Мульттоптамалардың саны аз, сапасы мәз емес

1206

0

Гаджеттерге байланған өмір, әлеуметтік желі, виртуалды ойындар жайлы ақпарат көздерінде айтылып жүр. Дегенмен, балалар сүйіп тамашалайтын мультфильмдердің бүгінгі жағдайы қалай? Жас жеткіншектер қандай мультхикаяларды тамашалайды? Мұндай сауалдар қазіргі қоғамда жиі талқыланады.

Мультфильм – кітап пен ғаламтор үшін фильм, туынды, шығарма шығар, ал қоғам үшін идеология, тәрбиенің қуатты құралы. Бұл құрал бүгін баланы басқарса, ертеңгі күні болашағын басқаруы әбден мүмкін.

Мойындау керек тілі былдырлап, енді ғана қылық шығарып келе жатқан бүлдіршін күнұзаққа көгілдір экранға телміріп, сан түрлі мультхикаялардан көз алмайды. Бірақ көрсетіліп жатқан мульттоптамалардың пайдасынан гөрі зияны басымырақ.

Біріншіден, мультфильмдердегі жағымды кейіпкердің өзі зұлымдыққа барады. Осыдан кейін баланың психологиясы қалайша өзгермейді? Сол кейіпкерге ұқсағысы келіп, оның да қатігездікке бармауына кім кепіл?

Екіншіден, кейіпкерлердің сыртқы бейнесі бүлдіршіндер үшін аса маңызды. Дегенмен де, шетелдік туындыларда жағымды кейіпкердің өзінде жылылық, мейірімділік сынды қасиеттер кездеспейді.

Үшіншіден, мұндай мультсериалдардағы кейіпкерлердің ері қайсы, әйелі қайсы ажырату қиын. Ондағы ерлердің бойынан намысшылдық, ер жігітке тән қасиеттердің бірі де көрсетілмейді. Ал қыздары нәзіктіктен мүлде жұрдай. Жалпы, бұл тұрғыда барлығы керісінше жасалған.

Төртіншіден, айтылған сөздердің өзінде ешқандай тәрбиелік мән-мағына жоқ. Кей анимациялық фильмдерде кейіпкерлердің аузынан неше түрлі былапыт сөздердің шығатыны шындық. Бұл әлі қалыптасып үлгермеген кішкентай бүлдіршіндер үшін қандай тәрбие болмақ?

Қазіргі мультфильмдер жоғары технологиямен жасалғандықтан, бояуы қанық, кейіпкерлері құдды тірі адамдай, бала біткенді өзіне баурап алады. Бірақ олардың беретін тәрбиесі мықты деп айту қиын.

Мәселен, бүгінгінің балалары «Қаңбақ шал», «Қырық өтірік», «Құйыршық», «Қожанасыр», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» сынды мультфильмдерді көрмейді. Қызықпайтын себебі, оқиға желісін автор түсіндіріп, айтып тұрады, кейіпкерлері де кей жерінде сөйлеп, жай қозғалады. Балалардың тамашалайтыны бір-бірін қуып, жолдағы кездескеннің бәрін қирататын «Том мен Джерри», әркіммен қақтығысып, ұрысып жүретін «Спэндж Боб», бәрін қыратын «Кунг-фу панда», аюдың тілін алмайтын кішкентай қыз Маша.

Кез келген мектеп оқушысынан сұрасаңыз, Шрек пен Спэндж Бобты, Дара мен Диегоны, Бэтмен мен Кайланы, темір адам Тоботты туысқанындай танып, жеті атасын жатқа айтқандай судыратады. Мысалы, «Өрмекші адам» мультхикаясы да, киносы да бар. Тіпті базарларда дискісі мен киімдері толып тұр. Сол киімді киген бала, үйдің ішінде шкафтан диванға, диваннан еденге секіріп ойнайды. Мұндай мультфильмдерден балалар теріс тәрбие алып жүргені өтірік емес. Оқиға желісі шытырманға толы, кейіпкерлері ұрда-жық.

Кейбір мультхикаялар, мәселен, кішкентай қыздардың қызыға қарайтын «Феясы» жалаңаш. Осындай мультфильмдерді көрген қыз баласының көзі үйреніп, бойжеткесін ашық-шашық киінуді қалыпты жағдай деп түсінеді.

Бірнеше жыл бұрын жарық көрген отандық «Алдар көсенің қызықты оқиғалары» анимациялық фильмі көптің ойында қалды. Тіпті сауда орындарынан іздеп жүріп, сатып алатындар саны артты. Қазақ анимациясын тағы бір туындымен толықтырған Артур мен Игорь Краустар. Мұның бір «әттеген-ай» дейтін тұсы мультфильмде бүлдіршіндердің психологиясына кері әсер ететін әрі қазақы тәрбиеге жат дүниелер кездеседі. Мысалы, шық бермес Шығайбайдың бәйбішесінің аузынан шығатын «кәрі қақпас», «есалаң», «оңбаған» деген сияқты ерсі сөздер көп.

Алғашында көрерменнің көңілінен орын алған «Маша мен аю» мультхикаясы үлкендердің де санасын жаулады. Соңғы топтамаларына орыс елінің дәстүрін қосты. Мамандардың пікірінше, «Маша мен аю» мультсериалы балалар үшін қауіпті болып саналады. Себебі, туындыдағы кейіпкер қыз ерке әрі тәртіпсіз, ойындағысын орындамай қоймайтын шолжаң. Әйтсе де, қазақ арналарының біразында дөңгеленетін бұл мультхикая көптің ықыласына бөленген. Мүмкін бұл да рейтинг жинаудың, көрермендер санын арттырудың бір жолы болар.

Қазір көрсетіліп жатқан «Дала ойындары», «Айдар» және «Ертемір» атты 3D форматындағы анимациялық жобалар арқылы әрбір қазақ баласы супер қаһарман болғысы келіп жүр. Үш мультфильмнің де эфирлік қаралымы жоғары. Тіпті көрермен тарапынан жақсы пікір алып та үлгерген. Иә, бұл жобалар жеткіншектердің техниканың тілін меңгеруге, өжет болып өсуіне септігін тигізетін болар. Бірақ баланың психологиясының өзгеруіне әкеп соқтырады. Себебі, туындыдағы кейіпкерлердің сыртқы бейнесі, түр-әлпеттері адам көргісіз, тіпті құбыжық па дерсіз. Жоғарыда айтып өткеніміздей балаға ең алдымен кейіпкерлердің сырт келбеті тез әсер етеді. Сондықтан, жеткіншектерге жастайынан туған тілге, ұлтжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелейтін ең бастысы көрген кезде көз тоятындай мультфильмдерді көрсету аса маңызды.

Балалар мультфильм көрмесін демейміз, тек ата-ана өзі таңдап бергені дұрыс. Отандық анимацияда қазақ ертегілерінің желісімен түсірілген мультхикаялар жетерлік. «Мұзбалақ», «Күлтегін», «Толағай», «Әли мен Айя», т.б. қазақша анимациялық фильмдердің маңызы терең, сапасы жоғары. Ең бастысы қазақы дәстүрдің иісі аңқып тұрады.

Иә, әр фильмнің өзіне артқан аманаты, яғни міндеті бар. Бастысы қазақ анимациясына жауапты адам әдет-ғұрыпты бойына сіңірген болуы керек. Қаншама жылдан бері ақсап тұрған бұл саланы жандандыру әсте оңай емес. Дегенмен, баланы қызықтыра отырып, оған тәрбиелік мән құюдың бір міндеті осы аниматорларда.

Қазіргі мультфильмдердің кемшіліктерін одан әрі тізіп, шексіз жалғастыра беруге болады. Сондықтан, шетелдік дайын өнімді келсін-келмесін телеарнадан көрсете бермей, балалардың болашағына оң әсер ететін төл туындылардың шығуына атсалысуымыз қажет. Сондай-ақ, ата-аналар да бүлдіршіндердің өзгенің мәдениетіне еліктемей, өз ұлтының құндылықтарын бағалауға баулығаны жөн.

Аружан ЕРАЛЫ,

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<