Мұғалімдердің жалақысы көтеріледі

4062

2

Биыл ұлттық біліктілік тестілеуден 160 мың мұғалім өтеді. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық біліктілік тестілеуді өткізу мәселелері бойынша БҒМ өткізген онлайн баспасөз мәслихатында Шолпан Қаринова бұл сын – жалпы білім саласы, мұғалімдер мен педагогикалық мамандар үшін өте маңызды сұрақ екенін атап өтті.

«Баршаңыз білетіндей, елімізде «Педагогтар мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдердің нақты міндеттері айқындалғанын, жүктемелерін азайтуға байланысты министрдің бірнеше ұстанымын бұған дейін жеткізген едік. Заң аясында бірнеше нормативтік-құқықтық құжаттар қабылданды.

Ұлттық біліктілік тестілеу – жалпы мұғалімді аттестаттаудың екі кезеңінің біріншісі. Бірінші кезеңі – әдеттегідей тестілеу арқылы өткізіледі. Тестілеу кезінде мұғалімдер өз пәндеріне байланысты біліктілігін көрсетеді. Әдістеме бойынша сұрақтарға жауап беріп, аттестаттаудың екінші кезеңіне жолдама алады», – деді вице-министр.

Оның айтуынша биыл ұлттық біліктілік тестілеуге 160 мыңға жуық мұғалім қатысады.

«Биылдан бастап ЖОО-лардың педагогикалық мамандықтары бойынша түлектері осы тестілеуге қатыса алады. Тестілеудің екінші кезеңі мұғалімнің еңбегін кешенді талдау бойынша өткізіледі. Оның нәтижесінде мұғалімдердің бәрі де өз еңбекақыларын 1 қыркүйектан бастап 30-дан 50 пайызға дейінгі аралықта өсіре алады. Бұл – мұғалімді қолдап, еңбегін бағалауға байланысты жұмыстар. Сондықтан ұлттық біліктілік тестілеудің маңызы жоғары. Үстіміздегі жылдың 2 маусымы күні үрдіс барлық өңірде басталды», – деді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<