Пандемия: ПӘРМЕН МЕН ДӘРМЕН

1000

0

Дүниені дүрбелеңге салып, қорқыныш құшағына ораған коронавирус індетінің қаупі әлі де сейіле қойған жоқ. Еліміздің де аты жаман аурумен арпалысқанына бес айдың жүзі болыпты.  Бірінен соң бірі жалғасқан карантиндік шектеу шаралары  тұрғындарға оңай тиіп жатпағаны жасырын емес. Бірақ тәртіпке бағынып, сақтық шараларын орындау ең алдымен өзіміздің бас амандығымыз үшін керек, әрине.

Карантин шаралары оң көрсеткішке бастады

Бұлт артынан күн шығатыны секілді, жуырда ғана Денсаулық сақтау министрлігі өкілі брифинг беріп, елімізде қауіпті індетті жұқтыру өсімінің тоқтағанын айтып, сүйінші сұрады. Жағымды жаңалыққа қуанбаған жан жоқ шығар.

«Қазақстанда КВИ жұқтыру өсімі тоқтатылды. Ел бойынша жағдай айтарлықтай жақсарды. Биылғы 13 наурыздан бастап КВИ-мен 99 442 адам ауырса, 72 523 науқас, яғни, 72,9 проценті  жазылып шыққан», – деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Бағдат Қожахметов брифингте.

Ал Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой карантиннің соңғы бес аптасында «COVID-19» вирусын жұқтыру көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 56,73 адамнан 36,2-ге дейін төмендегенін мәлімдесе, ауруға шалдығу көрсеткіші 2 есеге жуық азайғанын айтты.

«Мемлекет басшысының қолдауы мен түсіністік танытуының арқасында біз ауруды статистикалық есепке алуға көштік. Қазақстан клиникалық-эпидемиологиялық мәліметтер негізінде зертханалық нақтылаусыз коронавирус инфекциясы жағдайларын тіркеуді алғашқылардың бірі болып қолға алды. Бұл ең бірінші кезекте халықтың аурудың қауіптілігін түсіну үшін қажет болды», – деді министр.

Статистикаға жаңа әдіс енгізу төсек-орын қорын кеңейту есебінен стационарлық ем алатын пациенттер санын барынша ұлғайтуға мүмкіндік берген.

«Бұл жүздеген өмірді сақтап қалды. Өйткені адам өмірін сақтап қалу үшін қажетті дем алуды жасанды қолдау тек стационарлық жағдайда ғана көрсетіледі. Коронавирус індетіне байланысты жедел жәрдем шақырту 62 процентке төмендеді. Қабылданған шаралардың арқасында салада жүктеменің негізгі көрсеткіштерін төмендетуге қол жеткізілді. Елімізде орташа есеппен аурудың тәуліктік өсімі 2 есеге жуық төмендеп, емделіп шыққандар саны 73,6 процентке артты», – деді министр.

Өңірдегі ұтымды ұйымдастыру

нәтиже беруде

Осы орайда «облыстағы ахуал қандай?» деген сұрақ туын­дайтыны белгілі. Еске сала кетейік, қауіпті індет өңірде ең алғаш 28 наурызда тіркелген болатын. Наурыз айында 18 дерек анықталса, сәуірде 183, мамырда 211, маусымда 800, шілдеде 1775 науқасқа жетті. Ал тамыз айының он күнінде 159 дерек тіркелген.

– «COVID-19» індеті аймақтың барлық ауданында тіркелді. Соның ішінде басым көпшілігі, яғни, 1892 дерек Қызылорда қаласының үлесінде. Вирусты 1 жасар баладан 90-нан асқан қарияға дейін жұқтырды десек, соның ішінде 20-69 жас аралығындағы азаматтар арасында жиі анықталып отыр. Бұл әлі де болса карантин режиміне қарамастан жастардың ойын-сауық басқосуларға, үлкен кісілердің ас беру, үй жағдайында беташар секілді көпшілік іс-шараларға баруының тыйылмай отырғандығын байқатады.

Сондай-ақ, инфекция таралуының алдын алу мақсатында жалпы республика көлемінде наурыздың 16-сы мен 11 мамыр аралығында төтенше жағдай жарияланған болатын. Сол уақытта небәрі 229 жағдай тіркелсе, төтенше жағдай алынғаннан кейін, яғни, 12 мамыр мен 5 шілде аралығында ауруға шалдыққандар саны 1179-ға жетті. Бұл тағы да аурудың тыныс алу арқылы тез жұғатынын көрсетті, – дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Әлия Ыдырысова.

Жалпы  аймақта ауру жұқ­тыр­ған 3186 адам анықталса, 11 тамыздағы мәлімет бойынша оның 2335-і, яғни, 73,4 проценті емделіп шыққан. Індет жұқтыр­ғандар арасында  медицина  қызметкерлері де бар. Мәселен, өңірде 332 сала қызметкері індет ілмегіне іліксе, бүгінде оның 243-і, яки, 73,2 проценті аурудан айыққан. Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясымен 51, провизорлық стационарда 243, барлығы 294  науқас ем алуда.

Қос ауданнан жеткен  жағымды жаңалық

Аудандарда да эпидахуал тұрақталып келеді. Мәселен, Арал ауданаралық ауруханасында 100 провизорлық, 20 инфекциялық төсек-орын ұйымдастырылған. Індет таралғалы бері провизорлық стационарда 225 науқас емделсе, инфекциялық стационарда 52 адам аурудан айығып шыққан. Қазіргі таңда провизорлық стационарда 18 адам ем алып жатса, инфекциялық стационарда ем алушы жоқ.

Ал Жаңақорған аудандық ауруханасының КВИ-1 инфекциялық бөлімінен соңғы науқас сауығып шықты. Бұл туралы аурухана әкімшілігі әлеуметтік желілерде  сүйіншілей жариялады. Сондай-ақ, Төменарық ауруханасындағы провизорлық стационар да жабылды.

«№1 провизорлық стацио­нардан бүгін тағы 5 науқас сауықтырылып, үйлеріне қайтарылды. Қазіргі уақытта 4 науқас бақылауда. Олардың да тез арада сауығып, отбасыларына оралуына  тілектеспіз. Осы ретте «COVID-19» пандемиясы мен вирусты пневмониямен күрес шараларына барын салып жұмыс істеген сала қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз. Ауырмаңыздар, ағайын, аман болыңыздар!», – деп жазды аурухана әкімшілігі.

Апта басы жағымды жаңалықтармен басталды, шүкір.  Қуанышты  хабарлар жалғасын тауып, еліміз қауіпті індетті жеңіп шығар күн де алыс емес деп ойлаймын.

Жанға араша жедел жәрдем

Осыдан бір ай бұрынғы жағдайды елестетіп көріңізші. Қалада да, далада да карантин күшейді. Сақтансақ қана сау болатынымыз­ды бірден емес, бірте-бірте түсіндік. «Індет ілмегіне ілінбесек болар еді» деген күдік пен тілек қай адамның да көкейінде тұрды. Көшеде жедел жґрдем көліктері зыр етіп жаныңнан өткенде жүрегің де қосылып зу ете қалатын. Медициналық көліктің бұлай жүйткуі кейде ғана емес…  Жағдайдың күрделенгенін осы көрініс-ақ түсіндірді.

Елеңдеген ел, екі есе көп қоңырау

Деректерге сүйенсек, маусым айында бір тәулікте облыс­тық жедел жәрдем станциясына түсетін шақыртулардың саны 2000-нан асып кеткен екен. Бұл бұрынғыдан екі есе көп қоңырау. Демек, станциядағы көрсеткіш – қазіргі эпидемиологиялық ахуалдың айғағы. Сондықтан, әр минуты маңызды жедел жәрдем орталығына арнайы бардық та, мамандардың өзімен сөйлесіп жағдайды білдік.

Жедел жәрдем шақыра қалсақ, «неге бірден келмей жатыр» деп даурығатынымыз рас. Бірақ станцияда шақыртулар 4 санаттылық бойынша тіркеледі. Бірінші, екінші, үшінші санаттағы шақыртулар бойынша дәрігер мен фельдшер қоңырау түскен уақыттан бастап 15 минут ішінде науқасқа жетуі қажет. Сырқаттың тыныс ала алмауы, жүрек аймағының ауырсынуы, ауа жетпеу сезімі, тұншығу ұстамасы, жол-көлік оқиғасы және жаяу жүргіншіні қағып кету жағдайлары осы санаттарға сәйкес. Ал, адам өміріне қауіп төнбейтін шақыртулар төртінші санатқа жатады. Мұндайда пациентке емхана тобындағы дәрігер бір сағатқа дейін жетіп, халін білуі қажет. Байқағаныңыздай, маусым айы мен шілденің басында жедел жетуі тиіс дәрігерлер тым қауырт кезеңді басынан өткерді. Өйткені шұғыл шақыртудың басым бөлігі ауа жетпей қиналған науқастардан түскен хабар еді.

Осы салада 14 жылдан бері еңбек еткен станциядағы аға дәрігер Ләззат Медетова пневмонияға байланысты қазір күніне 8-10 шақырту түсетінін айтты. Ал бір ай бұрын жағдай мүлде басқа еді. Бір тәулікте пневмониядан зардап шеккен 250-ге жуық науқастан шұғыл хабар жететін.

– Жедел жәрдем станциясында 71 бригадалық топ қызмет атқарады. Маусым айында індет өршіген кезде 2300-ге дейін шақырту тіркелді, көбі COVID-19 және пневмонияға байланысты еді. Әсіресе, ересек кісілер жиі ауырды. Ал шілде айының ортасынан бері қарай шақырту азайып, 2300-ден 1200-ге түсті. Тамыз айының басынан бастап тәулігіне жедел жәрдемге 1000 шақырту тіркелуде. Жалпы асқыну жағдайы өте көп кездесті. Пневмонияға байланысты тәулігіне 25-30 сыр­қат өмірден озған кездер болды, – деді дәрігер.

«Ананы аман алып қалдық»

Жедел жәрдемдегі мамандарға темірдей жүйке мен жұмысқа тиянақтылық қажет. Байқасақ, мұндағының бәрі жедел. Кейде жол белгілері мен бағдаршамның қызылына қарамай жүйткитін көлік ішінде күні бойы жүру, санаулы минутта шешім қабылдау оңай емес. Сондықтан, дәрігерден бөлек көмекші фельдшер мен көлік жүргізушісін де сөзге тарттық.

Фельдшер Жасұлан Иньятулла – оқу орнын бітірген соң жедел жәрдем станциясына жұмысқа орналасқан жас маман. Бүгінде оның қызмет еткеніне бір жарым жыл болыпты. Әңгімелесу барысында Жасұлан апта бұрын алпысқа жақындаған әйел адамның ауа жетпей қиналып, үйіне барып, дереу көмек көрсеткендерін есіне алды.

– Сол күні ананы оттегі арқылы ауруханаға жеткізіп, аман алып қалғанымызға қатты қуандым. Іштей әр адамның жағдайын жақсартып, көмегіміз тисе деген ниетпен еңбек етеміз. Сондықтан әр науқастың денсаулығы үшін қолдан келгенді жасаймыз. Мамандығым осы салаға қатысты болғандықтан шығар, менде қорқыныш болмады. Күніне 35-40 шақыртуға барсақ, қазір қоңыраулар 20-ға азайды, – деді ол.

Елгезек жүргізушінің де еңбегі ерен

Жедел жәрдем станциясында көлік жүргізушісінің де елгезек болғаны маңызды. Қаланың шет аумақтарында жаңа үйлердің нөмірсіз болуы, тіпті нөмірі ауысып кететіні, көшенің атауы жазылмайтыны таңғалатын жағдай емес. «Есіктің алдында көк шелек тұр. Сол үй біздің үй» дейтін де тұрғындар бар. Сондайда көк шелегі бар үйді тауып көр…

Сабыр Дүкенбаев – он төрт жылға жуық осы қызметті атқарған тәжірибелі маман. Біле білсек, науқасқа жедел жетеміз деп асығып жүргенде дәрігер мен фельдшердің де өмірі көлік тізгіндеген адамға байланысты болатыны жасырын емес. Сондықтан Сабыр ағамен де әңгімелестік, жайдары жүргізуші қысылтаяң уақытта адамдар амандығы үшін мезгіл мен жағдайға қарамағанын айтып берді. Наурыз айынан бері осы жағдайдың бел ортасында жүрген жүргізушінің жалақасына үстемақы да тағайындалыпты.

Жедел жәрдем станциясындағы жағдайдан түсінгеніміз, эпидемиологиялық ахуал әлдеқайда жақсарған. Бұған провизорлық орталықтардың жабылып, ауруханалардың қалыпты қызметке көшуі де дәлел.

Айнұр БАТТАЛОВА,

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<