Өмір шырақшысы

7

0

Түн тыныштығын бұзған қоңырау үнінен шырт ұйқыдан оянып сағатына қарады. Сағат тілі түнгі 3-ті көрсетіп тұр. Басына келген бірінші ойы «Япыр-ау, шұғыл ота жасайтын науқас келген болар?» Беймезгіл соғылған қоңыраудан ұйқысы шайдай ашылды. Расымен де солай болып шықты.

Дәрігердің ойы алдамапты. Жүрек те сезімталдығынан жаңылмапты. Оның үстіне бірдеңені сезгендей түні бойы дөңбекшіп бірер сағат бұрын ғана көзі ілінген еді. Адам баласының ойы неткен жүйрік. Десе де мұндайда бәрін ше­шетін уақыт. Бір секунд кешігуге болмайды. Науқастың өмірін сақтап қалу үшін дереу ау­руханаға жету керек. Мүмкіндікті мүлт жіберсең, үміт жібі үзілмек. Өзін асықтырған құдіретті тылсым күшке бағынып жеткені сол еді, шынымен науқастың жағдайы ауыр екен. Жанын шүберекке түйген дертті жан өзіне қадала қарап жатты. Бейне «соңғы үмітім сізде» дегендей. Отаны бастап та жіберді. Өзі ойлағаннан да күрделі екен. Науқаспен бірге қиналды. Шүкір, бес сағат дегенде бітті-ау әйтеуір. Маңдайынан үздіксіз тамған қара терге малшынғанын сонда сезді. Қауіп сейілді. Дел-сал болған денесін жазып еркін тыныстады. Үміт оты жанды. Науқастың сө­нуге сәл қалған өмір шырағы қайта лаулады.

Осындай қиын сәтті жеңіп, бір сәт сер­пілгенде ақ халатын кір шалмаған білікті дәрі­гердің өткен өмір жолы есіне түсті. Жарты ғасырлық тәжірибесін жас буынға үйретуден ешбір шаршаған емес. Дәрігердің басты қағи­дасы – Гиппократ антына адалдық, ажалмен бетпе-бет келгенде қырағылық пен жедел әрекет, сабыр мен салқынқандылық, сын са­ғатқа дайын болу.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – жоғары санатты хирург, травматолог-ортопед, УЗД дәрігері, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің ие­гері, Байқоңыр қаласының құрметті азаматы Нұр Қарасай Ердешұлы.

Өмір шырақшысы

Республикаға танымал білікті дәрігер 1956 жылы 6 наурызда Арал ауданы Ақшатау-Аман­өткел ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1976 жылы Қазалы ауданының Жаңа­құ­рылыс совхозында мал дәрігері болып бас­таған.

1986 жылы Целиноград мемлекеттік ме­дициналық институтының емдеу факультетін бітіргеннен кейін облыстық ауруханада ин­тернатурадан өтіп, 1987-1992 жылдары Ленинск қаласының ауруханасына хирург-дә­рігер қызметіне келді. Мұнан соң меке­менің қайта құрылуына байланысты Ресей феде­рал­дық медициналық-биологиялық агент­ті­­гі №1 орталық медициналық-сани­тар­лық мекемесінің хирургия-травмотология бө­­лі­мінде 22 жыл меңгерушілік қызметін абырой­­мен ат­­қарды. 1995-2010 жылдары Бай­қоңыр қа­лалық ме­ди­циналық учи­ли­щесінде педагог, 2016-2019 жыл­дары Қызылорда облыс­­тық меди­цина орталығы Байқоңыр қа­ла­­сын­­дағы филиалының тұңғыш директоры ла­уазы­мына таға­йындалды. Фи­­лиалдың қайта құры­луына байла­нысты Байқоңыр қаласының көп­бе­йінді ауруха­­на­сынан хи­рургия бөлімінің ашы­луына еңбек сіңіріп, аталған бөлімнің меңге­рушісі болды.

Қаншама басшылық лауазымды қызмет­терді атқарумен қоса өзінің дәрігерлік мін­детін, науқастардың алдындағы жауап­кер­шілігін, ме­дицинадағы жаңа заманауи тех­но­логияны игерудің маңызын бір сәт ұмытқан емес. Дә­рігердің басты мұраты – халықтың ден­сау­­лығын сақтаудың қыр-сырын меңгеріп, ме­дициналық білімін жетілдіріп, оны жас буынға үйрету. Ол – Алматы, Курган, Волгоград қалаларында білімін жетілдіріп, қалалық ауру­ханада алғаш рет Илизаров аппаратымен науқастарды емдеу тәжірибесін енгізген білікті дәрігер, эндоскопиялық жолмен ота жасауды тұңғыш игерген бірден-бір маман. Аппаратпен сынған сүйекті емдеуді Гав­риил Абрамович Илизаровтың өзінен Кур­ган қаласында үйренген. Алтын қолды дә­рігер 10 мыңнан аса ота жасап, көптеген нау­қастың өмірін ажалдан арашалап қалды. «Сізге қиынға соққан ауыр ота болды ма?» деген сауалымызға дәрігер жылы жымиып «Қай отаның да жеңілі болмайды. 3-6 сағатқа дейін тіке­мізден тік тұрып жасаймыз. Жанталасып жат­қанда уақыттың қалай өткенін байқамай қа­ламыз. Алайда тәжірибенің арқасында қиын­дықты жеңеміз. Шаршағанымызды жұ­мы­сымыз біткесін сезінеміз» дейді.

Жарты ғасырдан астам уақыт бойы ақ халатына қылау түсірмеген, жетпіс жастың желкенін көтеріп отырған дәрігер зейнеттен кейін де 8 жылдан бері байқоңырлықтарға адал қызметімен құрметке бөленіп келеді.

– Тәжірибемді медицина қызметкерлеріне үйретсем деймін. Пышақпен жасалған ота өте қиын соғады. Әсіресе, жүрек әлсіздігіне 7 сағатқа созылады. Мұнан өзге биіктен құ­лап жамбасы, жілігі сынғандарға жедел ота жасаймыз. Сонымен қатар ішек байла­нуға, өт қалтасындағы тасты алуға, ұйқы безі асқын­ғандағы күрделі оталарға мені шақырады.

Бізде сенбі, жексенбі, мереке деген болмайды. Әскерилер секілді төтен­ше жағдайға дайын тұруымыз керек. Тәу­лік­тің қай саға­тында шақырса да барамыз. Таң­ғы 8-де жұ­мысқа түсеміз. Түстен кейінгі 16.30-да шы­ғуымыз керек. Алайда сол күні кезек­шілікке тұруымыз керек болса, ертесіне тағы ауруханада қаламыз. Ал қиын отаның бәріне бөлім меңгерушісін шақырады. Өміріміз үйден гөрі ауруханада өтіп жатыр десем қателеспеймін. Шындығы солай.

Білімді жетілдірмей бір орында қалып қою дәрігер үшін кешірілмес қателік екенін жастарға үнемі ескертіп отырамын. Сол үшін өзге мемлекеттерде болып, жаңа әдістерді көп үйрендім. Нәтижесінде Мәскеудегі әлем­ге әйгілі дәрігер Илизаровтан үйренген эндо­скопиялық операцияны 1000-ға жуық адамға жасадым.

Қазір технология мейлінше дамып келеді. Медициналық жаңа қондырғылар қолданысқа енуде. Техниканың тілін біліп, меңгеру үшін шетелдерде оқытуға да мемлекет көңіл бө­луде. Осындай мүмкіндікті қалт жібермеу керек. Себебі дәрігердің міндеті – дерттіге қол ұшын беріп, адам өмірін сақтау үшін аянбай күресу. Күңіреніп келген науқас дәрігердің ал­дынан күліп шығу керек. Сол құдірет неде деп ойлауыңыз мүмкін. Бір ауыз жылы сөз­дің, науқасқа деген жылы көзқарастың өзінде шипа бар, – дейді дәрігер.

Өзі емдеп қайта өмір сыйлаған науқастар ақжарма алғыстарын айтудан жалыққан емес. Соның бірі Мәриям Жанғасқаева:

– Мен 1991 жылы күзде ішкі құрылы­сым қатты мазалап, ауыр халде қалалық ауру­ха­наға түстім. Бағыма орай білікті дәрігер Қа­расай Ердешұлы жолықты. Ол кісі тәулік бо­йғы кезекшілігін өткізіп кеткелі жатыр екен. Менің қиналғанымды көріп, мейірімді жүзбен жылы сөйлесіп, қай жерім ауыратынын сұрады. Жедел әрекет етуге шешім қа­былдап, отаға жатқызды. Сенесіз бе, 6 сағат тікесінен тік тұрып менің өмірім үшін ажалмен арпалысты. Жеңіп шықты. Мен дін аманмын. Өмірге қайта келдім. Ақ халатты, жылы жүректі дәрігерге алғысым шексіз. Кәсібилігі, антқа адалдығы, жауапкершілігі тәнті етті. Бір сөзбен айтқанда, алтын жүректі, алақаны шипалы, табиғаты мен болмысы бөлек, дарынды Алла сыйлаған дәрігер деп бағалаймын, – дейді ол.

Ал Владимир Белоусов болса, жол апатына түсіп ауыр жарақат алғанын, тексерген дәрігер аяғын кеспек болғанда өзінің кәсіби тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында мү­гедектіктен сақтап қалған Қарасай дәрігер екенін тебірене жеткізіп, қолы шипалы жанға алғыс білдірген.

Сәулелі ғұмырын денсаулық саласының гүлденуіне арнап алғыс арқалаған мейірімді жан медицина саласындағы қызметімен қатар қоғамдық өмірде өзінің белсенділігін көрсетіп келеді. Мәселен, Байқоңыр қаласының көп­бейінді ауруханасындағы «Аmаnаt» партиясы Байқоңыр қалалық филиалының «Денсаулық» бастауыш партия ұйымын және медицина саласы ардагерлері кеңесін құрған. Байқоңыр қаласы ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбиесін беріп келеді.

Қоғам алдындағы жауапкершілігінен бір сәт қол үзбеген жан мен тән шипагері қолы босағанда шығармашылықпен айналысады. 2021 жылы «Өмір өзектері» атты тұңғыш кі­табы жарық көрді. Кітап – ұзақ жылғы тәжі­рибесінің жемісі.

Дәрігердің ұзақ жылғы еңбегі жоғары ба­ғаланып, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының тә­­уелсіздігіне – 10 жыл», «Байқоңырға – 55 жыл», «Қызылорда қаласына – 190 жыл» өзге де мерекелік медалімен, «Абай аманаты» төсбелгісімен марапатталған. 2023 жылы «Бай­қоңыр қаласының құрметті азаматы» атанды.

Біздің дәуірімізге дейін ІХ ғасырда өмір сүрген атақты үнді дәрігері «Өмір кітабы» атты еңбегінде былай деген өсиет айтады: «Дәрігер іс жүзінде табысқа жету үшін: өзінің дені сау, мұнтаздай таза, қарапайым, шыдамды болуы керек. Сөйлеген сөзі жұмсақ, жа­ғымды, тартымды және үлкен үмітпен айтылуы қажет. Дәрігердің ақ жүректі адал, қайғыға ортақтасқыш, сезімтал, тура мінезді, байсалды, ерекше сабырлы, асқан ақылды, әр­қашан да жақсылық істеуге тырысып тұ­ратын адам болғаны абзал. Дөрекі, тұрпайы немесе тым ресми сөйлесуге болмайды»

Міне, осындай құнды қасиеттердің бәрін байқоңырлық білгір дәрігердің бойынан кө­руге болады.

Далаға шықты. Шыңылтыр аяз шыдатпай барады. Дегенмен ауруханаға жету керек. Бү­гін тағы да ауыр ота күтіп тұр. Бұл жолы адам­ның ең аяулы ағзасы – бауырдың отасы. Адам өмірін ажалдан алып қалуға аманат арқалағаны есінен бір сәт шыққан емес. Дәрігер бұл жолы ана өмірінің шырағын жаққалы барады. Өзің­нің де шырағың сөнбесін, ақ халат пен ақ жү­рек иесі!

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі