Өміршең жобалар орталығы

879

1

Кез келген демократиялық қоғамның мемлекеттік және жекеменшік сектормен өзара қатынаста болатын дамы­ған «үшінші» сектормен сипат­тала­тыны белгілі. Мұның өзі көпшіліктің әлеуметтік ма­ңызы бар шешімдерді қабылдау мен оларды бірге жүзеге асыру процесіне қатысу механизмінің пайда бо­луын негіздейді. Азаматтық  қоғам қалыптасуының ма­ңызды құрамдас бөлігі бұл – үкіметтік емес ұйымдардың қызметі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жол­­дауда «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа бол­мысын қалыптастыру, тұ­тас ұлт сапасын арттыру. Жа­ңарған ұлт ғана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұр­тына таныта алады. Ұлты­мыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс» деген болатын.

Бұл ретте, ел қуатын арттырып, мемлекеттің тұрақ­тылығын күшейтетін үкі­меттік емес ұйымдардың атқарар рөлі зор.  Бүгінгі күні облыста 996 ҮЕҰ тіркелген. Оның 454-і өңірдің рухани-мәдени, қоғамдық өміріне белсенді араласып, өз үлестерін қосып келеді. Сондай белсенді жұмыс істеп келе жатқан үкіметтік емес ұйымның бірі – «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы»  қоғамдық қоры.

Қордың құрылғанына биыл 13 жыл. Не­гізгі мақсаты – аймақта мем­лекеттік жастар саясатын жүзеге асыру және азаматтық қоғамды дамыту. Осы уақыт аралығында қор 100-ден астам республикалық, облыстық  түрлі әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асырып келеді.

– Халық пен билік ара­сындағы алтын көпірді қалып­тастыруда қоғамдық қордың өзіндік орны бар деп ойлаймын. Біздің негізгі бағытымыз – құ­қықтық, әлеу­меттік, азаматтық баста­маларға қолдау көрсету. Мысалы, мен 2009 жылдан бастап  осы қоғамдық қор жанынан жүзеге асырылып келе жатқан «Қамқорлық» дағдарыс орталығын ерекше айтқым келеді. Кішкене ғана ойдан басталып, әрі қарай  дамытып, оның қажеттілігін, маңызын билікке жеткізе отырып, жүзеге асырдық.  Жобаның жұмыс істегеніне биыл 9 жыл болды. Осы уақыт аралығында ол өзінің өміршеңдігін, қажеттілігін көрсетті. Сондықтан  әр азаматтық ұйым өкілі өздерін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетіп, қоғамға кішкене пайдасын тигізуі керек деп ойлаймын, – дейді қоғамдық қор жетекшісі Жандос Тұсмағанбетов.

Қоғамдық қор жанынан ашылған «Қамқорлық» дағдарыс орталығында тоғыз жыл ішінде 800-ден астам отбасына көмек көрсетілген. Оларға негізінен құқықтық, психологиялық кеңестер беріліп, жалпы 8 бағыт бойынша жәрдем берілді. Орталық директорының айтуынша, осы 800-ден астам көмек алушының 80 процентінің өз шаңырағына оралуына ықпал жасалған. Биылдың өзінде 300-ге жуық азамат қызмет алған. Басым бөлігі – қала тұрғындары. Көбісі тұрмыстық күш көрсетулерге, экономикалық, психологиялық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Бұл қызмет алушылардың 85 проценті өз отбасына оралып, қалыпты өмір сүруде. 

Жалпы, өмірдің қиын жағдайына тап болған, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін дағдарыс орталығы  – «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры жанынан құрылып, 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс істеп тұрған ірі әлеуметтік жоба.

Қоғамдық қор мұнан басқа да бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, қала көлемінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған жоба да өз маңыздылығымен ерекшеленеді. Ол бойынша түрлі форматта шаралар өткізу жолға қойылған.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<