Мың алғыс саған, Мундиаль!

393

0

Мың алғыс саған, Мундиаль! Ресейдегі футбол аламаны да өз мәресіне жетті. Әлем чемпионы анықталды. Жеңіске пара-пар ойындар, соңғы минуттарда соғылған голдар, сенсациялық нәтижелер, алаңдағы қуанышқа, өкінішке толы сәттер – бәрі де артта қалды. Талайдың делебесін қоздырған әлемдік доп додасы кезінде небір қызықты  жайттар болды. Солардың бірқатарын тағы да бір еске түсіріп өтелік.

• Германия құрамасының жанкүйері, 70 жастағы зейнеткер Губерт Вирт өз елінен Мәскеудегі Әлем чемпионатына 1936 жылы шыққан трактормен келді. Сағатына 30 шақырым жылдамдықпен қозғалатын трактормен 2500 шақырымды артқа тастап, бір ай дегенде Мәскеуге келіп жетті. Ол туған қаласынан 15 мамырда шыққан еді.  Тракторға сыртында «Hallo Moskau!» деген жазуы бар үлкен сыра бөшкесі тиелген. Оның ішінде Вирттің жол бойы өмір сүруіне қажеттінің бәрі болды.

• Исландиялық жанкүйер Гретер Йонсон чемпионат қарсаңында өз елінде 16 мың адам қатысқан  лоторея ойынынан «Нива» автомобилін ұтып алады. Содан кейін досы Кристи Кьяртанссон екеуі осы көлікпен Ресейдегі чемпионатқа баратын болып шешті. Әуелі Исландиядан Данияға дейін пароммен жетіп, одан кейін Ресейге жол тартты. Олардың Волгоградқа жетуіне барлығы он күн кетті.

• Ресейде өтіп жатқан Әлем чемпионатын тамашалауға бірге бармақ болған досын сүйіктісі жібермей қойса да, мексикалық жігіттер амалын тауып, оны өздерімен ала келген.  Достары Хавьердің суретін картон қағазға шығарып, барлық жерде де өздерімен бірге алып жүрді. Тіпті жейдесіне «мені әйелім жібермей қойды» деп жазуды да ұмытқан жоқ. Бұл фотосурет әлеуметтік желіде лезде тарап, көпшіліктің талқысына түскеннен кейін әйелі ақыры оны Ресейдегі доп додасына жіберді.

Осы мексикалық жанкүйер­лер топтық кезеңде Германияға тойтарыс берген ұлттық коман­даның жеңісіне қатты қуан­ғандары соншалық, аяқ асты жер сілкінісін «жасаған». Әрине,  Мексика құрама командасы ойынның 35-минутында гол соққанда бүкіл ел болып айқайлап, секіргені анық. Дәл одан жер сілкінісі бола қоймайтыны белгілі. Де­ген­мен, гол соғылғаннан кейін 7 секунд өткен соң Мекси­каның геологиялық және атмос­фералық зерттеулер инсти­тутының сезімталдығы жо­ғары датчиктері Мехико қала­сының екі ауданында жер дүмпуі тіркелгенін растады. Бұл сәйкестік қана.

• Бразилия – футболды ерекше құрметтейтін мемлекет. Бұл елде еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін аяқдоп өнері десе ішкен астарын жерге қоятыны бесенеден белгілі. Соны ескерген Бразилия үкіметі өз елінің командасы ойнайтын уақытта мемлекеттік қызметшілер үшін жұмыс уақытын өзгертті. Уақыт белдеулерінің алшақтығына байланысты Бразилия құрамасының ойындары күндізгі жұмыс уақытына тура келген еді. Алғашқы ойын таңертеңгі уақытқа сәйкес келген кезде жұмыс түскі сағат 14.00-де бас­талды. Түстен кейінгі мезгілге сәйкес келгенде қызметкерлер үйіне 13.00-де қайтып жүрді. Бұл бір жағынан дұрыс шешім екеніне  еш күмән жоқ. Өйткені, бұл ел тұрғындарының қандай жанкүйер екені барша әлемге мәлім. Өз елінің құрамасы ойнап жатқан кезде жұмыста ешкім отырмайтыны айдан анық. Міне, осылай жасағанның өзінде бразилиялық футболшылар үмітті ақтамады. Ширек финалда белгиялықтардан ұтылып қалған ойыншылар еліне оралғанда олар мінген автобусты жанкүйерлер жұмыртқа лақтырып қарсы алды.

• Испания мен Иран құрама­ларының ойынын тамашалауға келгендердің арасында екі ирандық жанкүйер ерекше көзге түсті. Олар қолдарына «Әй, оператор, бізді түсірмеші, әйелдеріміз бізді іссапарға кетті деп ойлайды» деп ағылшын және орыс тілдерінде жазылған үлкен плакат ұстаған болатын.  Бірақ бәрі керісінше болған секілді. Оларды әйелдері ғана емес барлық таныс­тары көрген шығар. Оған, әрине, әлеуметтік желі кінәлі.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<