Отбасы – адам өміріндегі ең алғашқы әрі маңызды әлеуметтік орта. Қоғамдағы тұрақтылық пен үйлесімділіктің негізі де осында қаланады.
Жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде отбасы институтын нығайтуға және дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға бағытталған мәдени, білім беру және әлеуметтік іс-шаралар өтеді. Бұл күн отбасылық татулық пен ұрпақтар сабақтастығын одан әрі арттыратыны анық.
Атаулы күнге орай қалада онкүндік аясында түрлі мазмұнда шаралар жоспарланған. Соның бірі «Отбасын жоспарлау» тақырыбы аясында ұйымдастырылды. Онда қала әкімдігі мен қалалық полиция және облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандары тарапынан некеге тұруды жоспарлап жүрген жұптарға құқықтық, медициналық, әлеуметтік, психологиялық кеңес берді.
Қала әкімдігі жанындағы комиссия мүшесі Айгерім Ерболатқызы отбасындағы түсіністік пен сыйластықтың маңызын айтып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға тоқталды. Зорлық-зомбылық әлеуметтік мәселе ретінде жәбірленушілердің өздеріне әсер етіп қана қоймайды, сонымен бірге жалпы қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Сондықтан оның алдын алу маңызды екенін тілге тиек етті.
Одан кейін облыстық денсаулық сақтау орталығының дәрігер-гинекологі Айгерім Ыдырысова дені сау ұрпақ дүниеге әкелу үшін жастар өзіне ерекше көңіл бөлуі қажеттігін атап өтті. Отбасын құруды жоспарлап жүргендерге арналған орталық әр емханада жұмыс істейді. Оған алдын ала келіп, мамандардың тексеруінен өтудің әбестігі жоқ. Сонымен қатар психологтар жас жұбайларға өмірлік дағдарысты еңсерудің жолдарын түсіндірді.
Кеңесте құқықтық, қаржылық сауаттылық, зорлық-зомбылыққа көз жұмбау, эмоционалды интеллект, серіктестік пен жауапкершілік, репродуктивті денсаулық тақырыптары бойынша маңызды мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары да айтылды. Бұл бастама жас отбасылардың саналы шешім қабылдап, қоғамдағы отбасы құндылықтарын нығайтуға жол ашады.
Іс-шара соңында жас жұбайлардың некесі қиылып, неке куәліктері салтанатты түрде табысталды.
«СБ» ақпарат





