Онлайн садақ ату

1895

0

Қызылордалық өнертапқыштар садақ атудың онлайн нұсқасын жасады. Мұндай компьютерлік ойын Қызылордада алғаш рет қолға алынды. Жергілікті Абылайхан колледжінде оқитын Абылайхан Қарсақбай, ағайынды Сұлтан мен Бек Қази осылайша жаңашыл ісімен өздерін жақсы қырынан таныта білді. 3D үлгісінде ґзірленген туынды мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Бұл ойынды дайындауға олардың 4 айға жуық уақыты кеткен.

– Қазір интернет арқылы көптеген ойындарды көруге болады. Оған құмар жас өрен көп. Онда қазақтың ұғымына сай келетіні саусақпен санарлық. Тіпті, жоқ десек те болады. Мені және бірге оқитын достарымды осы мәселе ойландыратын. Ойласа келе, бір шешімге келдік. Ұлттық ойындарды жасауды қолға алдық. Жаңа жобамыз осылайша өмірге енді. Оны жасау барысында барлық ұсақ-түйекті ұмыт қалдырмауға тырыстық. Мақсатымыз өз нәтижесін берді. Садақ тарту ойыны көрген адамдарды өзіне баурай түсті. Осы салада жемісті еңбек етіп жүрген жергілікті ғалымдар мен мамандардың ақыл-кеңесіне құлақ түрдік. Олар өздерінің жоғары бағасын берді,  – деді Абылайхан.

Жас өнертапқыштың айтуынша, бұл жоба арнайы бағдарламалар бойынша әзірленген. Бұл бағытта ойындарды өңдеу құралы пай­дасын тигізді.

– Бүгінде оны виртуалды ойындар тізіміне енгізу бағытында тиісті іс-шаралар жүргізіп жатырмыз. Оның өз талаптары бар. Әлемде бұл бағытта қызмет атқарып жатқан компаниялар көп. Біз солар арқылы өз жобамызды кеңінен насихаттауға көңіл бөлдік. Біз тек садақ тартумен ғана шектеліп қалғымыз келмейді. Алда үлкен жобалар күтіп тұр. Енді сол бағытта жұмыс жүргізсек деген ойымыз бар. Атап айтқанда, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар секілді қазақтың ұлттық ойындарын насихаттамақпыз. Осылайша компьютер мен ұялы телефонға үңілген жастарға сол арқылы ұлттық ойындарды үйретсек дейміз. Оларды VR ғана емес, компьютерге де, ұялы телефонға да шығару ойымызда бар,  – деді Абылайхан.

Қазіргі таңда колледжде есептеу тех­никасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша білім алып жатқан жастар арасында түрлі жобаларды жүзеге асырып жүрген өнертапқыш өрен­дер бар­шылық. Атап айтқанда, Сержан Жұма­жанов колледж студенттеріне арналған Telegram-бот бағдарламасын жасау үстінде. Ал, бір топ студенттер «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған» ойыншық құрастыруға көңіл бөліп отыр.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<