Адам баласы тіршілігінің құпиясы мол екені белгілі, оны пенде шіркін бірде түсінсе, бірде түсінбей жатады. Алайда осының барлығы адамдар қарым-қатынасына байланысты екені де анық. Ол бірде маған: «Кезінде бірталай шаруаны шешетін мүмкіндігім болды, талайлар шаруа айтты, ал сен пәленбай жылда бір рет шаруа айтып келмедің-ау» деді. Мен: «Біреуге шаруа айту дегенді жаным жақтырмайды. Ал сол саған өтініш айтушылармен қазір қарым-қатынасың қалай?» деймін. «Е… Олар кетті ғой…» дейді лекіте күліп.
Жазу дегенді қойсайшы, екеуміз де Арал ауданынанбыз, алайда Аралда емес, Алматыда, ҚазГУ жатақханасында таныстық. Қолынан «Комсомольская правда» мен «Советский спорт» газеттері түспейтін. Жылдам сөйлейтін оны алғашында орыстілділердің бірі ғой деп те қалғанмен, кейін араласа келе нағыз спорт жанкүйері екеніне көз жетті. Осыдан тура он жыл бұрын, алпыс жасқа толуына орай жазған мақаламда студенттік кезден бері талай заман өткенін айта келіп, «Осыдан кейін қалай ғана «Пенде баласына жалынан ұстатып көрмеген уақыт-сәйгүлік зымырап-ақ келеді екен ғой» демессің» деп бір ой түйген екенмін. Енді бүгін жетпіске толғанда соны қайта айтып, ойтамызық қылып отырмын.
Ішкі істер саласында жауапты қызмет атқаратын Жамаладин Жанмолдаев 1955 жылы 29 наурызда өмірге келген ұлына Бақытжан деп ат қойғанда кейін оның үлкен ғалым, белгілі ұстаз болатынын білмеген болуы да мүмкін. Алайда ел бақытына қызмет етсін, бақытты жан болсын деп тілегені анық. «Әкем қатал әрі өте әділ адам еді, өзін үнемі әскери тәртіпте ұстайтын, сақал-мұрты, шашы өскен адамды ұнатпайтын. Балаларға өте мейірімді болатын, біздің жақсы білім алуымызға ерекше көңіл бөлетін» дей келе Бақытжан: «Содан ба бәлкім, мен жас кезімнен-ақ математикаға ынталы болдым. Кейде бір қиын есепті шығара алмай түн ортасына дейін отырып қалып, ұйқы қысқан кезде далаға шығатынмын. Үй теңіз жағасында ғой, сондайда теңіз беттен жел тұрып, ерекше ашқылтым, кермек ауа соғар еді, сосын шаршағаным сап болар еді» деп еске алады.
Иә, денсаулығына байланысты басқа жұмысқа ауысқан әке балаларының болашағынан үлкен үміт күткені анық. Айлық жалақыны алған күні ол кісі арнайы кітап дүкеніне соғып, үлкен тор қалтаны толтыра кітап әкеледі екен. «Шешем әкеме сөйлеп жататын «Қанша ақшаны құртып мұншама кітап алғаның не» деп. Әкемнің сол кітапқұмарлығының арқасында біздің үйде қазақ, орыс әдебиеті классиктерінің еңбектері түгелге жуық болатын. Біз де көркем әдебиет оқу арқылы өстік қой» дейді сонау алыста қалған балалық шаққа деген сағынышы өңіне тепкен ол.
Бақытжан Арал қаласында үш мектепте оқыпты. Әуелі 1962 жылы №86 сегізжылдық мектептің бірінші класына оқуға барады, кейін үйіне жақын тұстан №199 сегізжылдық мектеп ашылған соң соған ауысады да, оны бітіріп, онжылдық мектепте оқуын жалғастырады. Сөйтіп, 1972 жылы №15 қазақ орта мектебін тәмамдайды. Ол қай мектепте оқығанда да математикаға деген ынтасымен, көркем әдебиетке деген құмарлығымен ерекшеленетін. Содан болар, оқушы кезінен-ақ математикадан облыстық, республикалық, одақтық деңгейдегі олимпиадаларда топ жарды, 6-7 класта жүргенде-ақ бала тілші ретінде танылды. Мектеп өмірінен жазылған мақала, суреттеме, хабарлары «Қазақстан пионері», «Дружные ребята» газеттеріне жиі жарияланып тұратын оған бір күні ерекше бандероль келді. Әке-шешесі мұның оқудан келуін күтіп отыр екен, баласының жүзіне алаңдай қарайды. Бандероль сыртында жіберуші ретінде «Қазақстан пионері» газеті көрсетіліпті. Бұл да ішінен «Мынау қызық екен… Не болды екен?» деген мазасыз ой жетегінде қаптаманы ашты. Ішінен мадақтау қағазы, редактор қол қойған тілекші хат және мұның «Қазақстан пионері» газетінің штаттан тыс тілшісі екенін көрсететін куәлік шықты. Қызыл куәлікті ұстап тұрып жүрегі аузына тығылғандай болды. Толқығандықтан ғой, сәлден соң куәлік отбасы мүшелерінің бірінің қолынан екіншісіне өтіп, бұларға үлкен қуаныш әкелді.
Бүгінгі күні біреулер: «Олай еді, бұлай еді» деп жатқанмен бұрынғы Кеңес одағында білім мен ғылымға ерекше маңыз берілгені анық және 1960-1980 жылдары барынша даму деңгейіне көтерілді. Математикаға ерекше бейімділігімен көзге түскен аралдық оқушылар Серік Алдашевтің (кейіннен физика-математика ғылымдарының докторы, профессор атанды) 1969 жылы Новосибирск қаласында өткен математикадан Бүкілодақтық оқушылар олимпиадасында жүлделі орынды иеленуі, Бақытжан Жанмолдаевтың 1971 жылы Рига қаласында өткен Бүкілодақтық олимпиадада және 1972 жылы Челябинск қаласында өткен Бүкілодақтық олимпиадада жүлделі орындарды иеленуі де осы кезең еді.
Иә, мектеп оқушысы кезінде математика пәні бойынша облыстық, республикалық және бүкілодақтық олимпиадалар жүлдегері болған ол М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы сырттай оқытатын математика мектебін бітірді. 1972 жылы орта мектепті бітірген Бақытжан өзінің ықыласы құлаған математика ғылымын терең үйренуді мақсат етіп Алматыға бет алды. Жүздеген талапкер арасынан оза шығып, қазақ білімі мен ғылымының қасиетті қарашаңырағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті атанды. Сол мехматтың студенті бүгін міне, жетпіс жасқа толып, үлкен әулеттің көшбасшысы, республикаға белгілі ғалым, ұстаз, ғылым докторы, профессор атанып отыр.
1976-1978 жылдары Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеген Бақытжан туған ел топырағына табаны тиісімен Алматыға сапар шекті. Әрі қарай оқуын жалғастырды. Оқу да бітті, қолдарына диплом тиген курстастары жан-жаққа кетіп жатты. Ол студент кезінде-ақ ғылыми жұмысқа ынталығымен көзге түскенмен, осыған байланысты түрлі ұсыныстар болғанмен елге оралып, ұстаздық қызмет еткенді жөн көрді.
Еңбек жолын 1982 жылы Арал қалалық Н.Крупская атындағы №14 орыс мектебінің математика пәнінің мұғалімдігінен бастады. Д.Федоров, Р.Гужвина, А.Пидде сынды тәжірибелі, білікті ұстаздармен әріптес болып, бір ұжымда қызмет ету жас маманды шыңдай түсті, олар да бұған үйретуден жалықпады. Ынталы, білімді, зерек жас әріптестерінің тазалығына, іскерлігіне қызыққан олар мұны оқу ісінің меңгерушілігіне ұсына бастады. Алайда, аудандық оқу бөлімі басшылығы жас маманның педагогтік өтіліне әлі жыл толмағанын алға тартты.
Жазу ғой, келесі, яғни, 1983 жылы ол Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты Қызылорда филиалының «Жоғары математика» кафедрасына оқытушы болып ауысты. Не дегенмен жоғары оқу орнының аты – жоғары оқу орны ғой, алғашқы сабаққа дайындық кезінде толқығаны, алаңдағаны әлі есінде. Міне, содан бері де 42 жыл өтіпті. Осыдан соң қалайша зымырап бара жатқан уақыт-ай демессің. Осы жылдар аралығында ассистент-оқытушы, оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, институт директоры қызметтерін атқарған Бақытжан Жанмолдаев ұстаздық пен ғалымдық жолын тең ұстап ғылым докторы атанды.
1990-1993 жылдар аралығында Мәскеу мемлекеттік құрылыс университеті аспирантурасының күндізгі бөлімінде оқыды. Ғылыми-зерттеу жұмысын аяқтап, 1993 жылы желтоқсан айында осы университеттің диссертациялық кеңесінде «Колебания пластин, находящихся под поверхностью деформируемой среды» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды.
2000-2002 жылдары осы оқу орнының докторантурасында оқып, өзі зерттеп жүрген саланың қыр-сырына қанықты. 2004 жылдың қаңтар айында Самара мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының диссертациялық кеңесінде «Динамическое поведение конструкций, находящихся в деформируемой среде» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, техника ғылымдарының докторы атанды.
Жоғары оқу орнында дәріс бере жүріп Бақытжан Жанмолдаев ғылыми ізденістерін жалғастыра берді. Ол 70-тен аса ғылыми, ғылыми-әдістемелік еңбектің, 1 монографияның, 2 оқу құралының авторы, оның 7 мақаласы skopus деректер базасына енген. Осы жылдар ішінде ғалым-ұстаз орта мектеппен байланысын үзген емес, ол дайындаған оннан аса оқушы математика бойынша республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобалар конкурстарында жүлдегер атанды.
Бақытжан жары Зоя екеуі үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығының да жоғары білім алуына мүмкіндік жасады. Олар өз мамандықтарының бағыты, өз салалары бойынша Астана, Ақтау қалаларында қызмет атқаруда. Қызы Айжан отбасымен АҚШ-тың Калифорния штатында тұрады, сонда қызмет атқарады.
«Жетпіске жеттің, әлі қызметтесің, ғылым докторысың, профессорсың, балалар да өз алдына бір-бір үй, Құдайға шүкір Бақытжан, мұратқа жету – деген осы болар» деймін мен. «Әрине, мың мәрте шүкір! Алайда, ойда әлі талай шаруа, жазсам деген еңбектер бар. Бәлкім арман болып қалар, бәлкім жүзеге асар. Елге шамам келгенше қызмет ете берсем» дейді.
Иә, бүгін жетпіс жасқа толып отырған ғалым, ұстаз Бақытжан Жанмолдаевтың өмірлік мұраты – елге қызмет ету. Өзі таңдаған мамандық сырын кейінгілерге үйрету, үнемі ғылыми ізденісте болу. Мерейтой қарсаңында біз ғалымға «Мақсатқа, мұратқа жетуді жазсын!» деген тілекпен ойды түйіндедік.
Алдажар ӘБІЛОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<