаған арнайы делегация келіп, атқарылған жұмыстармен кеңінен танысқан болатын. Бүгін екіжақты байланыстардың жалғасы ретінде Меркі ауданынан келген әріптестерімізбен кездесіп отырмыз.
Біз үшін ауыл, мал шаруашылығы, кәсіпкерлік пен туризм салаларында әріптестік орнатуға мүмкіндік мол. Дақылдарды егу, ет өнімдерін өндіру бағытында да бірлесіп жұмыс жасауға болады.
«Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірі Президент пен Үкіметтің ерекше қолдауымен қарқынды дамуда. Облыс бюджеті 2022 жылы 364 млн теңге болса, қазіргі таңда 823 млрд теңгеден асты. 226 пайызға өсім қалыптасты. Бұл қаражат аймақтың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда.
Биыл 96 жобаның құрылысына бюджеттен барлығы 166 млрд 800 млн теңге қаржы бөлініп, 2022 жылмен салыстырғанда 8 есеге артты. Нәтижесінде құрылыс жұмыстарының көрсеткіші бойынша өңіріміз республикада үздіктер қатарында келеді, – деді облыс әкімі.
Басқосуда Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов көрсетілген құрметке ризашылық білдіріп, бірлесіп жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізді.
«СБ» ақпарат






