Қос ішектен төгілген қоңыр үн

541

0

Қос ішектен төгілген қоңыр үн Домбыра – киелі. Ол кез келген адамға қона бермейді. Мұны менің кейіпкерім, айтулы мәдениет қайраткері, дәулескер күйші Әлімжан Нағызханұлы Әбсадықов кішкентайынан сезініп өсті. Қызылорда – ән мен күйдің, жалпы қасиетті өнердің ордасы. Халық арасында осы жерді “Сыр елі – жыр елі” деп те атап жатады. Меніңше, онда ұлттық аспабымыз домбыраны қадір тұтпайтын кісі жоқ. Қызылорда қаласында дүниеге келген бауырларымыздың арасында Әлімжанның орны бөлек. Ол ғұмыр кешіп жатқан шаһарда ғана емес, елімізге де кеңінен танымал азамат. 

Домбыраға

құштарлық

Әлекеңді Солтүстік өңірде жатқан Қостанай облысының қалың жұртшылығы да ерекше құрмет тұтады. Өйткені бұл жақта ұзақ мекен етпесе де жар­қын таланты, көркем мі­незі, шығармашылыққа шын бе­рілген қырларымен жақсы ізін қалдырды. Оның шерткен күйін сағынған жергілікті жұрт­шылық әлі күнге дейін «Шір­кін! Күйші дегеніңіз Әлім­жандай-ақ болса ғой! Ол қо­лына домбырасын ұстағанда қос шанаққа тіл бітіп, сайрай жөнелгендей болады! Жиналған қауым концерт аяқ­талғанша сілтідей ұйып тың­дап, ерекше әсерінен көпке дей­ін ары­ла алмайтын»  деседі. Мұн­­дай құрмет пен ілтипатқа дархан дарын иесі, табиғи қа­біле­ті­мен, шырайлы кескін-кел­бе­тімен, ең­бекқорлығымен ие бол­ған­дығына дау жоқ.

Өмір бір орын­да тұрмайды. Қарап отырсақ, кез келген адам­ның жүрегіне жол табатын иманды да адамгершілігі мол азамат үстіміздегі жылы 3 қара­шада 50-ге толғалы отыр. Алайда оның түр-сипаты­на қарап, бұл жасты, сірә, бере қоймайсың. Ол қазақтың кәдімгі қарапайым ғана отбасында дүниеге келді. Облыс орталығында туған ба­ла кішкентайынан өнерге құш­тарлық танытты. Мұны өз кә­сібінің майталманы, яғни қа­­­тардағы жүргізуші болып іс­теген әкесі Нағызхан бірден байқады. Анасы Інжу апамыз да ұлының радиодан беріліп жатқан күйді ерекше ықыласпен тыңдайтынын айқын сезді. Сон­дықтан болар, ба­ла­ларының бой­ындағы қа­білетін ұштау керек екендігін терең сезінді. Шешесі ұзақ жыл­­дар бойы он саусағынан өнер тамған тігінші болды.

Осы жазғы демалыста туған жерім Түркістан облысына қа­расты Сарыағаш ауданына жо­­лым түсті. Қызылорда ша­һа­рына арнайы аялдап, өзім көп­тен бері ерекше қадір тұ­татын інімнің шаңырағына ат басын тіредім. Оның ардақты анасымен сәлемдесіп, инабатты келініміздің қолынан дәм тат­тым. Өздері жеке үйде тұ­ра­ды екен. Балалары да үйдің сә­нін кіргізіп, ұлттық құнды­лық­тарымызға айрықша ден қоя­тындықтарын көрсетіп-ақ тастады. Үлкен кісілер әр от­басының берекесі ғой. Інжу апамыз бізге өзінің әулет­те­­рінің тыныс-тіршілігі, сүйік­ті ұлының өнерге деген ынты­зар­лығы жайлы сыр шертті. Отағасы Нағызхан мен жан­ұяның ұйытқысы Інжу апамыз екеуі жарты ғасырдан астам бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешті. Алты балаға тағылымды тәрбие берді. Әлім­жан –  перзенттерінің үшін­шісі.

Өнердің де тұқым қуалай­тыны жалпыға белгілі ғой. Ша­ңырақ иесі жұмыстан қо­лы босаған кезде қолына қа­зақтың қара домбырасын алып, күмбірлете күй шертетін. Мұн­дай кісілер өз ортасында өте сыйлы болады емес пе? Ара­ласатын кісілер той-томалақ, басқа да қуанышты сәттерде оған қолқа салып, ұлтымыздың ежелден келе жатқан ойлы әрі қиялыңды қияндарға шарық­та­татын күйлерді тартқызатын еді. Сыйлы азамат та бұлданып жатпайтын. Бойындағы өнерін жасырмай, әрдайым көпшіліктің алғысына бөленетін-ді. Міне, соның бәрін зерек Әлімжан кіш­кентай болса да көңіліне тоқып, санасына сіңіре берді. Ол аз десеңіз, үйге жиі келіп тұратын жақын туыс ағасы Мұрат та ән-күй десе, ішкен асын жерге қоятын. Соған да еліктеп, өскенде мен де осын­дай қалың жұртшылықтың шы­найы ықыласына бөленетін шы­ғармашылық адамы болсам деп армандайтын. Қазірге дей­ін сол бір балалық балғын және бозбала шақтарды ерекше сағынышпен еске алады. Өзі ең алғаш «Ақбұлақ» деп аталатын әнді гитарамен қосыла шырқа­ғаны күні кешегідей жадында.

Қайран әке, өз баласына де­ген махаббаты мен қамқор­лығын аямады. Ұлының бойын­дағы көпшілікте кездесе бер­мейтін қарым-қабілетті көзімен көре білген соң бұған домбыра сатып алып берді. Сол кездегі қуанышын тілмен айтып жет­кізе алмас. Нағашылары да жиен­дерінің таудай талабын қол­дамаса, қарсылық білдірген жоқ. Әбдәли есімді анасы жа­ғынан туыс болып келетін, ру­ханиятқа жаны жақын азамат жанашырлық танытып, дом­быра сыйлаған-ды.

Сонымен, Әлімжан Нағыз­ханұлы 2-сыныптан бастап дом­быра тартып, жұрттың на­зарына түсе бастады. Арада бір жыл өткен соң ол облыс ор­­талығындағы музыкалық мек­­тептің табалдырығын атта­ды. Сол уақытта осы білім ордасына мәдениет саласының білгірі, аймаққа есімі жете таныс Есен Көшербаев жетек­шілік ететін. Ол да мұның талпынысы мен музыкаға деген құштарлығын айқын сезіп, қолдан келген қам­қорлықтың бәрін жасады. Дарынды шәкірт дом­бырашылық мамандыққа де­ген талпынысын қаладағы өнер мектебінде одан әрі жал­ғастырды. Зырылдап өтіп жат­­­қан уақыт емес пе? 1984 жы­лы аталған білім ордасын ой­дағыдай тәмамдады. Өнерге біршама тө­се­ліп, оңы мен солын жақсы та­нып қалған еді. Сондықтан да болар, Қы­зылорда қаласындағы музыка­лық училищеге студент бо­лып қабылданды. Домбыра класында шеберлігін шыңдады. Ұстаздан да жолы болды. Өз кәсібінің шебері Айт­бер­ген Жаңбыршиев ба­ла­ның қа­бі­ле­тін барынша да­мыту мақ­са­тында тиянақты жұ­мыс істеді. Тәлімгер мен шә­кірт терең ұғысып, мұның дом­быра саласындағы алғашқы талпыныстары жемісін бере бастады.


Алматыда топ

жарды

Бұл 1987 жыл еді. Кешегі музыка мектебі табалдырығын аттағандағы инабатты бала бір оқу орнының мақтанышына ай­­­нала бастады. Алматы шаһа­рын­дағы Чайковский атын­да­­ғы атақты оқу ордасын­да ұйым­дас­тырылған кол­­ледж­аралық жас орындау­шы­лар байқауында жүлделі екін­ші орынды жеңіп алды. Алғаш­қы лауреаттық атақ пен көпші­лік алдында тап­сырылған ар­найы диплом Сыр бойынан бар­ған қағілез де дарынды боз­баланы қанат­тандырып, өзіне деген сенімін барынша арттырды.

Бұрынғы астанадан үлкен қуанышпен мәртебесі өсіп келгенде жергілікті ағайындар мен ұстаздары оны құшақ жая қарсы алды. Тәлімгерлері жетістіктеріне және еңбек­қор­лығына қарап, егер шындап іздене берсе, болашақта ел намысын қорғайтын дарынды күйші атанарына шүбә келтір­меді. Арада бір жыл өткен соң үй ішінің келісімін алған Әлімжан уақытты созбай, кө­рікті қала Алматыға келді. Ол кезде өзі секілді ұлтымыздың таланттылары осындағы Құр­манғазы атындағы ұлттық кон­серваторияға құжаттарын тап­сыратын. Әрине, студент атану оңай емес. Атақты оқу ор­нына жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар ғана алынатын. Қы­зылордалық талапкердің ба­ғы жанды. Барлық шығарма­шылық емтихандарды тиіс­ті деңгейде тапсырды. Әрқашан­да дидарынан жылы шуақ тө­гіліп тұратын, үлкен мен кі­шіні сыйлай білетін ол жо­ғары оқу орнына бірден сіңі­сіп кетті. Есімі күллі қазақ жұр­тына аса танымал, көптеген шә­кірттердің ұлағатты ұстазы, өнерде өзінің өшпес ізін қал­дырған даңқты профессор Мәл­ғаждар Әубәкіров тәлімгерлік етті. Сыр бойында жүрген ке­зінде-ақ талайлардың таң­дайын қақтырған өнерлі боз­бала консерваторияда да шеберлігін көрсетті. Оқу орнының жа­нындағы «Мұрагер» деп ата­латын ансамбльде қызмет етті. Өнер ұжымының құрамында болғанда белгілі өнер қай­рат­керлері Абдулхамит Рай­ым­­бергенов пен Досмұ­ха­мед Тұяқ­баевтардың бас­шы­лы­­ғымен әлемді шар­лады.

Сөйтіп, бұрын өздеріне бейтаныс Түркия, Германия, Ита­лия, Америка секілді өр­кениетті мемлекеттерде болып, қазақ өнерін басқаларға паш етті. Олар да кешегі Францияны асқақ даусымен тәнті еткен абыз атамыз Әміре Қашаубаевтың елінен келген дарынды жігіттер мен қыздардың салған әндері мен күмбірлете шерткен күй­леріне риза болып, қайта-қайта қол соқты. Сондай-ақ ол Алматы шаһарындағы Құр­ман­ғазы атындағы Айтқали Жайы­мов басқаратын халық ас­паптары оркестрінде де дәу­лескер күй­ші ретінде баршаға танылып қал­ған-ды. Мұның бәрі де оның өз кәсібіне деген шексіз ынтызарлығын, өнерді өмірім деп түсінетін тағы бір азаматтың қалыптасып келе жатқанының нақты дәлелі-тін. Сол жылдары өзіне дәріс берген ұстаздары да, бірге оқы­ған курстас, яғни қазіргі ай­нымас достары да өзін ерекше қадірледі.

Ұстаз шыңы –

сенімді ақтаған

шәкірті

Қостанай – киелі өңір. Бұл жерден қазақ өнерінің не­гізін қалаған тұлғалар шық­қан. Алаш ардақтылары Ахмет Бай­тұр­сынов, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин секілді көр­некті қайраткерлермен қатар, Елубай Өмірзақов, Қапан Ба­дыров, Серке Қожамқұлов сияқ­ты қайталанбас ардақ­тыла­ры­мыздың есімі иісі қазаққа мәлім.

Осы астығымен атағы алысқа әйгілі Қостанай өңіріне сол жылдары Кенжебек Үкіұлы басшы болып тағайындалды. Мә­дениет саласына аяулы қа­зақ қызы Римма Ғайсенова же­текшілік етті. Сол кісілердің тікелей қамқорлығымен Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның жанынан қа­зақ ансамблі құрылды. 1993 жылы көктем айында осы­нау өнер ордасының сол кездегі басшысы, Қазақ­стан Респуб­ликасының еңбек сіңірген мә­дениет қызметкері Владимир Рыдченко Алматыдағы Құр­ман­ғазы атындағы ұлттық кон­серваторияға арнайы келіп, ұл­ты­мыздың бір топ та­лантты жігіттері мен қыздарын қыз­метке шақырды. Вла­ди­мир Ва­сильевич түлектермен кездесті. Ең бастысы, жастарға өңірде қазақ өнерін көтеру керектігін және барлығы да бас­панамен қамтамасыз етілетінін айтты.

Консерватория түлектері ақыл­даса келе, киелі Қостанай жеріне табан тіреді. Көп өт­пей, «Ақжелең» ансамблі дү­ниеге келді. Кейіпкерімізге үл­­­кен се­нім артылып, осы өнер ұжы­мының жетекшісі бо­лып тағай­ындалды. Әрине, олардың келуі облыс мәдение­тіндегі елеулі оқиға болды. Ата-бабамыздан келе жатқан киелі өнерге сусап отырған бауырларымыздың алғашқы күн­нен бастап жан дүниелері ру­хани жағынан байып, олар­ға шынайы алғы­сын білдір­ді. Ан­самбльдің құра­мын­­­дағы жастар да өздері­нің бі­лікті­лік­терін та­ныт­ты. Ресей­дің астанасы Мәс­кеуде ұйымдастырылған ха­лықаралық байқаудың лау­реаты атанды. Тіпті, сол үлкен шаһарда өткізілген Наурыз тойына да қатысты. Өнер сах­насында Қа­зақстанның ха­лық әртісі Роза Рымбаева және «А-Студио» тобымен өнер көр­сетіп, көршілес орыс халқын тәнті етті.

Әлімжан Әбсадықов талант­ты жастардан құралған ан­самбльдің білікті басшысы, та­биғи талантты күйші болуымен қатар, Ахмет Байтұрсынов атын­дағы Қостанай мемлекеттік университетінің музыка фа­ку­льтетінде және облыс ор­та­лығындағы музыкалық мек­­тепте талапкерлерге домбы­ра­дан дәріс берді. Қанша­ма шәкірттері түлеп ұшты. Олар­дың бәрі де Сыр өңірінде ту­ып-өскен ұстаздарын әрдай­ым ерекше мақтанышпен ай­тып жү­реді. Кейін олар­дың бір­қа­тары кезінде бұл басқарған «Ақ­желең» ансамбліне қызмет­ке алынды. Қабілетімен дара­ланған шәкірттерінің бірі – Са­пар Молдабеков. Ол қазір облыстық филармо­ния­дағы бел­гілі өнер иесі. Саз­герлік қабілетімен де есімі об­лыс жұртшылығына жақсы таныс.

Ата-ана ұл мен қыз үшін әрқашан да ардақты емес пе? Уақыт өте Әлімжан Нағыз­хан­ұлы әке-шешесіне қамқор­лық жасап, өзінің перзенттік па­рызын орындау мақсатында туған жері Қызылордаға орал­ды. Әрине, кетерінде оны қос­танайлық талғампаз қауым, әріптестері әрі бауыр басып кеткен шәкірттері қимай шыға­рып салды. Бұған да оңай бол­ған жоқ. Алайда кіндік қаны тамған өңірге келген соң шы­ғармашылық жұмысқа білек сы­бана кірісті.

Содан бері облыс орталы­ғын­дағы музыкалық колледждің ха­лық аспаптары бөлімінің мең­герушілігін атқарып келеді. Шә­кірт­тері де ұстазының арқа­сында талай халықаралық, рес­пуб­ликалық байқауларда топ жарып, жүлдегер атанды. Лау­реаттық дипломдарға ие бол­ды. Өнер иесі өңірде өте қа­дірлі. Бұл күндері облыстық фи­лар­монияның жанындағы Тұрмағамбет атындағы ха­лық ас­паптары оркестрінде кон­церт­мейстер де болып жұ­мыс істейді. Қазіргі таңда Әлекең­сіз қалада бірде-бір мәдени ша­ралар өтпейді десек, асыра айт­паған болармыз. Осы ай­мақтағы барлық байқаулардың, өнер және шығармашылық кеш­тердің бел ортасында жүреді. Оның қажырлы жұмысы, тың ізденістері лайықты бағаланды. Кеудесіне тағылып, күнмен шағылысқан «Ерен еңбегі үшін» медалі және лауреаттық төс­белгілері – осы сөзіміздің нақты дәлелі.

Ой-өрісі кең, біліктілігі жо­ғары маманның бос уақыты жоқ. Еліміздегі республикалық байқаулар мен олимпиадаларға әділқазылар алқасының мүшесі ретінде жиі шақырылады. Оның тә­лімін алған жігіттер мен қыз­дар қазіргі таңда елі­міз­­дегі «Отырар сазы», Құр­манғазы атындағы ұлттық ор­­кестрлері мен елордамыз Нұр-Сұл­тан­да­ғы филармонияда қызмет ат­қарады. Бұл да көп жайдан сыр шертіп тұрған жоқ па?

Қызылорда – небір мықты күйшілердің Отаны. Олардың бәрінің бірдей атын атап, тү­сін түстеп шығу да мүмкін емес. Талғампаз қау­ым­ға Шал­мырза, Әлшекей, Досжан және бас­қалардың есімін аса бір құр­метпен атасақ орынды болар.

Ынтымағы жарасқан Әбса­дықовтар әулетін бәрі де үл­гі тұтады. Жары Айгүл ша­һардағы №9 орта мектепте бі­лікті ұстаз. Төрт перзентіне уақыт талабына сай тәрбие мен білім беріп келеді.

Сөз соңында Әлімжан бау­ы­рымызды мерейтойымен құт­тықтай отырып, оған әрдайым өнер биігінде жұлдызың тек қана биікте жарқырай бер­сін де­ген ең ізгі тілегімізді білдіреміз!

Оразалы Жақсанов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<