Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Orda School мектебінде нағыз ертегі орнады. Кәдімгі оқу сыныбы небәрі бір кеште махаббат пен мейірімге толы мерекелік сахнаға айнала кетті. 5-сынып оқушылары бұл кешке бар жанын салды: айналаны шарлармен безендіріп, төбеден нәзік ленталар мен аналарының суреттерін іліп қойды. Әр фотоның астында бала жүрегінен шыққан ең тәтті тілектер мен алғыс сөздері менмұндалап тұрды.
Бұл кеш тек көктем мерекесі емес, бала бойындағы адамгершілік пен отбасына деген құрметті оятатын «Адал азамат» бағдарламасының жарқын көрінісі болды. Шығармашылық арқылы бүлдіршіндер ең басты нәрсені — мейірімді болуды және жақындарын бағалай білуді үйренді.
Концерттің ең сиқырлы тұсы — ағылшын тіліндегі ертегі-әндер болды. Оқушылар сахнада нағыз актерлердей өнер көрсетті: «Кішкентай ханзаданың» сырлы әлемі, «Қасқыр мен жеті лақ» ертегісіндегі ана туралы нәзік ән, сүйкімді Қызыл Телпек пен Пьероның бейнелері көрерменді баурап алды. Ал финалдағы «Буратино» әні барлық кейіпкердің басын қосып, көңілді аяқталды. Балалардың өз қолдарымен дайындаған костюмдері әр бейнеге ерекше жылулық сыйлады.
Кештің ең толқынысты сәті — қорытынды нөмір болды. Сыныпта «Анашым, әрқашан қасымда бол» әні әуелегенде, залдағы аналардың көзіне жас үйірілді. Бұл ән — бала махаббатының ең шынайы үні еді.
Мереке соңында балалар аналарына өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын — гүл пішінді әдемі магниттерді тарту етті. Гүлдің ортасындағы баланың суреті мен «Анашым, мен сенің гүліңмін» деген жазу әр ананың жүрегін елжіретті. Бұл кішкентай сыйлық енді әр үйдің төрінде үлкен махаббаттың белгісі болып тұрады.
Бұл мереке Orda School-да баланың жан-жақты дамуына, оның талантын ұштауға қаншалықты көңіл бөлінетінін тағы бір мәрте көрсетті. Мұнда баланың қанатын қатайтып, биікке ұшуына көмектесетін, өз ісіне ғашық ұстаздар еңбек етеді. Дәл осындай жылы қарым-қатынас пен заманауи тәсілдердің арқасында оқушыларымыз жаңа белестерді бағындырып келеді.
Осынау әдемі бағдарламаны дайындап, жүзеге асырған ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қадыр Фариза Жаңабайқызы






