Кеше облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы активінің қорытынды отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, этномәдени бірлестіктің жетекшілері мен облыстық ассамблея құрылымдарының басшылары қатысты.
ҚХА-ның 25 жылдығы аясында өткен басқосуда Серік Ахмет елдегі достық пен бейбітшілікті сақтауда ерекше рөл атқарған құрылымның маңыздылығына тоқталды.
– ҚХА – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған бірегей құрылым. 25 жыл ішінде ол жай ұйым ретінде ғана емес Конституциялық мәртебесі бар қоғамдық-саяси институтқа, мемлекеттің саяси жүйесінің құрамдас бөлігіне айналды. Ол өзінің маңызы мен қажеттілігін көрсетті. Облыстық ассамблея жыл басынан бері 318 іс-шара, оның ішінде Қызылорда қаласында 137 іс-шара, аудан орталықтарында және Байқоңыр қаласында 181 іс-шара ұйымдастырды, онда 17 мыңнан астам онлайн аудитория қамтылды. Бүгінде өңірде 11 этномәдени бірлестік, аудандарда 6 этнобағыттағы үкіметтік емес ұйым, 118 аналар кеңесі, 165 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс жүргізеді.
Сонымен бірге ғылыми-сарапшылық топ, медиация кабинеті, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы, депутаттар және кәсіпкерлер тобы, журналистер мен сарапшылар клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, қайырымдылық бағытында үйлестірушілік және қолдау көрсету мен волонтерлық орталықтар жүйелі жұмыс жүргізуде.
Айта кету керек, ассамблеяның бастамасымен 5 мыңға жуық медициналық маска таратылды, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына арналған ӨЖЖ аппараты сатып алынды. Сондай-ақ, «Мың алғыс!» акциясында 2 мың медицина қызметкеріне 14 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Осы ретте облыстық ассамблеяның барлық мүшелеріне, этномәдени бірлестіктердің басшыларына игілікті еңбектері үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Келелі басқосуда ассамблея қызметі, өңірдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытындағы жұмыстар төңірегінде қалалық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішев, неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ирина Шек, «Қазақстан корейлері қауымдастығы» облыстық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Юрий Ким ойларын ортаға салды.
Жиын барысында талқыланған мәселелерге сәйкес бірлік пен келісімнің әлеуметтік капиталын нығайту, этникалық мәселені саясиландыруға жол бермеу, әлеуметтік зерттеулер жүргізу, этникалық топтар көп орналасқан аудандардың этноәлеуметтік паспортын дайындау, қоғамдық келісімді қолдау мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар арқылы қаржыландыру көлемін арттыру, отбасылық құндылықтарды насихаттау тұрғысынан облыстық басқармалар мен облыстық ҚХА-ға бірқатар міндеттер жүктеді. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары С.Ахмет аталған міндеттердің орындалуы облыстық ассамблеяның жұмысын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Іс-шара соңында бірлік пен тұрақтылықты ілгері дамыту жолында елеулі еңбек еткен жандарға ассамблеяның «Бірлік» алтын медалі мен Құрмет грамотасын, сондай-ақ, «Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық медалін» және облыс әкімінің құттықтауын табыстады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<