Нарық талабын меңгерген

400

0

Нарық талабын меңгерген Кәсіптің көзін табамын деген адамға ешнәрсе кедергі емес. «Тәуекел ет те тас жұт» дегенді берік ұстанғандар алға қойған мақсатына жетпей тыным таппайды. Заман ырғағына сай икемделе өмір сүруді үйренген шиелілік Тұрдықал Баймағамбетованың ісі көпке үлгі.
Зейнет жасындағы кәсіпкер аудандағы қонақүй, мейрамхана, сауда үйнің жұмысын дөңгелентіп отыр. Ең алдымен 2007 жылы «Даму» қорынан 2 млн теңге алып, «Мейір» қонақүйін салды. Одан кейін арада бес жыл өткен соң, «Бота» сауда үйін, 2016 жылы «Нұрай» мейрамханасын, былтыр «Қайсар» супермаркетін іске қосты. Бұл істің бәрін, әрине, бір өзі жасау мүмкін емес. Өмірлік серігі, 45 жыл отасқан жолдасы Қуанышбек аға әрдайым жанынан табылса, барлық жұмысты балалары мен келіндері жұдырықтай жұмыла атқарады. Мәселен, үлкен ұлы Қайрат пен келіні Айтолқын ұйымдастыру жұмыстарын ұршықша иіреді. Олар «Қайсар» супермаркетінің жұмысына жауапты болса, Марат  пен Гүлбаршыны мейрамхана қонақтарын жайғайды. Барлық есеп-қисап жұмыстарын Тұрдықал апайдың өзі басқарады. Ал қыздары Ләззат, Жанат, Құралай өзге салада қызмет етіп, еліміздің дамуына үлес қосуда. Бүгінде 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, олардың барлығына уақытылы жалақы мен зейнетақы жарнасын аударып отырған кәсіпкер уақытша ­даяшылықпен айналысатындарға да қолма-қол төлем жасайды.
Күннен күнге көріктеніп келе жатқан Шиеліде 14 жаңа типті мейрамхана халыққа қыз­мет жасайды. Соның ішінде «Нұрай» мейрамханасының жөні бөлек. Өйткені, мұндағы ғимарат та әсем, қызметі де сапалы. Апта бойы бұл жерден қонақ бір үзілмейді. «Даму» қорының қолдауымен 10 млн теңге алып, 400 орындық мейрамхананы көздің жауын алатындай жасандырған.
Нарықтық қатынастың талабын терең меңгерген кәсіпкер ауызбірлік  берекеге бастайтынын айтады.
– Алақандай ауданымыздың бүгінгі бейнесі қаладан кем емес. Заманауи әсем ғимараттар салу бір бөлек, ондағы қыз­меттің сапасы мен халықтың көңілінен шығу – біздің басты мақсатымыз. Кәсіп игеру тұрмыстың жақсаруына, қоғамның дамуына, бәсекелестік алаңының қалыптасуына мүмкіндік жасайды. Бұл жолда адал еңбек қана жетістікке жеткізеді, – дейді кәсіпкер.
«Кәсіптің қөзін тапқан, нәсіптің өзін табады» дегендей, ешкімге қол жаймай, еңбек еткен жанның қашанда абыройы асқақ, мерейі үстем. Оны отбасылық бизнеске айналдырып, жақындарының да сапалы өмір сүруіне жағдай жасау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Тұрдықал Баймағамбетова – кәсібінің ғана емес отбасының да берекесін тасытып отыр­ған абзал ана.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<