Мүгедек адамдарға бейімделген модельдік пәтер құру жобасы іске қосылды

1128

0

Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен жобасы аясында Қызылорда облысының оңалту орталығы базасында мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді модельдік пәтер құрудың пилоттық жобасы іске асырылды.

Жоба мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік оңалтуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік объектілерді бейімдеу-кедергісіз орта құру жөніндегі жұмыстың маңызды бөлігі. Біз инфрақұрылымды құру, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды оңалту бөлігінде стандарттар бойынша жұмыс істейміз. Бұл жоба – Министрлік пен БҰҰДБ-ның осы саладағы табысты ынтымақтастығының тағы бір мысалы, – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев.

Бүгінгі күні Қазақстанда 695 000 Мүгедектігі бар адам тіркелген, олардың ішінде 15 000 адам жүріп-тұру үшін кресло-арбаны пайдаланады.

БҰҰДБ қолдауымен Қызылорда облысы мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталығының үй-жайлары кіреберістен, залдан, жатын бөлмеден, ас үйден және дәретхана бөлмесінен тұратын екі бөлмелі пәтерге реконструкцияланды. Модельдік пәтер мүгедектігі бар адамның кресло-арбадағы еркін жүріп-тұруына толықтай бейімделген және тұрмыстық техникамен, арнайы жиһаздармен және құрылғылармен жабдықталған. Мысалы, пәтерде табалдырықтар жоқ, есіктер стандартты есіктерден кеңірек, жуынатын бөлме тұтқалармен жабдықталған, барлық жиһаздар мен жабдықтар креслолар пайдаланушы деңгейіне түсірілген. Сондай-ақ, пәтерге еденнен заттарды көтеруге арналған арнайы ас құралдары мен құрылғылар сатып алынды.

БҰҰДБ мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы Конвенцияны толық көлемде жүзеге асыруға шақырады, оның ішінде мүгедектігі бар адамның тәуелсіз өмір сүруі және өмірдің барлық салаларына жан-жақты қатысуы үшін жағдай жасау, – деп атап өтті БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш пәтердің ашылуында.

Бірлескен жоба шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу және оңалту әдістемесін әзірлеу жоспарлануда, ол кейіннен елдің оңалту орталықтарының жұмыс тәжірибесіне енгізілетін болады.

Оңалту орталығы базасында модельді пәтердің ашылуы жыл сайын 3 желтоқсанда атап өтілетін Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орайластырылған.

BAQ.KZ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<