Елімізде ерекше күтімді талап ететін балаларды әлеуметтік қорғаудың тетіктері қарастырылған, – деп хабарлайды Елорда Инфо.
Алдымен ерекше күтімді талап ететін баласы бар анаға (әр бала үшін) 31 183 теңге жәрдемақы беріледі. Одан бөлек, туылғанынан 1-топқа жататын мүгедектігі бар бала күтімі үшін 31 183 теңге жәрдемақы алады. Сондай-ақ, ай сайын отбасындағы әр адам басына 15 498 теңге әлеуметтік қолдау мақсатындағы төлем қарастырылған.
Сонымен қатар, өмірде қиын жағдайға тап болғанда, оған қажетті дәрі-дәрмек пен ақылы медициналық қызметті алу үшін жылына бір рет 13 АЕК (32 825 теңге) көлемінде әлеуметтік біржолғы төлем беріледі. Сол сияқты ерекше күтімді талап ететін баланы үйден оқыту мақсатында 6,5 АЕК (16 413 теңге) көлемінде өтеу төленеді. Аталған көмектен бөлек, ерекше күтімді талап ететін мүшесі бар отбасы санаты бойынша баспана кезегіне тұру мүмкіндігі бар. Және үй күтімінде стационар мен жартылай стационар жағдайында арнайы әлеуметтік қызметті пайдалануға болады. Әлеуметтік қолдау қатарында қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру де қарастырылған.
Мүгедектігі бар жандарға берілетін жәрдемақы: 1-топ – 57 021 теңге, 2-топ – 45 438 теңге, 3-топ – 30 886 теңге. Мүгедектігі бар балаларға берілетін жәрдемақы: 16 жасқа дейін – 41 578 теңге, 1-топ – 57 021 теңге, 2-топ – 47 220 теңге, 3-топ – 35 638 теңге. Арнайы мемлекеттік жәрдемақы: 1-топ – 3 763 теңге, 2-топ – 3 763 теңге, 3-топ – 1 616 теңге.
Айта кетейік, осы аптада Үкіметтің жанынан еліміздің азаматтарының табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев басшылық ететін бұл топтың құрамына «Нұр Отан» партиясының, әлеуметтік-экономикалық блок, инфрақұрылымдық даму, ішкі істер министрліктерінің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді. Комиссия жұмысына бейінді ҮЕҰ, сарапшылар мен жұртшылық өкілдері де тартылған. Жұмыс тобы екі ай ішінде Мемлекет басшысы көп балалы және мүгедек бала асырап отырған отбасыларды қолдау бойынша тапсырмаларын орындауда кешенді шаралар қабылдауы қажет.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<