Өткен өмір – көрген түс

82

0

Менің қатарластарым бала кезден газет пен журнал, кітап оқып рухтанып өстік. Содан болар, қолыма кітап тисе оны бір қарап оқып шығам. Бұл – бала кезден қалыптасқан әдет. Жазылуы жақсы болса, жаным шабыттанып, рахаттанып қаламын. Жасымыздан кітаппен азықтанған соң, оның құрылымына, сөз саптауына, қай деңгейде жазылғанына баса мән беремін. Талғамы жоғары оқырманның да қалауы сол. Жақында «Өткен өмір – көрген түс» атты республикаға танымал дәрігер-гигиенист, Қарақалпақ Автономия Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас эпидемиологы–министр орынбасары қызметін атқарған, 85 жастың сеңгіріне шыққан, жоғары санатты дәрігер, денсаулық саласының ардагері Сабет Бектұрғанұлының кітабы қолыма тиді.

Ол атақты дәрігер болса да, Абайдың, Сәбит Дө­нентаевтың және Тайыр Жараковтың өлеңдерін жат­қа айтатын кісі. Бұны осы кітабында айтып өтіпті. Соны көрдім де, ішім жылып сала берді. Әсілі тегін адам емес екенін сөз саптауынан ұғындым. Мұндай ғұмырнамалық кітаптың жазылғаны дұрыс. Бірақ көп адам жазғанда ананы-мынаны істедім деп мақтанып, көңілді түсіріп тастайды. Жазуға келгенде әр адам жазушы немесе ақын болуы шарт емес. Ол үшін аса сауаттылық қажет. Сонда ғана жазған дүниең қы­зықты шығады. Оқырман сонда іздеп жүріп оқитын болады.

Ал Сабет Бектұрғанұлының жазған ғұмырна­малық кітабының бүгінгі ұрпаққа берер ғибраты мол. Онда аяулы Жәмила әжесі немересіне: «Айналайын құлыным, ержеттің, енді мектепті бітіресің. «Жал­ғыз­дың жары құдай» деген. Арыңды таза ұста. Ал­дыңда ақыл айтар ағаң жоқ. Балам «білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген. Адам болам, азамат болам десең, кітап оқы. Парасат та, пайым да, ақыл да, білім де сол кітапта жатыр» деп айтқан сара сөздері санасында мәңгілік сақталып, ойында жатталып қалғаны жөнінде сыр етіп шертеді. Сондай-ақ 85 жылдық ғұмырындағы сәтті де сәтсіз, жақсы да жаман, қуаныш пен қайғыны басынан өткергенін шынайы жаза да, жеткізе де білген.

Мәселен, сонау 1941 жылы соғысқа аттанған әкесі Бектұрған 1943 жылы тұтқынға түсіп, 1955 жылы абақтыдан шығып елге келеді. Сондағы кө­­ріністі Сабет аға шынайы бейнелеген. «1955 жылы абақтыдан шығып келген әкем, үйдің ауыр жағдайын көріп отыра алмады. Содан жұмыс іздеп әр жерге барса да, таба алмады емес, оны алмады. Ағайын-туыс, жақын достары да одан қашқақтап, қастарына жақындатпады. Бұл елім бар деп оралған жанға өте қиын да өкінішті жағдай еді» деп мұңая баяндайды. Рас қой, бұл сол заманның трагедиясы еді. Соғыс кезінде тұтқынға түскендердің көбісі елін сатқан «сатқын», одан қалды «халық жауы» атанғаны шындық қой. Міне, Сабет ағамыз әкесінің басынан кешкен ауыр жағдайды боямасыз, әсірелемей, жал­тақтамай дәл жеткізген. Елден теперіш көрген қай­ран әкесінің қарап жүріп мүжілгенін көргенде, бала жаны қиналғанын дәл келтірген. Ал кейіннен Ота­нын, елін, жерін сатпағаны анықталып, ақталып шы­ғады. Сондағы бала Сабет сегізінші сыныптағы қатарластарына қасқая қарап тұрып: «Мен енді «ха­лық жауының» баласы емеспін» деп айқайлағаны, тозақ отынан құтылғандай күй кешкенін кіршіксіз көңілмен баяндайды.

1959 жылы онжылдықты бітірісімен Ташкент мем­лекеттік медицина институтының санитария-ги­­гиена факультетіне түсіп, ТашМИ-дің білдей сту­денті атанғанын керемет суреттей білген. 1965-1972 жылдары Жалағаш ауданында аудандық СЭС-тің бас дәрігері қызметін атқарып жүргенде, сол кезеңдегі облыстың бірінші хатшысы Х.Бектұрғановқа, Жа­лағаш ауданының бірінші хатшысы И.Әбдікәрімовке күріш орағы науқаны кезіндегі тазалыққа бай­ла­нысты талай ұсыныс айтып, санитариялық норма­ның сақталуын талап еткен. Бұл жайлы да осы кі­тапта шұрайлы тілмен жеткізген.

2005 жылы Президент қабылдауында болып, Қызылорда облысында туу жасындағы әйелдердің 55 пайызының қаназдығын дәрігер ретінде дәлелдеп, Қызылорда қаласында ана мен бала орталығын салу қажеттігін айтады. Пре­зидент дәрігер өтінішін қабыл алып, орталық салы­нып, бүгінде халыққа қызмет етіп тұр. Жер жүзінің қазақтарының екінші құрылтайына біздің облыстан делегат болып сайланып, Президент қабылдауында екінші рет болады. Онда да облыстың әлеуметтік мәселелерін көтереді. Осының барлығы туралы кітапта жазылған.

Жалпы ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Сабет Дәрібаевтың «Өткен өмір – көрген түс» атты кітабы оқырманның жүрегіне жылы сезім сыйлатыны анық.

Өмірбек ШӘМЕНОВ,

Жалағаш ауданының

құрметті азаматы,

«Құрмет» орденінің иегері