Базарбаев Ахметулла 1950 жылы Арал ауданының Сексеуіл кентінде дүниеге келген. Сондағы орта мектепті бітіргеннен кейін 1971 жылы Ақтөбе медицина институтына оқуға түскен. Институттың хирургия бөлімін 1977 жылы аяқтаған соң Қызылорда облыстық ауруханасында интернатурадан өтеді, облыстық басқарманың жолдамасымен Шиелі ауданына өз мамандығы бойынша жұмысқа келді. Сол кездегі атақты дәрігер Смайыл Кәрімбаевтың келісімімен хирургия бөлімінде ота жасаушы болып қызметке кірісті. Жас дәрігердің келешегінен үміт күткен Сәкең ақыл-кеңесін аяған жоқ. Оташы болу үшін адамға аққудың қауырсынындай саусақ, бүркіттің көзіндей көз, арыстанның жүрегіндей жүрек керек. Бұл қасиеттер Ахметуллада бар еді.
Дәрігер – адам өмірінің арашасы. Білімді, білікті дәрігердің аурудың жазылуына тәжірибиесімен, құрал-жабдықтардан басқа түр-түсі, сөзі, ниеті, пиғылы, бүкіл болмысы дұрыс болуы керек қой. Ахметулла адамсүйгіш, жанашыр, таңдаулы оташы болды. Шәкірт тәрбиеледі, ақыл-кеңесін олардан аяған жоқ. Смайыл Кәрімбаев, Иманғали Әбдіқадыров ағалардан үйренген тәжірибесін қолдана білді. Өзі елді сыйлады, қызмет көрсетті, ел Ахаңды сыйлады. Аудан басшылары Орынбасар Бәйімбетов, Константин Васильевич Хван, Сайлаубай Әбішов, Лепес Жаниязов, Жолдас Сырғабаев, Өтеген Жәленов, Райымбек Нұртазаев, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Аманхан Сәдуақасав ағаларымен байланыста болды. Кейінгі кездерде Астана қаласындағы атақты дәрігер Юрий Пямен кездесіп көптеген сұрақты шешуге мүмкіндік алды.
Ахаң кішілігі кісілігене сай, білімі біліктілігіне сай, ақкөңіл, ақжарқын жігіт еді. Қарапайымдылығы мен бас иіп амандасауы да ерекше болатын. Барлық жерде достары көп еді. Әріптес дәрігер достары Төрехан Сексенбаев, Лидия Сексенбаева, Рая Көзденова, Мыңжасар Болатов, Сәулет Рәшбаев, Райса Рашбаева, Кентай Мәдиев, Мырзагүл Дүйсекова, Сәуле Киікбаева, Нұржамал Кәрімова, Ерсін Кәрімов. (Иван, Қоңырбаев Әбсат), Шәймерден Тәшов, Закида Байдулаев, Жәкен Маханбеталиев, Илияс Төлеуов, Нұрмахан Есентаев, Баймаханбет Оспанов, Гүлзабида Ізбасқанова, Ғабит Парманқұлов, Шахмардан Смайлов, Мадина Шермаханова, Қазбек Шәукебаев бірге қызмет атқарды. Төрехан Бектегенов мекеме басшысы болды. Мәлике Ибраева Ахаңның ең жақын қызметтес қарындасы еді, бас медбике болып қызмет істеді.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші Мұхаш Әбдіхалықов, Ерман Құлманов, Лашын Дүйсеаманов, Берік Болатов, Сейіткамалдан ақылын аяған жоқ. Медицина институты қабырғасында бірге оқыған достары өз аймағымызда еңбек етті. Шахмардан Атбаев, Құралбай Жүнісов, Ақылбек Доспанбетов, Петр Әбдіханов, Жақсыбай Баймырзаев жерлес бірге оқыған досы жиырма жыл басшылықта болды.
Айман Нақыпова – Ахметтуланың жары. Ақтөбе медицина институтының 1977 жылғы түлегі. Шиелі ауданында дәрігер терапевт болып көп жыл қызмет етті. Инемен емдеу терапиясын жүргізді. Қазіргі уақытта қырық екі жылдық еңбек өтілі бар. Рефлексотерапия және оңалту маманы. Су-джок терапиясының негізін қалаған, Пан Пак Дже Ву-дың (Корея) халықаралық сертификатының иегері. Пак Дже Вудің кітаптарына енген.
Адамға берілер ең дұрыс, ең әділ, ең шешуші, ең басты баға – оның еңбекке деген көзқарасы, еңбек ету қабілеті. Осы қабілетіне байланысты Ахметулланы емханаға басшылыққа сайлады. Емхана жұмысын аспай-саспай, лас жерді баспай, мекеменің үйдей мәселесін үндемей шешіп, басқара білді. Жетпегенін жеткізді, толмағанын толтырды, мекемедегілерді бөліп жарған жоқ. Туралық ата-тегінде бар. Адал қызмет істеді. Ақиқаттың ауылына ат байлады. Бұл күндері Ахметулла жұмыс істеген ауданның денсаулық сақтау мекемелері адам танымастай өзгерді. Жаңа емханалар, жұқпалы аурулар емханасы, ауылдарда амбулаториялар салынып жаңадан бой көтерді.
Кейде шіркін-ай, осы өзгерген өмірді Ахаңның көрмегеніне бір сәт ойланып қаламыз. Оташылардың бәрі осындай болса деп ойлаймыз. Ахметулланың артында екі ұлы, бір қызы бар. Үлкен ұлы Арыстан Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медицина академиясын бітірген. Мамандығы хирург эндоскопист, Ақтөбеде облыстық ауруханада дәрігер. Медицина саласының үздігі «Жыл дәрігері» атағын алған. Үш баланың әкесі.
Қызы Раушан психология ғылымын игерген. Он бір жылдық еңбек өтілі бар. Соңғы он жылда Қызылорда қаласындағы Q-Мед медицина клиникалар желісін басқарып келеді. Ұлы ата жолымен тіс дәрігері мамандығын бітіруші. Медицина академиясының түлегі.
Екінші ұлы Асқар Ахметуллаұлы. «Теңіз шевройл» мұнай компаниясының бас орталығында жетекші аудармашы. Үш-төрт тілді игерген. Төрт баласы бар.
Тамыз айының соңғы күндерінің бірінде Айман қазан айында ас берілетінін айтқан еді. Содан Ахаңның өзін көрген, білген достары мен әріптестері жайлы естелік жазуға бел будым да, қолыма қалам алдым. Әр дәуірде әр елдің, әр ауыл мен ауданның, аймақтың, әр қоғамның жақсысы мен жайсаңы, асылы мен ардақтысы болатыны сөзсіз. Қаншама адамға ота жасап, олардың өмірін жалғап, кәсіби шеберлігімен, адамгершілігімен қызмет еткен осы Ахаңды өзім жазбағанда кім жазады деген ойда болдым. Қажыр-қайратын, іскерлігін көзіммен көрдім. Осы жақсы ойларымды, пікірлерімді көңілге түйдім. Егер Ахаңдай қажырлы, қабілетті, жаңашыл адамдардың қолын қақпай қазіргідей еркіндік бергенде, барлық өмірлік проблемалар оң шешімін табатыны сөзсіз еді. Дегенмен Ахаң үлкен адамдық, азаматтық, ағалық жасампаз болмысынан еш айныған жоқ. Жақсы адамның өзі де, өмірі де, өмірден өтуі де өнеге. Күн де батады, жұлдыз да сөнеді, гүл де солады. Тал бесікке тиген арқа, жер бесікке де тиеді. Бұл табиғаттың қатал заңы.
Сәруар ЕСЕНҚҰЛОВ,
Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин медалінің иегері





