Ибрагим Нұрымбетовтің балалық шағы өткен ғасырдың отызыншы жылдарымен тұспа-тұс келді. Елдің ішін жайлаған ашаршылық қаншама қазаққа ажал қамытын кигізді. Бұл нәубет Нұрымбетовтер әулетіне де салқынын тигізді. Әкеден 10 жасында жетім қалған бала Ибрагим көп ұзамай анасынан да айырылды. Жанашыр жандар 4 жастағы қарындасы екеуін жетімдер үйіне тапсырды. Үй деген аты ғана екен. Бұл мекен жылағанды жұбататын ғана, жүрегің жылылық сезіне алмайтын орын екен. Қарындасы сонда қайтыс болып, жалғыздықтың ауыр күйін кешті. Сол бір сәт бала болса да, санасында өшпес сурет болып сақталып қалды.
Балалар үйінде алты жыл тұрған жас өрен төрт сыныптық білім алды. Жасы он жетіге толғанда Ташкентке жол тартты. Мұнда да күтіп отырған ешкімі жоқ, ересек болғаннан кейін жұмыс істеп, ақша тапқысы келген еді. Бірақ соның бірден реті келе қойған жоқ. Көшеде жүргенде «Ташкент теміржол техникумына оқушы қабылдайды» деген жазуды көзі шалды. Қолдағы 4 сыныптық білімі туралы куәлікті 8 сынып деп өзгертіп, техникумға құжат тапсырды. Құдайдың қарасқаны шығар, комиссия құжатқа шұқшиып жатпады, жас жігітті оқуға бірден қабылдады.
Өмір жолының жаңа парағы ашылғандай еді. Жатақханаға жайғасып, жағдайы біршама жақсара түсті. Аз болса да тамағы бар, оқуға кірісіп кетті. Бірақ небәрі төрт сыныпты бітірген бала «косинус», «синус» деген терминдерді, тригонометрияны қайдан түсінсін, жаттаудан басқа амалы қалмайды. Жоқ-жұқана киімінен басқа іліп алатыны жоқ. Мардымсыз стипендия тамағы мен басқа да керек-жарағынан артылмайды. Қасындағы жігіттердің жағдайы жаман емес. Ата-анасынан тамақ, ақша келіп тұрады. Қашанғы ортақтаса бересің, олардың да жақтыра қоймайтынын қас-қабағынан байқау қиын емес.
Сол кезде техникумның кіреберісінде «Халықтардың әкесі» деген жазумен Сталиннің суреті ілулі тұратын еді. «Әке» деген сөзге іші жылып жүретін. Күндердің күнінде қатарлас жігіттерден киім кию, тамақтану, оқу жағынан қалып бара жатқанын сезінген ол бар қиындығын айтып, үшбу хат жолдайды. Ол кезде конверт те жоқ, қағазды үшбұрыштап желімдеп, «Москва. Кремль. Сталинге» деп пошта жәшігіне тастайды.
Бір күні түс мезгілінде жатақханадағы бөлмесіне үш кісі кіріп келді. Аяғында қара былғары етік, басында қара шляпасы бар екен. Үстіндегі киіміне қарап, жай адам емес екенін түсінді.
– Нұрымбетов сен бе? – дейді біреуі. Олардың қойған сауалына еріксіз бас шұлғыды. Екі ай бұрын жазған хатын ұмытып кеткен еді. Көлікке мінгізіп, оны орталық дүкенге алып келді. Басынан аяғына дейін түгелдей киіндірді. Әрқайсысын қос-қостан алып берді. Сосын шайханаға апарып тоя тамақ ішкізді. Жатақханада күтіп тұрған техникум директорына «Мына баланың төсек жапқышын екі аптада бір ауыстырасыз, үш мезгіл тамағын қадағалап, оқу-құрал, жабдығымен қамтамасыз етесіз, апта сайын моншаға түсіресіз» деп тапсырмасын үйіп-төкті. Бірі «Бұл – менің емес, жоғары жақтың тапсырмасы. Түсіндіңіз бе?» деп бұрылып жүре берді.
Сол күннен бастап техникум оқушысы Ибрагим Нұрымбетовтің өмірі күрт өзгеріп сала берді. Мұғалімдердің тұрақты назарында болды. Көңілі көтеріңкі жүрді, сабақты да жақсы оқыды.
1941 жылы соғыс басталғанда ойына алдымен мемлекеттің қамқорлығы түсті. Әскери комиссаратқа барып, соғысқа сұранды. Осылайша майдан даласына алғашқылар қатарында аттанып, 1942 жылы 19 қарашада Сталинград шайқасына кірді. Артиллериялық зеңбірекке ие болған жауынгер жау қоршауын бұзу, фашистер басып алған аймақты босату үшін өткен шайқастарда жасындай жарқырап көрінді. Оттан ықпады, оқтан бұқпады. Осындай ержүректігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін омырауына тақты.
– Әкемнен естіген мына бір әңгіме де есімнен кетпейді, – дейді баласы Жорабек. – 1943 жылы Кеңес жауынгерлері Запорожье қаласын азат ету шайқасына белсене қатысты. Неміс әскері Днепр өзенінің жағасында өте күшті қорғаныс шебін құрған екен. Оны окопта жатып оқ атып алу мүмкін емес, солдаттар тек алға ұмтылу керек. Сол қиян-кескі шайқаста адам шығыны өте көп болған көрінеді. Әкемнің айтуынша, жауынгерлер өлімнен ешбір қорықпай, кеудесін оққа төсеген. Осы шайқаста ол кісі «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Соғыс кезінде бұл медальдің дәрежесі орденнен жоғары болды.
Осындай сұрқай күндердің бірінде жас жауынгер командирінен тапсырма алып, грузин офицерімен бірге жау шебіне қарай жолға шығады. Алайда ойламаған жерден алдынан неміс танкілері шыға келеді. Екі жауынгер дереу снаряд шұқанақтарына жата кетіп, темір тажалдарға қарсы ұрыс әрекетіне кірісті. Жер бауырлап, граната лақтырып, екі танкіні өртеп, танкистерді автоматпен атып өлтірді. Осының бәрін генерал дүрбімен көріп тұр екен. Тапсырманы орындап оралғанда дивизия командирі әкемнің кеудесіне II дәрежелі «Даңқ», жорықтас серігіне «Қызыл жұлдыз» орденін тағыпты.
Жорабек ағамыздың айтуынша, әкесінің батальон командирі алматылық орыс жігіті болған екен. Бірде ол үнемі ұрыстың алдыңғы қатарында жүретін жерлесін үлкен наградаға ұсыну жөнінде ойын айтады. Бірақ ол кісі қарсылық білдіріп, сол награданы өзінің қасындағы тәжік жігітке беруді сұрайды. Тәжік жауынгері кеудесіне орден таққысы келетінін айтып жүретін.
1945 жылы Румыния жерін фашист жауынгерлерінен босату үшін ұрыс бір айға созылды. Осы соғыста Ибрагим Нұрымбетов «Будапештті азат еткені үшін» медалімен марапатталды. Одан кейінгі марапаты II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен толықты. Жеңіс күнін Венгрия жерінде қарсы алған жауынгер 1947 жылы аман-есен елге оралды.
– Майдан даласынан келгеннен кейін бірден еңбекке араласып, астық базасында күзетшілердің басшысы болды. 1950 жылдары сауда орталығында кіші тексеруші қызметін атқарды. Сауда саласында істейтін талай жанның білімі жетпегендіктен мемлекет алдында берешек болып қалған кезі аз емес еді. Сол сәтте әкем қаншама кінәсіз адамға араша тұрғанын өзге кісілерден естідік. Соғыста Отанын оқтан қорғаған ол бейбіт өмірде де жерлестерін аман сақтап қалды. Әкеміз 1954 жылдан бастап Жаңақорған ауданы «Красная звезда» колхозында шаруашылық экономикасын көтеруге күш-жігерін жұмсады. 1986 жылы дербес зейнеткерлікке шықты, – деді Жорабек аға.
Майдангер ақылдың бұлағын ағызып, өсиеттің шырағын маздатып отыратын қазыналы қарт болды. Дүниетанымы терең, зейін-зердесі мол кісі еді. Қолынан газет-журналды тастамайтын. Ұжданды ұрпақтарына сөзімен емес, ісімен тәрбие берді. Барша туған-туысқанына, халқына қадірін білдірді. Ол – жақсылыққа жаратылған асқақ болмысымен тірі кезінде-ақ өзіне құламайтын тастұғыр соғып кеткен жан.
Ибрагим ақсақал таза еңбек адамы еді. Бейнет жасадым деп міндет етпейтін. Соғыс ардагерлеріне берілетін жеңілдіктерден де бас тартты. «Майданда жүргенде Құдайдан жауымды жеңіп, жұртыма аман қосылуды сұрадым. Құдай сол тілегімді берді, басқа ештеңе сұрамаймын» дейтін. Еліміздің жарқын болашағын, аймағымыздың өсіп-өркендеуін, халықтың ауызбіршілігін тілеп отыратын. Содан болу керек, аймаққа келген басшылар Ибрагим ақсақалға арнайы сәлем бергенін талай мәрте көзіміз көрді. Қазақта «батамен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді» деген сөз бар, елге, халыққа жасаған жақсылықтан алған батасының арқасы шығар, қазыналы қария 99 жыл 4 ай өмір сүріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өмірден озды.
Елі, жері үшін жасаған қаһармандық ерлігін және өмір жолында көрсеткен өнегелі еңбегін елеген Қызылорда қаласының басшылығы екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығында облыс орталығынан көше атын беруге шешім қабылдады. Оны жалғыз бір отбасының емес, бүкіл аймақ халқының қуанышы деп түсінуіміз керек.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





