UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңі екінші турындағы қазақстандық «Қайрат» (Алматы) өз алаңында Испанияның «Реал Мадрид» (Испания) клубына есе жіберді.
Кездесу барысында алматылық команда алғашқы минуттарда белсенділік танытты. Осындай сәттердің бірінде Дастан Сәтпаев өзінің мүмкіндігін мүлт жіберіп алды. Ойынның 26-минутында Килиан Мбаппе алматылық клуб қақпасына белгіленген пенальтиді мүлтіксіз орындаса, ол 52, 74-минутта тағы екі мәрте мергендік танытып, хет-триктің авторы атанды. Одан кейін Эдуарду Камавинга 83-минутта басымдықты арттыра түссе, 93-минутта Браим Диас қорытынды есепті белгіледі. Осылайша алматылық клуб қарсыласына 0:5 есебімен есе жіберді.
Қазірге дейін алматылық клуб бірінші турда Португалияның «Спортинг» (Лиссабон) командасынан 1:4 есебімен жеңіліп қалған еді. Енді олар беделді турнирде «Реал Мадрид» (Испания), «Интер» (Италия), «Арсенал» (Англия), «Брюгге» (Бельгия), «Олимпиакос» (Грекия), «Пафос» (Кипр), «Копенгаген» (Дания) клубтарымен ойнайды.
Еліміздің атынан турнирде алматылық «Қайрат» сынға түсіп жатыр. Қазақстандық команда доп додасында барлығы 8 ойын өткізеді. Оның 4-еуі өз алаңында болса, 4-еуі сырт алаңға жоспарланған.
«СБ» ақпарат






