NASA-да жұмыс істейтін қазақ азаматы туралы не білеміз?

576

0

Аягөз ауданының тумасы Дархан Нұрмағамбет 16 жыл бұрын АҚШ-қа көшіп кетіп, бүгінде америкалық ғарыш агенттігінде жұмыс істеп жүр деп жазады altaynews сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Дархан Нұрмағамбеттің НАСА-да ғарыш стансаларын автоматтандыру технологиясын жетілдіру саласында жұмыс істеп жүргеніне 13 жыл болған. Осы жылдардың ішінде «Союз», «Кейп Канаверал» сынды пилоттық жобаларға қатысыпты.

«Шаттл» ғарыш кемесінің ұшырылғанын неше мәрте көрдім. Мұның қандай сезім екенін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Еуропалық ғарыш агенттіктерімен де ынтымақтастық орнатып, олармен өзара тәжірибе алмастым», – дейді Дархан.

Жерлесіміз АҚШ-тың Вирджиния штатына көшіп барғаннан кейін сол жерде Қазақ-Америка қауымдастығын құрған екен.

Ондағы негізгі мақсаты шет елде жүрген қазақтардың басын қосып, ұлттық дәстүрді насихаттау, жастар жүрегіне патриоттық сезімді ұялату болыпты.

«Мен Семей облысының Шұбартау ауданының Бидайық ауылында туылғанмын. Қазақы тәрбие алғандықтан, бойымдағы бар қасиеттермен басқалармен бөліскім келді. Бұл жердегі қандастарымызға барымды салып көмектесемін», – деді ол.

Америкаға көшіп келгеннен кейін Дархан мырза швецариялық компанияда жұмыс істеген екен.

Одан кейін аэронавтика мен ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасына орналасқан.

«Жұбайым Аяулым бастапқыда «Оракл» компаниясында директор қызметін атқарды. Көп ұзамай өнер саласына ауысып, қазір АҚШ-та бетке ұстар музықалық ұжым саналатын «Балауса» хорын құрды», – деп Дархан мақтанышын жасырмады.

Дархан Нұрмағамбеттің айтуы бойынша, Америкада жұмыс табу қиынға соқпаған, себебі отанымызда берілетін білім мұнда жоғары бағаланады екен.

Ендігі оның арманы – балаларының да өзінің жолын қуып, ғарыш саласына келуі екен.

«Өз елінен ұзақта жүрген қандастарымыз туған елінде не болып жатқанын білуі керек. Оларға ақпаратты беріп отыру біздің парызымыз» , – деді жерлесіміз.

Осы мақсатта Дархан мырза жиі Америкадағы қандастардың басын қосып, оларға ұлттық құндылықтарды үйретіп отыратынын айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<