Әр қазақстандық сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шартын жасау арқылы мерзімінен бұрын зейнетке шығуға құқылы. Бұл шартты 50 жасқа толған азаматтар ғана жасай алады.
50 жаста зейнетке шықпас бұрын 5 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеу қажет. Яғни, соңғы 60 айда міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленуі тиіс.
Егер соңғы жылдары төленген зейнетақы жарналары тұрақты емес болса, ер адамдардың 55 жасында, ал әйелдердің 51 жасында зейнетке шығуға толық құқығы бар (2019 жылғы жағдай бойынша).
Әйелдердің зейнет жасының ұзартылуына байланысты, 2027 жылдан бастап тұрақсыз зейнетақы жарналары бар нәзік жандылар ер адамдар секілді 55 жасынан мерзімінен бұрын зейнетке шыға алады.
Мерзімінен бұрын зейнетке шығу үшін жеке зейнетақы шотында белгілі бір сома болуы қажет: ерлерге – кемінде 9,6 млн теңге, ал әйелдерге – 13,5 млн теңге.
2019 жылы көрсетілген мөлшерде міндетті зейнетақы жарнасын жинаған азаматтардың бірқатар қазақстандық сақтандыру компанияларынан зейнетақы аннуитетін сатып алуға құқығы бар. Сол арқылы олардың зейнетақысы төленеді.
Салыстырмалы түрде соңғы жылдар ішінде зейнетақы аннуитетінің бағасы қалай өзгергенін қарап көрейік:
- 2013 жыл: әйелдер – 3,3 млн, ерлер – 2,7 млн
- 2014 жыл: әйелдер – 7,3 млн, ерлер – 5,2 млн
- 2015 жыл: әйелдер – 8,1 млн, ерлер – 5,8 млн
- 2016 жыл: әйелдер – 8,8 млн, ерлер – 6,3 млн
- 2017 жыл: әйелдер – 12,5 млн, ерлер – 8,9 млн
- 2018 жыл: әйелдер – 13,5 млн, ерлер – 9,6 млн
- 2019 жыл: әйелдер – 13,5 млн, ерлер – 9,6 млн
Жоғарыда көрсетілген соммалар мерзімінен бұрын зейнетке шығуға қажетті ең төменгі жас мөлшеріндегі (50 және 55 жас) БЖЗҚ салымшылары үшін жарамды. Қалыпты зейнет жасына неғұрлым жақындаған сайын, зейнетақы аннуитетінің бағасы да соғұрлым төмен болады.
Аннуитет иесіне төленетін ай сайынғы зейнетақы сақтандыру компаниясына жүгінген кезде есептеледі. Оның мөлшері жиналған жарналардың көлемі мен зейнеткердің жасына байланысты болады.
Әдетте, бұл белгіленбеген сома болып табылады. Ол жыл сайын айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне байланысты өсіп тұрады.
Ал енді, орташа деңгейден жоғары жалақы алатын қазақстандықтардың мерзімінен бұрын зейнетке шығуға қаншалықты мүмкіндіктері бар екенін қарап көрейік. Бұл орайда, барлық есептердің үлгі ретінде көрсетілгенін атап өткен жөн.
Ирина, 30 жаста. Маркетолог. Жалақысы – 240 мың теңге. Осы күнге дейін жинаған міндетті зейнетақы жарнасы 2,7 млн теңгені құрайды. 50 жасында, яғни 20 жылдан кейін зейнетке шығуды жоспарлайды. Сол кезге дейін өзінің орташа жалақысы 330 мың теңге болады деп есептейді. Демек, жеке зейнетақы шотына түсетін орташа міндетті төлем 33 мың теңгені құрамақ.
Қыздың болжамдарына сүйеніп, 50 жасқа толған шағында зейнетақы шотына қанша қаражат жиналатынын есептеуге болады.
20 жылды 12 айға және жеке зейнетақы шотына түсетін ай сайынғы жарна – 33 мыңға көбейтеміз. Бұл сомаға осыған дейін жиналған 2,7 млн теңгені қосамыз. Сонда, 2039 жылы салымшы 10,6 млн теңге қаражат жинайды.
2019 жылы мерзімінен бұрын зейнетке шығуға қажетті ең төменгі сома әйелдер үшін 13,5 млн теңгені құрайтынын ескерсек, 2039 жылы бұл сома ұлғая түсуі ықтимал. Сол себепті Иринаның мерзімінен бұрын зейнетке шығу жоспарының іске асуы екіталай екенін байқаймыз.
Биыл мерзімінен бұрын зейнетке кімдер шыға алатынын қарап көрейік.
Бұл соңғы бес жылда ресми түрді жұмыс істеген 50 жастағы ер адамдар мен әйелдер. Мәселен, олар зейнетақы реформасы өткен 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті зейнетақы жарнасын төлеп келе жатыр делік. Яғни, бұл адамдар 21 жыл 10 ай ішінде зейнатақы аннуитетін сатып алуға қажетті ерлер үшін 13,5 млн, және әйелдер үшін 9,6 млн теңге жинаған болсын.
Есептеп көрсек, аталған уақыт аралығында қажетті соманы жинау үшін әйелдер 515 мың теңге жалақы алуы тиіс болса, ерлер шамамен 22 жыл бойы орта есеппен айына 366 мың теңге табуы керек болған.
Егер сіз осы адамдардың қатарында болсаңыз, мерзімінен бұрын зейнетке шығуға толық мүмкіндігіңіз бар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<