Өзіне пара ұсынылғанын хабарлаған адамға 30 АЕК және одан жоғары көлемде сыйақы беріледі. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мәселен Ақмола облысындағы түзеу мекемесінде жедел уәкілге пара бергені үшін кінәлі деп танылды. Ол жазаны өтеу жағдайын жақсарту масқатында 300 мың теңге пара бермек болған. Жедел уәкілге 50 АЕК (немесе 126 250 теңге) ақшалай сыйақы берілді», – деді Данияр Бекайдаров агенттіктің бүгінгі «Антикор LIVE» айдарында.
Осыған ұқсас жағдай Шығыс Қазақстанда да тіркелген. 156/18 түзеу мекемесінде жазасын өтеушілердің бірі бақылаушыдан түрмеде ұялы телефон ұстауға рұқсат беру үшін пара ұсынған. Алайда бақылаушы бұл жайлы жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлеріне хабар беріп, сотталған адамның жазасына тағы 4 жыл қосылған. Сот үкімі күшіне енгеннен кейін бақылаушыға да ақшалай сыйақы берілген.
«Қазіргі жағдайда қоғамның демеуіне арқа сүйеп, осындай қылмыстардың бетін аша аламыз. Халық белсенді болған кезде ғана жемқорлықпен күрес тиімділігін көрсетеді», – дейді ол.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<