Сурет ашық дереккөзден
Футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 18-турында Қызылорданың «Қайсары» Қостанайда «Тобылды» жеңіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл кездесу белгіленген уақытынан кеш басталды. Қостанайда нөсер жаңбыр жауғаннан кейін төрешілер осындай шешім қабылдауға мәжбүр болды.
Қазір Конференция лигасында сынға түсіп жатқан «Тобыл» ойынға аралас құрамды шығарды. Тәжірибелі футболшылардың дені қосалқы құрамда қалды.
Кездесу басынан тартысты өрбіді. Нәтижесінде 12-минутта қызылордалық Өркен Махан қарсыластар қақпасынан саңылау тауып кетті. Алаң иелері одан кейін таразы басын теңестіруге ұмтылғанмен таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Екінші кезеңде «Тобылдың» қосалқы құрамда отырған тәжірибелі футболшылары жасыл алаңға шықты. Олардың тарапынан «Қайсар» қақпасы маңында жиі шабуыл ұйымдастырылды. Дегенмен қақпадан саңылау таба алмады. Есесіне қызылордалық клубтан Василий Совпель 71-минутта есепті үстемелей түсті.
Осылайша «Қайсар» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде жетінші орынға көтерілді.
Дәл қазір «Ақтөбе» мен «Қайрат» кездесуі өтіп жатыр. Әзірге бірінші кезеңнен кейін есеп – 2:2.
Аталған турда 5 тамызда «Каспий» «Ақсуды» 3:1 есебімен тізе бүктірсе, «Жетісу» мен «Қызылжар» 1:1, «Шахтер» мен «Атырау» 2:2 есебіне қанағат білдірді.
Аталған турдағы «Ордабасы» (Шымкент) мен «Мақтарал» (Түркістан облысы) кездесуін 27 қыркүйекте өткізу жоспарланып отыр.
Бұл турдағы «Астана» мен «Оқжетпес» (Ақмола облысы) белгісіз мерзімге кейінге қалдырылған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<