Халық ақыны, айтыс ақтаңгері Манап Көкеновтің туғанына 90 жыл толды. Осы уақытқа дейін Мәкеңнің өмір жолы, ақындығы, жеткен жетістіктері туралы республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда көптеген мақала, бірнеше кітап жарық көрді. Ақын мерейтойына орай мен осы уақытқа дейін еш жерде жарияланбаған, «Клуб и художественная самодеятельность» журналында жазылған мақала туралы баяндауды жөн көрдім.
1982 жылдың қыркүйек айы болатын. Облысымызда күріш орағының қызған кезі. Мен облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет атқаратынмын. Түстен кейін есеп бөлімінің қызметкері мені Мәскеуден телефонға шақырып жатқанын хабарлады. Телефон құлағын таңдана көтергенім сол еді, ар жағынан сыпайы үн қатқан әйел даусы естілді. Өзін Мәскеуден шығатын «Клуб и художественная самодеятельность» журналының қызметкері Лариса Ширкомын деп таныстырған ол жақын арада бізге, шопандарға мәдени қызмет көрсету жайлы мақала жазу үшін келетінін айтты. Сапардың билеті де дайын екен, түнде жолға шығатын көрінеді.
Басқарма бастығы Ж.Үмбетов облыстық партия комитетіне жиналысқа кеткен. Келгесін болған жағдайды баяндадым. Ақылдаса келе, Шиеліден автоклуб меңгерушісі Әлмырза Ноғайбаев және Жаңақорғаннан «Қызыл отау» меңгерушісі Манап Көкеновтің малшыларға қызмет көрсету іс-тәжірибесімен таныстыруды жөн көрдік.
Өзім бір аптадан кейін Мәскеуге бір айлық білім жетілдіру курсына баруым керек болатын. 23 қыркүйекте Л.Ширконы күтіп алып, алдымен Шиеліге тарттық. Әлмырза Ноғайбаев мәдени қызмет көрсететін «Еңбекші» ауылының шопандарын аралаттық. Келесі күні Манап ағамыздың ауылына барып, «Қызыл отауымен» танысты. Жаңақорған ауданының атақты шопаны Ш.Салмырзаеваның үйінде болып, әңгімелесіп, мейманымыз біраз мәлімет жинады. Одан әрі қонағымызды тарихи Сауран қаласының орнымен, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейімен таныстырдық.
Апталық сапар лезде аяқталып, мен Л.Ширкомен Мәскеуге бірге ұшып барып, оқуыма кірістім. Арасында жексенбі күндері журналистің үйіне соғып, жазып жатқан мақалаларын бірге талқыладық. М.Көкенов туралы «Манап – акын и культпросветчик» атты мақала 1983 жылдың сәуір айында жарық көрді. Ал Ә.Ноғайбаев жайлы мақала кейінгі нөмірлерінде шықты.
Л.Ширко Мәкеңмен бірінші кездескен сәтін «Көп адамның түсінігінде ақын – үлкен жастағы құрметті ақсақал, тіпті мен де Қазақстанның халық ақыны, республикаға еңбегі сіңген қызметкер, «Қызыл отау» меңгерушісі Манап Көкеновті солай елестеттім (ол кезде Мәкең 55 жаста еді). Алайда алдымнан нығыз денелі, қасы мен кірпігі аппақ адам шыға келгенде мен Қызылорда облысында емес, Орлов өлкесінде жүргендей сезіндім. Манап Көкенов менің ойымды сезіп: «Қазақтың орнына орысты көріп таң қалдыңыз ба?» – деп жымиды. Қасымдағылар күліп жіберді, сонымен таныстық әрі қарай жеңіл болды» деп баяндапты.
Мақалада Мәкеңнің «Қызыл отау» меңгерушісі ретінде 23 колхоздың ондаған, тіпті жүздеген шақырым қашықтықта орналасқан шопандарына мәдени қызмет көрсетудегі алғашқы қадамдары жайлы баяндалыпты. Шопандарды қысы-жазы аралау, кітап, газет-журналдарын жеткізу, кино, концерт қою, мәдени-үгіт бригадаларының қойылымын ұйымдастыру жайы бір бөлек жазылған.
Мақалада айтыс өнері туралы кеңінен мағлұмат беріліп, әрі қарай Мәкеңнің айтыскерлігі айрықша көрсетілген. Оның көптеген аудандық, облыстық, республикалық айтыстардың жеңімпазы екені айтылады.
Сонымен қатар Мәкеңнің халық фольклорын зерттеушілігі, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінің кітапханасына ел арасынан көне 14 кітапты жинап өткізгенін, ақын Құлан Алдабергенұлының шығармаларын жинақтап, Қазақ ССР Ғылым академиясына тапсырғаны жайлы баяндалады.
Манаптың аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі ретіндегі қызметі, оның аудандық, облыстық басылымдардағы өлеңдері, айтыстары, өзі қызмет ететін шаруашылықтардағы шопандар туралы мақалалары, олардың мұқтаждықтары туралы сықақ өлеңдері де қамтылыпты.
Ол өзі қызмет көрсететін шаруашылықтардың және ондағы шопандардың жеке-жеке көрсеткіштерін жатқа білетін. Жаңақорған ауданындағы екінші «Қызыл отаудың» меңгерушісі Есіркеп Қоңқабаев ағамызбен бірге кезекті іс-сапардан келісімен аудандық кітапханадағы газет-журналдармен танысып, шопандардың сұранысына байланысты келесі сапарға қажетті әдеби кітаптарды жинақтайтын, костюмінің қалтасында «Социалистік Қазақстан», «Правда», «Известия», «Ленин жолы» газеттері жүретін.
Манап ағамыз өзінің кішіпейілділігімен халық арасында құрметке бөленген адам еді. Соның айғағы ретінде мына жағдайды да айта кетсем деймін. Тілшімізді Түркістан қаласына апарып, қайтып келе жатқан кезде жолда милиция қызметкерлері екі бағытта келе жатқан барлық көліктерді тоқтатып, әр адамға 5 келіден мақта жинауды міндеттеп жатыр екен. Оның бейнетінен хабары жоқ мәскеулік қонағымыз қызық көріп «Теріп көрейік» – деді. Жүргізушіміз милиционерге барып, Манап ағаның мәскеулік қонақпен келе жатқанын айтып еді, сақшы Мәкеңе келіп сәлем беріп, кешірім сұрап, бізді жіберді.
Мәкеңнің айтыскер ақындығы мен мәдени қызметі жайлы айтылар сөз өте көп. Алда «Бір өзі – бір театр атанған» ағамызбен бірге қызметтес болғандар әлі де жазар деген ойдамын.
Айша МЕҢБАЕВА,
мәдениет саласының ардагері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<