Психология: мамандық па, табыс көзі ме?

376

0

Сурет ашық дереккөзден

Адам жаны – құпиясы ашылып бітпеген жұмбақ. Осы уақытқа дейін қаншалықты зерттелсе, соншалық зерттелуге тиіс сырлары бар. Жантану ғылымы ми мен жүректі таразыға салып, болмысты жаңа қырынан тануға жол сілтейді. Осылайша өзін зерттеп, өміріне үңілген адам өзімен қайтадан танысқандай күйге енеді. Талбесіктен жербесікке дейінгі ғұмырда ешкімнің болмысына, таңдауына қарап, мынадай деп таңба басу мүмкін емес. Себебі өзгеру үшін бір-ақ сәт жеткілікті.

Көңілі құбылған, тұрақсыз адам табиғаты өзін түсіне алмай, кейде таңдау жасай алмай, шешім қабылдаудан қашып, депрессияға ұшырайды. Алайда соңғы уақытта кішкене көңілі бұзылса, өзіне «депрессия» немесе «стресс» деп диагноз қойып алатындар көп. Ең сорақысы, өмір бойы үйінде отырып, жұмыс істемей, кейін бір апталық, он күндік курсты «оқып алған» психологтардың саны артуда. Өзіне психолог деген атақ беріп алғандар ауырғанның жанын емдей ала ма? Өзін түсінбей, өмірден түңілгендер кімдерге барып жүр? Неге қазір екінің бірі психолог? Психологты қалай таңдаймыз?

Статистикаға сүйенсек, Қазақстан депрессияның таралу деңгейі бойынша 180 ел арасында 93-орынды иеленген. Sountrycassette халықаралық тәуелсіз онлайн-журналының деректері бойынша, қазақстандықтардың 4,4%-ы депрессиядан зардап шегеді. Әлемдік көрсеткіш одан айтарлықтай аз – 3,9%. Депрессияға ұшыраған қазақстандықтардың саны 732,7 мың адам. Таралу деңгейі бойынша бестіктің қатарына Украина, сосын АҚШ, Австралия және Эстония кіреді. Өзбекстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда психикалық денсаулықтың бұл көрсеткіші 4,2%-дан 3,8%-ға дейін төмен. Ал ең аз күйзеліске түсетіндер – аралдағы мемлекеттердің тұрғындары екен.

Айта кету керек, еліміздің психиатриялық ауруханалары көрсеткен қызметтер көлемі өткен жылы бірден 29,7%-ға өскен. Егер 2022 жылы осындай мамандандырылған медициналық мекемелер 42,4 млрд теңгеге қызмет көрсетсе, былтыр бұл сома 54,9 млрд теңгеден асты. Ал жеке психологтар көрсеткен қызметтердің көлемі туралы деректер қолжетімді емес. Кейінгі жылдары Қазақстанда өз-өзіне қол жұмсау деңгейі өзгеріссіз. Жылына 3,5 мыңнан 4 мыңға дейін адам өз еркімен өмірден кетеді. Өткен жылдың 12 айында 3,7 мыңға жуық адам өз-өзіне қол жұмсады, оның 234-і кәмелетке толмаған.

Ең алдымен ажыратып алайықшы. Кәсіби білімі бар психолог пен әуесқой психологтың басты айырмашылығы неде? Әрине, әуесқой психологтар, ең бірінші өзінің қажеттіліктерін қанағаттандыруды көздейді, яғни, олар үшін клиентке өзінің керек екенін, мұқтаж екенін сезіндіру маңызды. Мұндай кезде клиенттің мәселелері шешілмейді. Ал кәсіби терапия қарапайым ас үйдегі әңгіме деңгейінде өтеді. Уақытша тыныштандырады, өзі ақылдан шаршаған адамға кеңес береді.

Сенім телефоны – ақпараттар құпия сақталатын, мәселеңізді айтып, мұң шағуға болатын психологтар мен қарапайым халық арасындағы тікелей байланыс түрі. «Қала бойынша баяндасам, жыл басынан бері он ай ішінде сенім телефонына 4 мыңнан астам алматылық тұрғын шерін тарқатқан. Соның 500-ден астамы әлеуметтік түйткілдерін айтып, тығырықтан шығатын амал сұрап психологтарға шағымданыпты. Осы бес жүздің басым бөлігі – құмар ойын ойнап, онлайн несиені үйіп алып, қарызға белшеден батқандар. Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығындағы 4 сенім телефонына тәулік бойы тыным жоқ. Күніне 30 адам мұң шағып, кеңес сұрайды. Өкініштісі, психологқа баруға ұялады», – дейді Жазира Бегалы есімді орталық қызметкері.

Жаны күйзелген жұрт психологқа барады делік. Себебі әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, екінің бірі жан дәрігері екенін атап өттік. Олардың әрқайсысы өзінше кітап шығарып, курс дайындап, сатуда. Алдынан мыңдаған адам өткен. Жазушы, мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваның айтуынша, саны көп, сапасы жоқ психологтарға баратындар – өз өміріне жауапкершілік алудан қашатындар мен шешім қабылдай алмайтындар.

– Қазір нумеролог, чакрологқа баруды сауатсыздық деп жатамыз. Бірақ бұған үлкен психологиялық негіз бар. Қазір адамдар шешім қабылдауда қатты қиналады. Неге Марк Цукерберг секілді байлар күнде бір киіммен жүреді. Олар бір маркадағы бірдей киімді көп мөлшерде сатып алып қояды. Бұның бәрі таңертең не киемін деп ойланып, шешім қабылдауға мәжбүр болмас үшін. Олар ауқымды нәрселерді ойлайды, қиын шешімдер қабылдайды. Бизнесмен, саясаткерлердің қабылдаған шешімі көп адамдарға әсер етеді, нәтижесі қауіпті немесе сәтті болуы мүмкін. Сондықтан күндерін жеңілдету үшін күнде бірдей киінеді.

Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы құмалақшы, жұлдызшыларды қазір психолог, нумерологтар алмастырып жатыр. Бірақ сауатты психологтар өте аз екенін мойындау керек. Қазір әлеуметтік желідегі қазақы ортада бұл бизнеске айналды. Психолог болып қабілеті жоқ, құр ақша алу үшін жұмыс істеп жатқандар да бар. Негізі мұндайларды «инфосығандар» деп атайды.Екінші жағынан қазір адамдар жауапкершіліктен қашады. Өз өмірі үшін өзі шешім қабылдауға қорқады. Бағыт беретін, орнына шешім қабылдап беретін адам іздейді. Бұны жалқаулық деуге де болады. Адамдарға алаяқтарға жемтік болмай, өз өміріне жауапты болуды үйрену керек, – дейді ол.

Ал психологті қалай таңдаймыз? Қандай критерийлер маңызды? Бұл туралы әркім әртүрлі пікірде болуы мүмкін. Себебі қазір кім танымал, кімнің ақпараты өтімді, кімнің оқырманы көп, сол кереметтей көрінеді. Бұл – жай ғана қате түсінік. «Психологиялық тренингтерге аса сақтықпен қарау керек. Бәлкім шетелден келіп біздегілерге тәлім беретіндерді бір жақсылап тексеріп отырған дұрыс шығар. Себебі осындай психологиялық тренинг пен бизнес курстардың біріне барған жақсы таныстарым қатты өзгеріп кетті. Баяғыдан істеп жүрген жұмыстарын тастап басқа салаға ауысқан. Тіпті, отбасылық өмірін түбегейлі өзгерткендері де бар. Жақсы жағына болса бір жөн ғой. Баласын тастап кететіндерге жүрегім ауырады. Бұндай курстарда адамның санасына «шешім қабылдай біл», «өміріңді түбегейлі өзгерт», «өзің үшін өмір сүр» деген секілді ұстанымдар сіңіріледі.

Таныстарымның бірі қоймаған соң мен де бардым. Кеңсеге кіргеннен қайта-қайта су береді. Өзімнің суым бар деп ішпей қойдым. Курстан өтпес бұрын алдымен психолог сізбен сұхбаттасады. «Жұмысыңыз ұнай ма, бала-шағаңызға көңіліңіз тола ма, арманыңыз қандай?» деген сияқты түрлі сұрақтар қояды. Мен бәріне бүкпесіз жауап бердім. Өзімнің бақытты екенімді айтып едім, әлгі маман керісінше «сіздің ішіңізде өзіңізге ұнамайтын нәрсе бар» деп қоймады. Мен барлық адамда өзіне жақпайтын проблема бар емес па десем, енді соны шешейік деп кенедей жабысты. Түсінгенім, негізгі мақсат менің ішімнен әйтеуір бір кілтипан тауып алып соны емдеген болып ақша «сору». Содан қайтып мұндай курстарға жолағам жоқ. Бірақ барып жүргендер әлі көп», – дейді журналист Ерқанат Көпжасарұлы.

Оқырмандарға психологтан аулақ жүруді насихаттап, олар үшін таңдау жасай алмаймыз. Алайда жан қиналып, күйзеліске түскенде барар «дәрігеріңіздің» кәсіби біліктілігіне, қанша жылдық тәжірибесі бар екеніне, оқырман санына емес, оқыған дүниесіне мән беріңіз. Алдымен өзін тексеріп, танып барыңыз. «Инфосығандарға» алданбаудың жолы – таразыға салып, саналы түрде ақ-қараны ажырата алуда, сөзге емес, әрекетке, процеске мән беруде. Ал неге қазір жастар мен үйінде отырған аналар ақша табуды үйретіп, дамуға шақыруға, психолог болуға құмар десек, «ақыл айту» ең оңай іс екенін еске алған жөн. Әрі жұртты кәсібилігіне сендіре алған психолог әр сеансы үшін 50 мың, 100 мыңдап табыс тауып отыр. Қосымша курстарды есептемей-ақ қоялық. Осындай теріс тұстарының салдарынан да болар, психолог көбейген сайын оған деген оң көзқарас азаюда.

– Бүгінде елдегі кейбір мекемелерде психолог мамандар жұмыс істейді. Олар қолдан келгенше жұмырбасты пенденің жүйкесіне жүк түсірген жайларды зерттеп, азаматтарға қолдан келгенше демеу көрсетеді. Әйтсе де, кейбіреулер оңаша отырып ойласқанды қалайды. Осындайда жеке психологтар санаулы ғана деп айтуға болады. Өйткені олардың жұмысына ешқандай мүмкіндік жасалмаған. Халықтың санасы да әлі психологияны толық ұғына қоймаған. Сол себепті жеке психологқа келушілердің саны аз. Арнайы ғимарат жалдап, адам қабылдап отырғаннан кейін психологтар табыс тапқанды дұрыс көреді. Ал оған қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. Сондай-ақ жеке орталықтарда қазақтілді психологтардың саны әлдеқайда аз. Менің ойымша, бұл біріншіден, жастардың осы мамандыққа деген қызығушылығының аздығынан десек, екіншіден жалақының аздығы, одан қалды халықтың сұранысы да аз, – дейді қызылордалық психолог Бағдагүл Ибрашева.

Адамның жаны өте нәзік келеді. Біз кейде жанымызда жүрген жақындарымыздың ішкі жан дүниесіне үңілмейміз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, бүгінде сырын ешкіммен бөлісе алмай, ішқұса болған кейбіреулердің бұл дүниені тәрк етіп, ортамыздан ойда-жоқта келмес сапарға аттанып кетіп жатқандары да бар. Демек «инфосығандар» мен тәжірибелі психологтарды жіктеп, қалтаға емес, адамның жанына қарайтын, ақша емес, дертке дәру іздейтін кәсіби мамандарға қолдау көрсетер уақыт жеткендей.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<