Жақында белгілі профессор Мырзантай Жақып КТК телеарнасына берген сұхбатында: «Жоғары оқу орнында тегін оқу мүмкіндігі талантты жастарға емес, сабаққа мүлде келмейтін жұлдыздарға үлестіріледі», – деп айды аспанға бірақ шығарды. Оның айтуынша, сахнадан ғана көрінетін студенттерге ұстаздар жоғары баға қоюға мәжбүр екен.
Ал Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин «жұлдыздар талантты жастардан гранттарын тартып алды» деген профессордың сөзіне үзілді-кесілді қарсы. Бұл туралы ақын Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Университетте сабақ беретін һәм өнер жұлдыздарымен жақсы араласатын Дүйсенғазин профессор Мырзантай Жақыптың бұл әрекетін құқықбұзушылыққа балады.
«Грант бүкіл қазақстандықтарға ортақ. Қарапайым адамдарға немесе жұлдыздарға деп бөлінбейді. Бағы бар адам ол грантты алады. Сол себепті доценттің айтқанын мүлдем құптамаймын», – деп ашығын айтты Дүйсенғазин.
Оның сөзінше, ЖОО-да халыққа қызмет етіп жүрген азаматтарға жеңілдік жасалады. Ол адамның міндетті түрде әнші болуы шарт емес, қазақтың туын көкке көтеріп жүрген Олимпиада чемпиондары да магистратурада оқиды.
«Маңызды шаралар немесе Олимпиадалар шығып қалып жатса, «бармайсың, партада отыр!» деп айта алмайсың ғой», – дейді Серікзат Дүйсенғазин.
Бұған қоса, ақын Мырзантай Жақыптың «әншілер сабаққа мүлдем қатыспай жүріп диплом алады» деген сөзіне шүйлікті.
«Сабаққа қатыспайды деп айтатындай ол кісінің дәлелі бар ма? Өзім білетін Мейрамбек Беспаев 100 пайыз болмаса да, сабаққа қатысып жүруге тырысты. Себебі мәдениеттану факультеті – оған керек сала. Диплом жұмысының тақырыбы – «Алтынбек Қоразбаевтың қазақ мәдениетіндегі орны». Тақырыбы бойынша өзі зерттеу жұмыстарын жүргізді, өзі қорғады. Ал қорғау кезінде Мырзантай Жақып қатысты ма? Жоқ. Онда неге құр сөйлейді? Меніңше, ол кісінің мәселесі әншіде емес. Кімге соқтығарын білмей жүрген секілді. Не қоғамға, не билікке қапалы», – деді ақын.
Серікзат Дүйсенғазин магистратурада ең көбі 2-3 танымал адам ғана оқитынын айтады. Тіпті, жылына бір-ақ жұлдыз түсетін жағдайлар болады екен. Ал мұндағы университет басшылығының мақсаты – белгілі тұлғаларды жұрт көрсін, қорғауына қатыссын, сұрақтарын қойсын, Совет үкіметі кезіндегідей бәрі ашық өтсін деген ниет.
«Меніңше, мұның еш сөкеттігі жоқ. Қазақстанда «жұлдыздар магистратурада оқымасын» деген заң бар ма еді?! Олар да білім алуға құқылы. Ертең өздері де студенттерге сабақ беруі үшін жан-жақты болуы тиіс. Бұған бола дау шығару орынсыз», – деп қорытындылады сөзін Серікзат Дүйсенғазин.
Айта кетейік, Мырзантай Жақыптың таққан айыбына Мейрамбек Бесбаев та жауап берген болатын. Әнші өзінің бірнеше оқу орнын бітіргенін айтып, даулы жағдайға «ғалымның іштарлығын» кінәлады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<