Өткен дәуірдің рухы сақталған

250

0

Биыл Қызылорданың ел астанасы болғанына 100 жыл толды. Тарихқа көз жүгіртсек, 1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуден соң, Түркістан АКСР-нің құрамында болып келген Сырдария және Жетісу облыстары, сондай-ақ Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ автономиялық республикасы құрамына енді.

Ел астанасын шалғайда орналасқан Орынбор қаласынан қазақтың қалың ортасына көшіру мәселесі қайта көтерілді. 1925 жылы 9 ақпанда Қазақ АКСР орталық атқару комитеті төралқасы мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарды. Сол жылғы 15-19 сәуірде Ақмешітте өткен Кеңестердің бүкілқазақстандық V съезі халқымыздың «киргиз» деген атауын «қазақ», «Киргиз АКСР» дегенді «Қазақ АКСР» деп өзгерту, ал республика астанасы Ақмешіт қаласын «Қызылорда» деп атау туралы қаулы қабылдады.

1925 жылдың көктемі мен жазында мемлекеттік басқа­ру органдары Сыр бойы­на кө­­шірілді. Жаңа астана құ­ры­­­лысына және Қызылор­да­­ның Қазақстанның саяси, эко­­но­микалық және мәдени ор­та­лығы ретіндегі қызметін ор­нық­­тыруға С.Қожанов, Т.Рыс­­құлов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұр­­мақов, М.Тыныш­паев, А.Кен­жин, С.Ақаев, А.Серға­зин, О.Исаев, С.Сәдуақасов, С.Ес­­қа­раев, т.б. қоғам қайрат­кер­лері белсенді қатысты.

1920 жылдың басында ел астанасын таң­дау­дағы шешім­дер саяси және эко­­номикалық себептермен қа­былданды. 1925 жылы Қа­зақ автономиясы құрыл­ған­­нан кейін жаңа республика үшін астана таңдау мәсе­лесі ал­ға шықты. Сол кездегі сая­си жағдай мен инфра­құ­ры­лымға байланысты Қызыл­орда қаласы астана ретінде таң­далып, еліміздің орталығы бол­ды. Қызылорда қаласы сол уақыт­тағы республиканың сая­си өмірінде маңызды рөл ат­қар­ды, жаңа республиканың қа­­лып­­тасу кезеңінде көптеген оқи­ға­лар­дың куәсі болды.

Қызылорданың Қазақстан астанасы болуымен тарихтың жарқын беттері ашылды. Бұл кезде қала тұрғындары 22577-ге жетті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті гу­ма­нитарлық-педагогикалық инс­титутының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Са­ғат Тайман республиканың әкімшілік орталығы болған кездегі қала өміріндегі өзге­ріс­тер туралы  былай дейді:

– Тұрғындар саны 22,5 мың­нан асты. Қалаға электр жа­рығы қосылып, осында түр­лі мекемелер мен өндіріс орын­дарының іргетасы қалана бас­тады. Кондитерлік фабрика, ет комбинаттары, сыра зауыты, сонымен қатар түрлі артельдер көбейді. Орта және арнау­лы оқу орындары, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы ме­кемелері, қазақ эпидемиология және гигиена институты негізінде егу лабораториясы ашыл­ды, – дейді ол.

Қызылорда Қазақ АКСР-нің астанасы болған уақытта қала қарқынды дамыды. Қо­ныс­танушылар көбейіп, оқу, өндіріс орындары мен мекемелер саны артты. Қос қабатты, әсем үлгідегі үйлер, өнеркәсіп, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру нысандары бой көтерді.

– Саз балшықтан салынған үй-жайлардың орнында қос қабатты үйлер сап түзеді. Сол кездегі мөлшермен құрылысқа қыруар қаржы бөлінген. 1925 жылы Орынбордан жаңа аста­наға 49 мекеме мен 1150 қыз­меткерді көшіру қажет болды. Көшіру комиссиясын орналас­тыру үшін әртүрлі нысандарды, тіпті сарайларды, жазғы ас­ханалар мен моншаларды бейімдеуге тура келді, – дейді ғалым.

Айта кету керек, Қызыл­ор­да астана болған кезеңде бой көтерген көптеген ғима­раттар бүгінге дейін сақталып, қаланың тарихынан сыр шер­теді. Олардың қатарында ұлт­тық сәулет өнерінің бірегей үл­гі­сі саналатын Айтбай ме­шіті, Құтқарушы Христос шір­­кеуі, білім ордасы ретінде қыз­мет еткен бұрын­ғы приход учи­лищесі, сондай-ақ әс­кери комис­сариаттың шақы­ру пункті бар.

Одан бөлек, сол дәуірдің қоғамдық өмірінде ерекше орын алған теміржолшылар клубы, тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз еткен теміржол милициясы ғимараты, қала тұр­ғындарына қызмет көрсеткен №5 дүкен мен қалалық монша, көлік қатынасының басты қақпасы болған теміржол вокзалы, транспорттық прокуратура, көркемсурет шеберханасы тарихи мұра ретінде сақталып отыр.

Бұл нысандар – Қызылор­даның сол кездегі қарқынды дамуының айғағы ғана емес, ел астанасы болған шақтағы сәу­лет өнері мен қоғамдық өмір­дің шынайы көрінісі. Бү­гінде олар тарихи-мәдени мұ­ра ретінде қа­ла келбетіне ай­рықша сән бе­ріп, өткен дә­уірдің рухын ұр­паққа жеткізіп тұр.

Жалпы Қызылорданың 1925 жылы Қазақ автономия­сы­ның астанасы атануы ұлты­мыздың тарихындағы ең ірі бетбұрыстардың бірі болды. Сондай-ақ Ақмешіттің Қызыл­ордаға айналуы тек әкімшілік орталықты көшіру емес, қазақ халқының ұлттық атауы мен мемлекеттілігін айқындап бер­­ген тарихи оқиға еді. Сыр бо­йындағы астана қазақтың сая­си, рухани және әлеуметтік өмі­рінің жаңа дәуірін бастап берді.

Сол себепті Қызылорданың астана ретіндегі кезеңі – қазақ тарихының тағылымды тарауы, елдігіміздің іргесін бекіт­кен белес болып саналады. Бұл жылдарда бастау алған саяси шешімдер мен мәдени өрлеу бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына берік негіз қа­лап, Сыр елін тарих парағына мәңгілікке алтын әріппен жазды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»