Монумент орнатудың қағидасы бар

109

0

Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы елімізде тұлғаларға ескерткіш орнату мәселесіне назар аударып, айрықша атап айтқаны белгілі: «Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды» деді Президент.

Ежелгі Сыр бойында өмір сүр­ген данышпан Қорқыт баба, Жалаң­төс баһадүр, Әйтеке би, Жанқожа, Бұқарбай батырлар, Мұстафа Шо­қай, Темірбек Жүргенов, Ғани Мұ­ратбаев сияқты қазақтың біртуар ұлдарына тұрғызылған еңселі ес­керткіштердің ел тарихындағы орны және оған деген құрмет – адамды елдің азаматы мен патриоты ететін басты түпқазық. Өз өлкесінің тарихына енген биік тұлғалы, қасиетті есімдерді ұлықтау мақсатында ес­керткіш орнату ел мүддесіне ор­тақ іс ретінде құптарлық. Десек те, өз ата-баба есімін ұлықтау мақса­тында ескерткіш орнатуды бастамашы ететін белгілі тұлғалардың ұр­пақтары, қоғам қайраткерлері жә­не басқа да белсенділер екені даусыз.

Президент Жолдауында трайба­лизмнің (рушылдық, қоғам­дық жік­ке бөлінушілікті тудыратын этнос ішіндегі ру-тайпалар мен жеке адамдар бойындағы тайпалық, ру­лық сезім) алдын алу үшін: «Соңғы уақытта тек бір өңірде белгілі адам­дарға ескерткіштер қою үрдісі байқалады. Жергілікті комиссия­лар бұған жол бермеуі керек. Рес­публикалық комиссия заңсыз ше­шімдердің алдын алуға тиіс. Егер барлығы тек ата-бабаларына ескерткіштер қойса, елде трайба­лизм мен жершілдік орнайды. Бұл мәселеге мұқият назар аудару қа­жет» деген болатын. Сондықтан ес­керт­кіштерді орнату кезінде заңды бұзбау, әлеуметтік салдардың пайда болуына жол бермеу керек екенін түсіну өте маңызды.

Ескерткіштер өзіндік мәдениет­тің дәстүрлері мен құндылықтарын сақтау және көбейту арқылы ұр­пақтар сабақтастығының дәнекері саналады. Олар мәдени мұраның маңызды компоненттерінің бірі ре­тінде әлеуметтік функцияларды орындайды, ғылымды, білім мен мәдениетті дамыту, патриотизм сезімін қалыптастыру, идеялық-адам­гершілік және эстетикалық тәр­бие беру мақсаттарына қызмет етеді.

Осы мақсатта Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі №103 бұйрығымен шық­қан «Монументтік өнер құрылыс­тарын орнату қағидаларын бекіту туралы» ережесіне бірқатар маңыз­ды өзгеріс енгізілді.

Жаңа қағида монументтік өнер құрылыстарын орнату жұмыстарын заңнама шеңберінде жүргізуге ба­ғытталған. Сондықтан қағидада қам­тылған маңызды талаптар жө­нін­де жұртшылыққа баяндауды жөн көріп отырмыз.

Осы қағидаға сай монументтік өнер құрылыстарын орнату жөнін­дегі жұмыс төмендегі талаптарға сәйкес жүргізіледі:

Бірінші, құрылысты орнату Үкіметтің 1999 жылғы 28 қыркү­йектегі № 1465 «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу тура­лы» қаулысымен айқындалған көр­некті тұлғалардың мерейтойлық және атаулы күндеріне орайлас­тырылады. Осы қаулыға сәйкес жа­ңа ескерткіштер белгілі тұлғалар мен айтулы оқиғалардың жүз жыл­дығына, одан кейiн әрбір ширек ғасырлық жылда орнатылады.

Екінші, құрылыстарды заңды немесе жеке тұлғаларға тиесілі жеке­меншік учаскелерде орнатуға ты­йым салынады.

Үшінші, бір елді мекенде жеке бір тұлғаның немесе тақырыптық маңызды тарихи оқиғаға арналған бір ғана құрылыс орнату қарасты­рылған.

Төртінші, облыстардың, респуб­ликалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы ор­гандары (ЖАО) құрылыс бойынша жұмысты жоспарға сай жүр­гізеді. Жоспарды министрлік әзір­лейді және жоспарға енгізу үшін ЖАО-лар өз ұсыныстарын қаржы­ландырумен, жер учаскесін бөлу туралы шешіммен тарих және мә­дениет ескерткіштерін қорғау жө­ніндегі жергілікті комиссияның хаттамасымен растауы қажет.

Бесінші, орнатылатын құрылыс­тардың үздік жобаларын ЖАО-лар республикалық шығармашылық кон­курс жариялау арқылы анық­тай­ды. Осы конкурстың нәтиже­сінде үз­дік деп танылған кемінде үш жоба монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі ко­миссияның қа­рауына енгізу үшін министрлікке жолданады.

Алтыншы, комиссия мақұлдаған құрылыстардың жұмыс жобалары ЖАО жоғарыда көрсеткен жос­парға сәйкес мерзімде орнатады.

Бұдан өзге Президент тапсырмасына сәйкес трайбалистік сипаттағы жаңа ескерткіштерді орнатуға жол берілмейді. Сонымен қатар жаңа ескерткіштерді орнату кезінде рес­публикалық ономастика комиссиясы бекіткен «Тарихи тұлғалар» тізімін басшылыққа алу қажет.

Алдағы уақытта жаңа ескерт­кіштерді орнату жөніндегі жұмыс­тар жоғарыда көрсетілген жаңа қа­ғидаларға, сондай-ақ Президенттің осы бағыттағы қосымша тапсырмаларына сай жүргізілетінін хабарлаймыз. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес келмейтін ұсыныстар қараусыз қал­дырылады.

Бұл шаралар – монументтік өнер құрылыстарын орнатуды реттеуге бағытталған тиімді қадам, сон­дық­тан заңнамалық тәртіпті қатаң сақтау қажет.

Монументтік өнер – ұлттың рухани кодын сақтау мен ұрпаққа жеткізудің бір жолы. Осы бағыттағы құқықтық өзгерістер ескерткіш ор­нату ісін жүйелі, ашық және жа­уапты үдеріске айналдыруға бағыт­талған. Ми­нистрліктің жаңа қағидалары осы саланың сапалы дамуына сер­пін береді және тарихи жадыны жаң­ғыртуға үлес қосады.

Ерғазы АЛДАНАЗАРОВ,

облыстық тарихи-мәдени

мұраны қорғау орталығы КММ басшысы