Бұған дейін елордада еліміздің жетекші қоғамдық-саяси күштері «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалицияға біріккен болатын. Осы бастама аясында құрылған өңірлік коалицияның кеше алғашқы отырысы өтіп, оған саяси партиялардың өңірлік филиал төрағалары, қоғамдық ұйымдар, зиялы қауым, мәслихат депутаттары, сарапшылар, қоғам белсенділері, азаматтық сектор мен жастар және Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшелері қатысты.
Онда сөз алғандар жаңа Конституция жобасы Қуатты әрі Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың берік негізі болатынын, сондай-ақ саяси жүйенің құрылымын қоғамның заманауи талаптарына сәйкес түбегейлі жаңартатынын атап өтті.
«Жаңа Конституция жобасы – елдегі саяси жаңғырулардың заңды әрі кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатқан реформалардың жалғасы. Бұл құжат мемлекеттілікті нығайтып қана қоймай, билік пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті күшейтеді, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне белсенді араласуына жол ашады. Негізгі құндылық – адам және оның құқықтары мен бостандықтары. Сондықтан Ата Заң халықтың мүддесіне қызмет ететін, әділетті әрі ашық қоғам қалыптастыруға бағытталған нақты әрі тиімді тетіктерді қамтуы тиіс. Біздің басты міндетіміз – осы өзгерістердің мәні мен маңызын өңір тұрғындарына жан-жақты түсіндіріп, олардың пікірін ескеру арқылы қоғамдық диалогты күшейту», – деді «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық коалиция жетекшісінің орынбасары Жандос Базартай.
Жиында мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, облыстық мәслихат төрағасы, облыстық коалиция төрағасының орынбасары Мұрат Тлеумбетов, «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Сандыбаев, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының аппарат басшысы Динара Ибадуллаева, «Respublica» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дәурен Сейтжанов, «Қазақстан Халық партиясы» облыстық филиалының мүшесі Талғат Телеубаев, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Анар Ізден, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Абайбек Жүнісов пікір білдірді. Олар жаңа Конституция жобасы елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге, кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыруға, ғылым мен мәдениетті және ұлттық құндылықтарды өркендетуге бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттармен толық үндесетінін атап өтті.
Сондай-ақ елдің институционалдық тұрғыдан жаңа сапалық кезеңге қадам басқаны айтылды. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты іс жүзінде бекіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік нығая түсті. Конституциялық бақылау тетіктері жетілдіріліп, заңсыз иемденген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде, ұлттық ресурстарды әділ бөлу ұстанымы күшейтілуде. Барлық шешімдер әділдік, теңдік және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік қағидаттарына сүйенетіні ерекше аталды.
Қатысушылардың айтуынша, жаңа Конституция қоғамдағы терең өзгерістерге, дүниетанымы жаңарған әрі мемлекетке жоғары талап қоятын жаңа буынның сұранысына жауап ретінде қабылдануда. Бұл үміттердің түп-төркіні – адалдық, заң үстемдігі, адам қадір-қасиетін құрметтеу және құқықтарға берік кепілдік орнату. Жаңа Конституция дәл осы қоғамдық қажеттіліктерге нақты әрі мазмұнды жауап береді.
Айта кету қажет, қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарын ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырып, ел дамуының жаңа кезеңіне бірлесе қадам басуды мақсат еткен Жалпыұлттық коалиция – кең ауқымды қоғамдық алаңға айналды. Оның құрамына елдегі бес жетекші саяси партиямен қатар, мыңдаған азаматтың мүддесін білдіретін 300-ден астам қоғамдық ұйым енді. Бұл – бастаманың кең қоғамдық қолдауға ие екенін айқындайтын маңызды көрсеткіш. Осының жалғасы ретінде облыста саяси партиялардың өңірлік филиалдары мен қоғамдық ұйымдар жалпы құрамы 349 азаматтан тұратын аймақтық және аумақтық коалициялар құрылды. Олардың жанында белсенді үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыруға арналған 200-ден аса ерікті қызмет атқарады. Коалицияның алдағы кезеңге арналған 695 іс-шарадан тұратын кешенді жұмыс жоспары әзірленген. Жоспар аясында тұрғындармен кездесулер, түсіндіру жұмыстары, қоғамдық талқылаулар және ашық диалог алаңдары ұйымдастырылады. Бұл форматтар арқылы өңір жұртшылығына жаңа Конституция жобасында ұсынылған өзгерістер жан-жақты түсіндіріліп, азаматтардың пікірін тыңдауға және ашық ой алмасуға басымдық берілмек.
«СБ» ақпарат





