Қазақстанда тұрғын үйді сату-сатып алу бойынша нотариалдық мәмілелерді онлайн рәсімдеуге арналған пилоттық жоба іске қосылды.
Әділет министрлігінің мәліметінше, «Цифрлық ипотека» ұлттық жобасы аясында Қазақстанда екінші деңгейлі тұрғын үйді сату-сатып алу бойынша нотариалдық мәмілелерді онлайн рәсімдеудің пилоттық тетігі енгізілді. Енді қазақстандықтар банкке немесе нотариусқа бармай-ақ, барлық кезеңдерді қашықтан, электронды форматта жүзеге асыра алады. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Ипотекалық несие арқылы тұрғын үй сатып алатындар үшін жаңа қызмет өтінім беруден бастап тіркеу құжаттарын алуға дейінгі кезеңді толықтай онлайн рәсімдеуге мүмкіндік береді. Банк, нотариус және тіркеуші органдар бірыңғай цифрлық платформа арқылы жұмыс істейді.
Сатушы мен сатып алушы жүйеге кіріп, өз әрекеттерін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы растайды. Жүйе автоматты түрде қатысушылардың жеке басын, нысанға меншік құқығының бар-жоғын, мүлікте тыйым салулардың немесе басқа да шектеулердің жоқтығын анықтайды.
«Нотариус мәмілені онлайн-форматта видеобайланыс арқылы куәландырады. Осыдан кейін шарттың электрондық көшірмесі тіркеу үшін «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесіне жолданады. Жаңа меншік иесіне рәсімнің аяқталғаны жөнінде хабарлама келеді» делінген әділет министрлігінің хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, электронды рәсімдеу қызметтері мен «Цифрлық ипотека» кезең-кезеңімен екінші деңгейлі банктердің платформаларына енгізіліп, халық арасында белсенді түрде насихатталмақ. Министрлік жаңа өзгерістің жылжымайтын мүлікті сатып алу үдерісін әрбір азамат үшін бұрынғыдан да қолжетімді, түсінікті әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік беретінін алға тартып отыр.





