Ел тіршілігін салмақты ой мен салиқалы пікір арқылы толғап жүрген әріптестерімді құттықтаудың, «Бұл күнге дейін біз қандай жетістіктерге жеттік?» деген сауалға жауап берудің сәті жетті.
Бүгін бізде кезекті 20 000-шы сан жарыққа шықты. Қарап отырсақ, бұған дейін басылым бетінде танымал тұлғалардың кез келген мәселеге қатысты білдірген пайымды пікірі көрініс тапты. Тың серпін әкелер дүниелер, ой салар мақалалар жарыққа шықты. Мәртебесі биік басылымды небір жақсылар мен жайсаңдар басқарғаны бұған дейін де айтылып келеді.
Бүгінде мұнда өз ісінің шеберлері, қаламы қарымды Жолдасбек Ақсақалов, Дүйсенбек Аяшұлы, Ыдырыс Тәжіұлы, Қуат Шарабидинов, Дәуіржан Елубаев пен Гүлжазира Жалғасова, Айнұр Батталова, Ғазиза Әбілда, Айсәуле Қарапаева, Назерке Саниязова, Шынар Бекбан, Дәулет Қырдан мен Ержан Қожас, Мейрамгүл Дауылбайқызы, Сара Адайбаева, Айдана Жұмадинова секілді журналистиканың жаңа толқыны еңбек етеді. Олар көтерген келелі тақырыптар оқырман жүрегіне күн сайын жол табуда. Әрі олар әдебиет пен өнер, тарих пен тіл, бір сөзбен айтқанда, руханият мәселесін ұдайы көтеріп, желікпеге салынбау, арзан дақпырт қумау деген секілді аға буын өкілі қалыптастырған дәстүрді жалғап келеді.
Әр шығарылымдағы Қуаныш Оразбаев, Гүлмира Өтешова, Мадиярхан Кенжалыұлы секілді дизайнерлер мен Жаңылған Алдамұрат, Бақыт Қуаныш пен Айгүл Маншарипова секілді корректорлардың еңбегі де ұшан-теңіз. Бұл ретте айта кетейік, біз бәріміз де газет бетінен қате кетпесе, ішінде іліп аларлық дүние болса, жұрт оқыса дейміз. Өзгелер жаза білсең болды деуі мүмкін. Алайда, олар адамның ақпарат жинап, табанынан таусылатынын айтпағанда, бір орында тыпыршып отыра алмай кететінін, ойдың адамды жеп қоятынын сезбейді де.
Әріптестер білер, нөмір шығарар алдындағы қарбаласты айтып жеткізу мүмкін емес. Мақала жазылады. Оқылады. Тексеріледі. Түзеледі. Теріледі. Тазартылады. Оқылады. Тағы түзеледі. Тағы оқылады. Қол қойылады. Нөмір жоспарланады, макеттеледі. Мақалалар бетке түседі. Оны корректорлармен бірге кезекші редактор оқиды. Тағы түзеледі. Бұл – күнделікті көз майын тауысатын жұмыс үдерісі. Кеше де дәл осылай «өліп-тірілумен» кезекті нөмір шығарылды.
Оған қоса басшылық қазір жеделдік мәселесіне жіті көңіл бөлуде. Тың талаптың көрінетін тұсы – интернет-редакцияның қызметі. Бүгінде газеттің сайты аптасына жеті күн жұмыс істейді. Сенбі, жексенбіде болған оқиға, жарқ еткен жаңалық міндетті түрде сайтқа салынып отырады. Сонымен қатар видеокөрсетілімдерді де тамашалап, жаңалықтардың аудионұсқасын тыңдауға мүмкіндік қарастырылған.
Сайттың өзіндік контенті қалыптасқан, оны аптасына жүздеген, мыңдаған адам оқиды. Осыған қарап, ел өмірінен, халықтың көңілінен 90 жылдан бері орын алып келіп жатқан «Сыр бойынан» үйренетін үрдіс аз емес деп білеміз. Ол – сүттей ұйыған, жастардың шығармашылық шоғырын қалыптастыра білген ұжымның еңбегі.
Халықтың тілі һәм көзіне айналған газеттің беделі бұдан кейін де арта берсін, оқырманы көбейе берсін демекпіз. Мерейіміз арта берсін, құрметті әріптестер!
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<