Мемлекеттік-жеке әріптестік – бүгінде ел экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тарта отырып, бизнесті мемлекетпен бірлесе дамытуға септесетін үлкен жобалардың бірі. Бюджеттің қарымы жете бермейтін, әсіресе, маңызы зор әлеуметтік жобаларға жеке бизнесті тарту Елбасы бастамасымен жүзеге асырылуда.
Осы орайда Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның бірі де жекеменшік медицина саласын дамыту. Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында көптеген жобалар жүзеге асырылғаны белгілі. Облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы алғашқы медициналық нысан – «ALEXEY SULTAN AKHMEТ» емханасы 2017 жылы ашылды.
Ауысымына 400 келушіге арналған емхана 38 мыңнан астам тұрғынға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Емхана құрамында 32 төсектік күндізгі аурухана, зертханалық бөлім, гинекология, функционалдық диагностикалық бөлімдері бар. Емхана соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған.
– Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ашылған емхананың өзге емханалардан айырмашылығы, мұнда соңғы үлгідегі заманауи құрылғылар орнатылған. Ондағы мақсат – тұрғындарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген түрі бойынша сапалы қызметтер көрсету. Сонымен бірге ақылы негізде де қызметтер көрсетіледі,– дейді емхана директоры Алтынкүл Қосмұратова.
Расында, емханада ауруды ерте анықтауға және дәл диагноз қоюға мүмкіндік беретін заманауи құрылғылар баршылық. Мәселен, ультрадыбыстық зерттеу кабинетіндегі УДЗ құрылғысы жоғары эксперт санатты 3d-4d форматты құралдардың соңғы модификациясы болып табылса, маммография, рентген аппараттары да дертті дәл анықтауда маңызға ие. Сонымен бірге мұндағы ЛОР комбайны мен құрал-саймандарды зарарсыздандыруға арналған соңғы үлгідегі швейцариялық DGM қондырғысы да өзге емханаларда кездесе бермейді.
Сондай-ақ, емханада медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін мамандар біліктілігін көтеруге де мән беріледі. Оған қоса ақпараттық технологияларды қолдану аясын кеңейту арқылы қызметкерлердің қағазбастылығын азайту, сол арқылы науқастарға көп көңіл бөлу мақсатында «қағазсыз құжат айналымына» көшу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында аймағымызда, тіпті республикада алғаш болып ашылған «ALEXEY SULTAN AKHMEТ» емханасы алдағы уақытта да тұрғындар саулығын қорғау бағытында еңбек ете бермек.
Айта кету керек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сүйенсек, биыл салада мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асырылуда. Тұрғындарға медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, материалдық-техникалық базаны жақсарту мақсатында алдағы уақытта 1 емхана ашылып, 9 дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізіледі және құрал-жабдықтар сатып алу үшін 3 жоба атқарылады деп жоспарлануда.
Айнұр БАТТАЛОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<